ЕКПЕ АЛЫП, САҚТЫҚТЫ КҮШЕЙТЕЙІК!
Posted by: Қалмұрат
in Әлеумет
04/08/2021
28 Views
Мақтаарал аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшелерінің аудан тұрғындарына
ҮНДЕУІ
Құрметті мақтааралдықтар!
Қазіргі таңда біздің ауданда да өте қауіпті жұқпалы дерт – короновирусқа және пневманияға шалдыққандар қатары күн санап көбейіп келеді. Жансақтау бөлімінде тыныс алу аппаратының көмегімен хал үстінде жатқан науқастардың жағдайы бізді алаңдатып отыр. Ауруды елемей, оған жеңіл-желпі қарау, үйде өз бетінше емделу дертті асқындыра түсетінін ұмытпайық.
Короновирус пен «Дельта» штамы өте тез тарайтын, аса жұқпалы ауру екенін ескерейік. Бұл жұқпалы ауруды емдеудің жаңа хаттамасы енгізілген. Осыған сәйкес вирусқа қарсы дәрі-дәрмекті 12 күн ішінде қабылдау керек. Алайда, науқастар атанған талапты сақтамай 13-14 күннен соң ауруханаға келеді. Кеш тағайындалған ем өз нәтижесін бермейді. Ауру белгісі байқала салысымен шұғыл түрде дәрігер көмегіне жүгіну керек.
Ең бастысы – көпшілік жиналатын орындарға баруды мүлдем тоқтатайық! Тығылып тойға, барамыз. Тойхананың артқы есігінен кіріп, бір-бірімізбен құшақтасып амандасамыз. Базарға, дүкенге барамыз, адам толы көлікке мінеміз. Онда осы адамдардың бірі – короновируспен немесе пневманиямен сырқаттанған болса ауруды жұқтыру оп-оңай екенін неге ойламаймыз. Одан үйіңізге келіп отбасыңызға жұқтырсаңыз не болады?
Кімге керек біздің жанымыз? Бұл әрекеттермен кімді алдаймыз? COVID-19 -ға қарсы күресудің бірден-бір жолы – вакцина алу екенін түсінейік.
Екпеден қорқып, үрейленудің қажеті жоқ. Түрлі өсек, қауесеттерге сенбеңіздер. Екпені ең алдымен өзіңіздің қауіпсіздігіңіз үшін алыңыз. Сосын отбасыңыздағы, айналаңыздағы адамдардың денсаулығын ойлаңыз, бұл үшін Сіз де жауапты екеніңізді ұмытпаңыз. Вакцина өзіңізді және жақындарыңызды қорғауға, ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жұқпалы дертті ауыздықтау тек дәрігердің ғана міндеті емес. Бұл қатерлі сырқатпен көп болып жұмыла күрессек ғана құтыламыз.
Басты талап – вакцина алу, көшеге шықпау, көпшілік орындарға бармау, әлеуметтік қашыққа және карантин талаптарын мұқият сақтау, үнемі маска тағып жүру екенін ұмытпайық! Екпе салдырып, сақтық шараларын қатаң сақтайық!
С.ОҢҒАРОВ, Ш.БӘЙТЕНОВ, Ш.ҚҰРБАНБАЕВА,
М.ЕРДЕШОВ, Қ.ИРСАЕВ.
Короновирус Үндеу 2021-08-04