Жетісай ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен кеше, яғни, 2021 жылдың 27 тамыз күні аудан педагогтарының дәстүрлі Тамыз кеңесі болып өтті. Кеңеске Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен Адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты мектептердің басшылары қатысты.
Жиынды бөлім басшысы Тұрсын Мырзалиев ашып, 2020-2021 оқу жылындағы білім саласында атқарылған жұмыстар, ұстаздар мен оқушылардың жеткен жетістіктері жайында кеңінен баяндады. Арнайы бейнеролик көрсетілді.
Аудан бас ұстазының мәліметінше өткен оқу жылында аудандағы эпидахуалға байланысты аралас форматтағы оқытумен 15 031 оқушы қамтылса, 31 293 оқушы қашықтықтан білім алған.
2021 жылдың 26 мамыр – 19 маусым аралығында шектеу шаралары кезеңінде оқушылардың білімінде жіберілген олқылықтардың орнын толтыру мақсатында Жазғы мектептер жұмысы ұйымдастырылып, 11 457 оқушы қамтылған. Сонымен қатар, Жетісай ауданында білім саласын «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, бос жұмыс орындары туралы мәліметті jumys.sitcen.kz сайтына орналастыру жұмыстарын жандандыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, кадрларды қабылдауды электронды жүзеге асыру жұмыстарын жүргізу, бос жұмыс орындарын ашық түрде жариялау және balabaqsha.sitcen.kz мектепке дейінгі балаларды балабақшаға қабылдау және кезекке қою, 1-сынып оқушыларын қабылдау автоматты түрде жүргізіліп келеді.
Аудандағы мектептердің барлығы 100 пайыз кең жолақты интернет желісіне қосылып, Ұлттық білім беру қоры базасына аудан бойынша білім беру мекемесі тіркелген.
Білім сапасын жақсарту мақсатында аудандағы 1941 педагогтің біліктілігін арттырғанын айтқан Тұрсын Әзіретұлы оқушылардың бос уақыттарын тиімді пайдалану құқықтарын жүзеге асыру мақсатында мектептерде жұмыс жүргізіп отырған 723 спорттық, 200 қолөнер, 500 пәндік, 140 түрлі ақысыз үйірмелерге 60 мыңға жуық оқушының тұрақты түрде қатысып келе жатқандығын жеткізді.