ТАҒЛЫМДЫ ШАРАЛАР ӨТЕДІ
Posted by: Қалмұрат
in Әлеумет
20/09/2021
28 Views
Қарағандыда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Қазақ күнтізбесіндегі айшықты дата Қазақ хандығының қалыпқа келтірілгеніне 180 жыл толу құрметіне орай тағылымы мол шаралар өтеді.
Қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіру жайлы сөз болғанда алмағайып күрделі кезеңде Тәуелсіздік үшін күресіп,қазақ деген көшпелі жұрттың туын жықпай, саналы ғұмырын ат үстінде өткізген ұлт қайраткерлері – Кенесары хан, Әлімхан Ермек, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Мұстафа Шоқай, Мұхаметжан Тынышпаев және басқа да ұлыларымыз еске түседі. Олардың бірі қазақтың батырлар институтына тән күрескерлік жолды таңдаса, енді бірі саяси, дипломатиялық жолмен қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіруге үлес қосты. Ұлт қайраткерлерінің бұл еңбектері зая кеткен жоқ. 1841 жылдың қыркүйегінде барша қазақ рулары Кенесары Қасымұлын ақ киізге көтеріп, хан сайлады. Осы арқылы қазақ халқының мемлекеттілігі Абылай хан қайтыс болғаннан кейін 60 жыл өткен соң қайта жаңғырды. 2021 жылдың қыркүйегінде осы тарихи мәні терең оқиғаға 180 жыл толады.
Жалпы алғанда Қазақ мемлекеттілігін жаңғырту жолында қазақ шекарасын белгілеуге қатысқан Ә.Ермектің,
1917 жылы құрылған Алашорда үкіметінің басшысы болған Әлихан Бөкейханның, 1917 жылы құрылған Түркістан автономиясының бастауында тұрған Мұхаммеджан Тынышпай және Мұстафа Шоқайдың еңбектері зор.
Бұл тарихи күнді келер ұрпаққа насихаттау мақсатында Қазақ күнтізбесіндегі 15 қыркүйек Қазақ мемлекеттілігі қалпына келтірілген күн болып белгіленді. Осы айтулы датаны атап өту мақсатында қалалық Әнет баба мешітінде ұлт Тәуелсіздігі үшін күрескен тұлғаларға арнап құран оқылды. Ұйымдастырушы Н.Сұршаұлының сөзінше мұндай тарихи даталарды ұлықтау, әрі оларды жас ұрпаққа насихаттау жастар тарапынан ұлттық тарихқа деген қызығушылықты оятады. Сондай-ақ аталған шараға қоғамдық негізде құрылған ұлттық жобаларды қаржыландыруды мақсат тұтатын «Қазақ жігіттері және Қазақ қыздары» меценаттар клубы қолдау білдірді.
Айта кету керек, «Қазақ халқының мұрасы-Мәңгілік ел» кітаптар сериясы жобасы аясында жұртшылыққа бұған дейін Тәуелсіздік лентасы, Жауынгерлік Даңқ лентасы мен Қазақ күнтізбесі сияқты бірегей жобалар ұсынылған болатын. 15 қыркүйектен бастау алған шаралар айдың аяғына дейін жалғасады деп жоспарлануда.
Ж.НАР.
2021-09-20