ЖОЛДАУДЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСУЫ – БАСТЫ НАЗАРДА
Posted by: Қалмұрат
in Әлеумет
06/09/2021
30 Views
Жетісай ауданының әкімі Мұрат Болатұлының төрағалығымен 1 қыркүйек күнгі Үкімет отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауында берілген тапсырмалардың орындалуы мен міндеттерін, бағыттарын талқылауға арналған жиын болып өтті. Селекторлық форматта өткен жиынға аудан басшысы мен бөлім басшылары, қоғамдық ұйым мүшелері мен ұстаздар, жастар қатысып, Жолдауда айтылған әрбір тапсырма бойынша атқарылатын жұмыстардың барысы мен жаңа жобаларын таныстырды.
Сонымен қатар, Жолдауда басымдық берілген 5 жаңа бастамадағы келер жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақының 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге дейін ұлғаятындығы, өз қызметкерлерінің жалақысын арттыруға бизнесті ынталандыру үшін реттелетін сатып алулар мен мемлекеттік қолдау шеңберінде «ұтымды» шаралардың әзірленетіндігі, еңбекақы төлеу қорына жүктемені 2023 жылдан бастап 34 пайыздан 25 пайызға дейін төмендетуді көздейтін микро және шағын бизнес үшін еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлемдердің енгізілетіндігі, жекелеген азаматтық қызметкерлердің жалақысының 2022 жылдан 2025 жылға дейін жыл сайын 20 пайызға артатындығы, зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерінің шегінен асатын бөлігін тұрғын-үй сатып алу мақсатында «Отбасы банктің» есепшотына аударуларына мүмкіндік беру жетісайлықтар тарапынан қызу қолдау тауып отырғандығын айтқан аудан әкімі Мемлекет басшысының жолдауындағы әрбір тапсырмалардың орындалуы бойынша тиісті сала басшыларына нақты жұмыстар жүктеді.
«Жыл сайынғы Мемлекет басшысының Жолдауынан әр қазақстандық жақсы жаңалықтар, үлкен үміт күтетіні сөзсіз.
Президентіміздің қазақстандықтарға жолдаған биылғы Жолдауы жақсы жаңалықтармен толығып, жаңа мақсаттар мен міндеттер жүктеді.
Осы жолы Мемлекет басшысы білім мен медицина саласына, елдің экономикасы мен экологиясына айрықша мән берді. Жастарға қолжетімді сапалы білім беруіне, денсаулыққа, баспана, су мәселесіне, елдің бүгінгі тыныш-тіршілігіне аса көңіл бөлді.
Мемлекет басшысының Жолдауында жүктелген міндеттер кезең-кезеңімен орындалып, өз шешімін тапқан жағдайда елдің тұрмысы түзеліп, жағдайымыздың бұдан да жақсаратынына сеніміміз зор. Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаевтың халыққа жолдаған Жолдауы әрбірімізге үлкен міндет пен жауапкершілік жүктейтінін естен шығармайық, әріптестер» деді Мұрат Болатұлы.
Бауыржан НАЙМАНОВ, Жетісай ауданы.
2021-09-06