ДІН МЕН ДӘСТҮР БІРЛІГІ – ИНАБАТТЫ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ НЕГІЗІ
Posted by: Қалмұрат
in Қоғам, Маман кеңесі
18/09/2021
20 Views
Иманды, ибалы ұрпақ тәрбиелеу аға буынның басты борышы. Тәлім-тәрбие жүйесінің алға қойған нақтылы мақсаты болмаса жас ұрпақтың санасы сергелдеңге ұшырап, сандалып қалары анық. Ұлттық болмыс – жас ұрпаққа берілетін тәлім-тәрбие негізінде қалыптасады. Қазіргі ғылым мен техниканың дамыған шағында әрбір ата-ананы ойландыратын да осы ұрпақ тәрбиесі.
Соңғы кездері дінге бет бұрушы бұқараның қатары артты. Әсіресе, Алланы ауызынан тастамайтын иман жүзді жастарымыз мешіттерге келуін жиілетті. Көңіл қуантады. Дегенмен, өз жолынан жаңылысып, жөнін таппай жүргендер де жетерлік. Жалпақ жұртты Исламнан жерітіп, жамандыққа жақындата түсетін жын-жыбыр ағымдар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті.
Заңды тұрғыда тіркелгенімен тірліктерін террорлықпен түйіндейтін миссионерлік ұйымдар қанатын кеңге қалай жаюда? «Ақиқат жолын жалындатамыз» деп жастарымызды жарты жолдан қағытып жүрген секталардың алдын алу мақсатында ауданда арнайы құрылған жұмысшы топ өкілдері Жетісай ауданының Адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты жалпы орта мектептердің жоғарғы сынып оқушыларымен «Зайырлы қоғам – мемлекет дамуының кепілі» тақырыбында кездесулер өткізуде.
Көпұлтты Қазақстан тұрғындары арасындағы ынтымақ пен татулықты нығайту, діни экстремизмнің алдын алу, жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеуге бағытталған іс-шарада Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ теолог маманы Мақсат Салиходжаев қоғамның басты тірегі отбасы екендігін, шаңырақ шайқалса қоғамның құты қашатындығы секілді ұлттық, рухани және адамгершілік құндылықтарды, жүрегіндегі жылылықты әлсіретіп алып, аяқ асты еткен қай қоғамның да көп ұзамай бордай тозатындығын, жас ұрпақтың жүрегіне иман нұрын ұялатып, күш-қуатын байыта білу бүгінгі қоғамның алға қойған басты міндеттерінің бірі екендігін айтып, жақсы менен жаманның аражігін ажыратып айтты.
Қазіргі болып жатқан дәуір – идеологиялық күрес дәуірі, саяси тактикалар дәуірі. Сондықтан келешек өскелең ұрпақты осы бір «мылтықсыз майданнан» аман сақтап қалу үшін жастарымыздың санасын улап, айрандай ұйып отырған халықтың арасына іріткі салатын «дінбұзарлардың» алдын алу ел болып бірігіп шешетін күрделі мәселеде Жетісай ауданында атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Жауапты сала мамандарымен іс-шаралар жоспары да бекітілген. Өйткені, еліміздің болашағын бүгін ойламасақ ертең кеш болуы мүмкін.
Бауыржан НАЙМАНОВ, Жетісай ауданы.
2021-09-18