ТАЗАЛЫҚТЫ ӨЗІМІЗДЕН БАСТАУ КЕРЕК
Posted by: Қалмұрат
in Әлеумет
14/07/2021
85 Views
Қазіргі таңда шешімі күрделі мәселелердің бірі – өзіміз тұрып жатқан ауыл-аймақтар мен көлік көп жүретін көше бойларының тазалығы болып отыр. Турасын айтқанда оған көбінесе ауыл тұрғындарының өздері себепкер болып жатады. Олар өз күл-қоқыстарын ұқыптап тиісті орындарға қойып кетудің орнына, ешкім байқамаса арық-атыздардың ішіне тіпті кейде көше бойына тастап кетіп жатады, жүріп бара жатқан көліктен бос «баклашкалардың» құтыларын сыртқа лақтырып кетуде. Сондай жөнсіз қылықтардың салдарынан өздері мен туған туыстары зардап шегіп жатады. Сорақы тұсы ондай азаматтар өз қылықтарына өкініп түзелудің орнына мұны тазалық жұмыстармен айналысушы мекемелердің немесе қоғамдық негізде қоқыс тазалаумен айналысатын азаматтардың жұмысы деп санауда.
«Ауыл қазақтың алтын бесігі» екені белгілі. Сол алтын діңгегімізді таза ұстауымыз үшін барымызды салуымыз керек деп санаймын. Ол үшін алдымен тазалықпен айналысушы арнайы коммуналдық қызметтермен тиісті келісім-шарт түзулері керек. Сосын ол мекемелер қолжетімді бағамен тұрмыстық қалдықтарыңызды есіктеріңіздің алдынан немесе белгіленген орындардан арнайы көліктермен алып кетеді. Ең бастысы әрбір ауыл тұрғыны тазалыққа құмар болып, ондай жат әдеттерге шыдамсыздық танытып отыруы қажет.
Елді мекеннің тазалығы үшін әр тұрғын саналы түрде тазалық шараларын сақтаса, ауыл-аймақ көркейіп, көздеген нәтижеге қол жеткізер едік. Тазалықты ауадай қажетсініп-ақ тұрған ортаңыз болса, көзі ашық, көкірегі ояу замандастарымызды ұйымшылдықпен тазалыққа шақыру – азаматтық парызымыз деп білгеніміз жөн ғой. Ал сенің үйіңнің айналасының тазалығы қалай, ағайын?
Қанат ӘБДІРАХМАНОВ,
Аязхан Қалыбеков ауылдық округі әкімінің орынбасары.
Ауыл келбеті Бәрі де өзімізге байланысты Тазалық 2021-07-14