ОКРУГ ӘКІМІ ҚАРТТАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ
Posted by: Қалмұрат
in Әлеумет
28/09/2021
28 Views
1990-жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының қаулысымен «1 қазан – Халықаралық қарттар күні» болып жарияланды. Бұл мереке ұрпақтың қоғам өміріне қосқан үлесіне шынайы ризашылық білдіретін және ардагерлерге қамқорлық көрсететін ерекше күн.
Аталмыш мерекені Жетісай ауданы, Ж.Ералиев ауылдық округінің тұрғындары да қуанышпен жоғары деңгейде атап өтті. Округ әкімі Сұлтанбек Қасымовтың бастамасымен округ қарияларына дастархан жайылып, сый-құрмет көрсетілді. Өмірден өткен жандардың әруақтарына арналып ас беріліп, құран аяттары бағышталды. Елдің ынтымағы мен бірлігін сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген ел ағаларына аудан әкімі Мұрат Болатұлының, округ әкімі Сұлтанбек Қасымовтың және аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының мерекелік алғыс хаттары табысталды.
Салтанатты іс-шара барысында ауыл ақсақалдары Мырзашөл даласының кешегісі мен бүгінгісін, тәуелсіз Қазақстан елінің қол жеткізген жетістіктерін айтып, осынау бейбіт заманның негізін қалаған Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевқа, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа өз алғыстарын білдірді. Сонымен қатар, мерекелік дастархан басында аға буын өкілдері өскелең ұрпаққа жақсы менен жаманның аражігін ажырататын өсиетті ақыл-кеңестерін берді. Елдегі ұлтаралық татулық пен саяси тұрақтылықтың сақталуын, қайғысыз күннің түгемеуін тіледі.
«Бүгінгі жас – ертеңгі елдің сенім артқан болашағы. Біз жастарымызға қандай өнеге көрсетіп, қандай тәрбие берсек еліміздің болашағы солай қалыптасады. Сондықтан, ұрпақ тәрбиесінде «сенікі, менікі» деген түсінік болмауы керек. Ол – баршамызға ортақ міндет» дейді қазыналы қарттар.
Бар жастық жігері мен күш-қайратын елінің ертеңіне арнап, аянбай еңбек еткен қарттарымыздың төл мерекелерін жоғары деңгейде атап өтуде Арай ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары да өз үлестерін қосып күмбірлете күй төкті, әсем әннен шашу шашты.
Қариясы бар ел – қазыналы ел. Аталмыш шараның жоғары деңгейде аталып өтуінде қазыналы қарттарымызды құрметтеп, қашан да болса ақыл-кеңестерінің құндылығын қадірлей білетін демеушілер, өзге ұлт өкілдері бір-біріне құрмет көрсетіп, иықтарына ұлттық нақыштағы шапан жапты.
«Қай заманда, қай қоғамда болмасын қарияның аты қария, орыны әрқашан да төрде болмақ. Елдің ынтымағы мен бірлігін сақтап, берекесін асыруда, ұрпақ тәрбиесінде қарттарымыздың рөлі үлкен. Біздің ол кісілерден үйренеріміз әлі көп» дейді Ж.Ералиев ауылдық округінің әкімі Сұлтанбек Қасымов.
Бауыржан НАЙМАНОВ, Жетісай ауданы.
2021-09-28