МЕРЕКЕ АЯСЫНДАҒЫ МАРАПАТ
Posted by: Қалмұрат
in Билік
28/08/2021
52 Views
Ғасырлар тоғысында әлемдік өркениеттің шыңына ұмтылған Қазақстан халқы тарихи да тағдырлы шешім қабылдап, жасампаз жаңа дәуірге қадам басып, қарқынды дамып келеді. Ата Заң біздің бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Конституция мызғымас мемлекетіміздің алтын қазығы, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары, кемел келешегіміздің кепілі.
Айтулы мереке аясында аудан әкімдігінде салтанатты шара ұйымдастырылып, мерекелік марапаттаулар табыс етілді.
«Біз аз уақытта айбары асқан қуатты ұлтқа, дәулеті тасқан әлеуметті елге айналдық. Ортақ шаңырағымыздың шекарасын шегелеп, іргемізді мызғымастай етіп бекіттік. Тағдыр тоғыстырған, тарих табыстырған түрлі ұлт өкілдері Конституция қағидаттары төңірегіне топтасты. Еуразияның жүрегіне орналасқан Елордамыз әлемге руханияттың ірі орталығы, саясаттың іргелі ордасы ретінде танылды. Кез-келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат- Конституция. Осыдан 26 жыл бұрын, 30-тамызда Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басқан еді. Содан бері қарай тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата заң – мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды» деген аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтады.
Салтанатты құттықтаудан кейін елдің әдеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып, қажырлы еңбек етіп жүрген азаматтарды аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Сый-сияпат жасады.
Өркендеп дамуымыздың басты құжатына айналған, бүкіл халық болып қабылданған Ата Заңды құрметтеу, қастерлеуді міндетім әрі парызым деп білетін елжанды азаматтардың бүгінгі өнегелі істерін өскелең ұрпаққа үлгі етуді көздеген аталмыш шара елдегі эпидахуалға байланысты барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып өтті.
«Біз Ата Заңымызды құрметтеу арқылы Отанымызды, тарихымызды, құндылықтарымызды құрметтейміз және еліміздің дамуына, қоғамдық келісімге, бейбітшілік пен тыныштыққа қол жеткізе аламыз» дейді шараға қатысушылар.
Бауыржан НАЙМАНОВ.
2021-08-28