АТА ЗАҢЫМ – АЗАТ ЕЛДІҢ АЙБАРЫ
Posted by: Қалмұрат
in Әлеумет, Құттықтау
26/08/2021
75 Views
Ұлан-ғайыр атырапты алып жатқан дархан даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғаған бабалар ұрпағына сарқылмастай қазына қалдырды. Ұрпағым бейбіт өмір сүрсін деп, тыныштықта құстар қалқып ұшсын деп, көк аспанда желбіретіп көк туын, қазағымның рухы биік болсын деп бабаларымыз арман еткен азаттықтың ақ таңы атты.
Дүрбелең замандарды бастан өткеріп, қазақ елі де армандаған тәуелсіздігіне қол жеткізді. Алайда ұлан-байтақ жер мен ұшан-теңіз байлықтың үстінде отырған аз ғана халықтың халі – анталаған топ қасқырдың арасында қалып қойған, тұсауын енді ғана кескен жас сәбиге ұқсайтын еді. Сол уақытта еліміздің егемендігін паш еткен айбынды Ата Заңымыз қабылданып, Ұлы дала төсіндегі тәуелсіз Қазақстанның өз көші басталған болатын. Бұл заң басқа заңдардан өзгеше еді. Ол үшін талай адам түнде ұйқысын, күндіз күлкісін қиып, көз майын тауысты. Халқымыздың сан ғасырлық салт-дәстүрі мен таным-түсінігін ескере отырып, әлем елдерінің тәжірибелерін де назардан тыс қалдырмай, халқымыздың игілігі мен жарқын келешегін ойлап қабылданған Ата Заңымыз – еліміздің ілгері жылжып, жаһандану заманына жұтылып кетпеуінде маңызды рөл атқарып келеді. Еліміздің тәуелсіздігін сақтап, әлемде өзіндік орнын иеленуі де – осы Ата Заңымыздың жемісі.
Тоқ етерін айтар болсақ, «Халқымыз – мемлекеттің ең басты байлығы болса, Конституциямыз – халқымыздың ең басты байлығы». Сол үшін Ата Заңымыздың қадірін біліп, еліміздің әр азаматы Ата Заңын жетік білсе, заң талаптарын сақтаса, еліміз тек биіктерден көрінері сөзсіз.
Е.ҚАЗЫБЕКОВ,
Мақтаарал ауданы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы.
2021-08-26