МАҚСАТ ИСАЕВ: «МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕР – ХАЛЫҚ СЕНІМ БІЛДІРГЕН ТҰЛҒА»
Posted by: Қалмұрат
in Билік
04/09/2021
37 Views
Түркістан облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Исаев Мақсат Шамансұрұлы Жетісай ауданына арнайы іссапармен келіп, жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілерімен семинар өткізді. Ондағы мақсат – Әдеп кодексі заңнамаларын сақтау және мемлекеттік қызметтің оң бейнесін қалыптастыру мақсатында пікір алмасу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың жаңалықтарымен бөлісіп, енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру болатын.
Семинар-кеңеске Жетісай ауданы әкімі аппаратының басшысы, аудан әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Есенкелді Алданиязов пен Асықата кенті мен Абай, Ынтымақ, Ш.Ділдәбеков пен Ж.Ералиев ауылдық округінің әкімдері, мемлекеттіе қызметкерлер, БАҚ өкілдері қатысты. Семинар барысында Мақсат Шамансұрұлы жергілікті атқарушы органдарда Әдеп кодексі талаптарының орындалуы барысы – мемлекеттік қызметкерлердің қоғамдағы беделін арттыру, қызмет барысындағы қарым-қатынас мәдениетін сақтау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы төзбеушілік мәдениетін қалыптасыру бағытында келелі әңгімелер айтылды.
Бүгінде облыста еңбек етіп жүрген 4 мыңнан астам мемлекеттік қызметкердің басым бөлігі телефонмен сөйлесуде, әлеуметтік желілерді қолдануда жиі қателіктер жіберетінін айтқан уәкіл кәсіпқой мемлекеттік қызмет корпусын қалыптастыра отырып, халық арасында беделін арттыру, тығыз байланыс орнату керектігін айтады.
«Мемлекеттік орган басшысы тұрақты түрде профилактикалық жұмыстарды жүргізіп отыруы керек. Мемлекеттік қызметкердің жұмыстан тыс уақыттарда да жүріп-тұруы сынға ұшырамауы керек. Өйткені, мемлекеттік қызмет – халық тарапынан артылып отырған үлкен сенім. Бұқараның билікке сенім артып отырғанының тағы бір айғағы ретінде биылғы жаңа жүйемен облысымызда 60 ауылдық округ әкімінің сайланғанын айта аламыз.
Сайлауда бюрократия мен трайбализмге жол берілмей, білімі мен біліктілігін көрсете білген 32 талапшыл, жаңашыл азаматтар мемлекеттік қызметке келіп, әкімдік лауазымға ие болды. Сонымен қатар, заңдылықтарды сақтау мақсатында әрбір әкім шығарған өкімдері мен шешімдеріне сараптама жүргізіп отырулары керек» деді Түркістан облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Мақсат Исаев.
Жиынды қорытындылаған Жетісай ауданы әкімі аппаратының басшысы Есенкелді Әшірханұлы Мақсат Шамансұрұлына ауданға арнайы ат басын бұрып, семинар-кеңес өткізгені үшін ауданның мемлекеттік қызметшілері атынан алғысын білдірді. Мұнан соң облыс әкімінің әдеп уәкілі мемлекеттік қызметкерлерді жеке қабылдап, сұрақтарына жауап берді, талап-тілектерін тыңдады.
Б.НАЙМАНОВ, Жетісай ауданы.
2021-09-04