«БІРЛІК» МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ ҰЖЫМЫ ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТАРТУ ЖАСАДЫ
Posted by: Қалмұрат
in Қоғам
31/07/2021
107 Views
Бүгінде тізесі барды бүктіріп, басы барды идірген, әлемнің алпауыт елдерімен иық тіресе алатын деңгейге көтеріліп, өзінің тәуелсіз, бейбітсүйгіш ел екенін бабадан қалған нақылмен, ағадан қалған ақылмен мойындата білген Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толды.
Сан ғасырлар бойы ата-бабамыз сағынып, арман еткен азаттықтың ақ таңы атқалы елдегі ынтымақ пен ұлтаралық бірліктің, саяси тұрақтылық пен қоғамдық қауіпсіздіктің сақталуы жолында аз тер төгілмеді.
Осынау қасиетті де қастерлі бойтұмарымыздың 30 жылдық мерей тойы аясында Ш.Ділдәбеков ауылдық округіндегі «Бірлік» ауылдық мәдениет үйі ұжымының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» атты мерекелік концерт болып өтті.
Шараға Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек, аудан әкімдігі аппаратының басшысы Есенгелді Алданиязов пен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Омар Есенбеков, аудандық «Жетісай» мәдениет үйінің директоры Перизат Тәжібаева қатысты.
Мерекелік шара барысында «Бірлік» ауылдық мәдениет үйінің тарихы мен ұжым мүшелерінің атқарған жұмыстары, жеткен жетістіктері жайында арнайы әзірленген бейнеролик көрсетіліп, концерттік бағдарлама ұсынылды. Ауыл өнерпаздары бостандық пен ерлікті, татулық пен жетістіктерді дәріптейтін патриоттық әндерді шырқаса, мың бұралған бишілер тобы елімізді мекен еткен түрлі ұлттардың биін нақышына келтіріп орындады. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың маусым айында аталмыш ұжымның «Үгіт» қуыршақ театры ҚР Мәдениет және Спорт министрлігінің жанынан құрылған арнайы комиссияның шешімімен «Халық театры» атағын алса, алдағы уақытта балалар «Театр студиясы», «Хор», «Драма» және «Би» үйірмелерін «Халықтық» атаққа ұсыну жоспарланып отыр.
Айта кетейік, бүгінде «Бірлік» ауылдық мәдениет үйінде түрлі жанрлар бойынша жұмыс жасайтын 15 үйірмеге 173 бала қатысады.
«Рухы бір – қандас, жүрегі бір – жандас» дейді дана халқымыз. Атаның қанымен, ананың жасымен сан ғасырлар сағындырып жеткен егемендік тұсында елдігі бекем, ертеңі жарқын еңселі, тұғырлы ел болуды Алла бізге нәсіп етсін!
Баршаңызды қасиетті де қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға ынтымақ пен бірлік тілеймін! Шаңырақтарыңыздан иманды ұл, ибалы қыз өсіп, мәртебелеріңіз биік болсын! Шығармашылық шабыттарыңыз шарықтай берсін!»-дей отырып, Жетісай ауданының әкімі Мұрат Болатұлы «Бірлік» ауылдық мәдениет үйінің директоры Ботакөз Ділдәбековаға «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасын табыс етті.
Тәуелсіздік туын жыр етіп, жаңа дәуір лебімен замана келбетіне қарап бой түзеп, көріктеніп келе жатқан мәдениет үйінің ұжымы ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ауыл тұрғындарының және жастардың бос уақыттарын тиімді өткізулерін ұйымдастыру мақсатында жыл басынан бері 50-ге жуық мәдени іс-шара өткізген.
Бауыржан НАЙМАНОВ.
2021-07-31