МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ МАҚТАЛЫ ӨҢІРДЕ
Posted by: Қалмұрат
in Экономика
23/08/2021
69 Views
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, «Nur Otan» партиясының Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі Фракциясының мүшесі Ержан Құдайберген Төлепұлы Жетісай ауданына жұмыс сапарымен келді.
Мәжіліс депутаты алдымен жиырмаға жуық жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отырған Қарақай ауылдық округіндегі «Медет Сүт» ЖШС болды. Алғашында өз қаржысы есебінен жұмысын бастаған аталмыш цех кейіннен «ОҢТҮСТІК» аймақтық-инвестициялық орталығынан 47 миллион теңге жеңілдетілген несие алған. Жалпы өндіріс қуаты тәулігіне 30 тоннадан 9 түрлі сүт өнімдерін өндіруге есептелгенімен қазіргі таңда 3-5 тоннадан аса алмай отыр. Оған себеп – шикізат тапшылығы. Мәжілісменді жұмыс барысымен таныстырған цех басшысы Ғалым Олжабаев алдағы уақытта өнім көлемін тәулігіне 25 тоннаға жеткізіп, ауданның ішкі сұранысын толықтай қамтамасыз етуді жоспарлап отырғандығын айтады.
Қарақайлық кәсіпкердің жұмысына жоғары баға берген мәжіліс депутаты Жылы су ауылдық округіне атбасын тіреді. Мұнда 40 гектар аумаққа орналасқан «ЕР-ТЕ АГРО» ЖШС жүзім алқабында болды. Бір түпке төртеуге дейін шақ байлап, әрқайсысы 3 келіден өнім беретін украиналық «Одесса» сортты жүзімінің тіл үйірер дәміне тамсанған депутат шаруашылықтың шығыны мен табысына қанықты. Көшетті жерсіңдіру, күтіп-баптау, өнімді өткізу, қолынан іс келетін жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселелерін кеңінен сөз етті.
Ауданға жасаған іс-сапары соңында Құдайберген Төлепұлы жергілікті шаруалармен кездесіп, ауыл шаруашылығы саласына қатысты мәселелерді тыңдады. Парламент қабырғасында аграрлы сектор мен кәсіпкерлік, әлеуметтік, медицина салаларын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырды. Сұрақтарына жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Бауыржан НАЙМАНОВ.
2021-08-23