Жетісай ауданы, Ш.Ділдәбеков ауылдық округіндгі Қ.Дәрімбаев атындағы жалпы орта мектебінің акт залында Қазақстанның белгілі жазушысы, қаламгер-журналист, мәдениет саласының үздігі Еркінбай Әкімқұловтың 84 жасқа толуына арналған әдеби-сазды кеш болып өтті. «Жанарым, жарық дүнием» атты бұл әдеби кешке жазушының ұрпақтары атынан, қадірлі қонақтар ретінде Ж.Ералиев ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ғалымжан Бегжанов пен білікті ұстаз Бақытжан Бегжанов арнайы шақырылды.
Салтанатты жиынды осы мектептің директоры Халима Ташболатовна ашып беріп, атақты жазушының өмірбаяны мен шығармашылық қызметіне қысқаша тоқталып өтті. Содан кейін сөзге шыққан мектеп директорының орынбасары Гүлнара Дәулетбаева мен педагогтар – Бақытжан Бегжанов пен Гүлмира Керимбековалар жас буын өкілдеріне, бүгінгі кештің өскелең ұрпаққа берер бай рухани маңызы туралы жан-жақты айтып берді. Сондай-ақ, іс-шара барысында оқушыларға атақты жазушының өмірбаянынан сыр шертетін шағын бейнеролик те көрсетілді.
Әдеби шараның концерттік бөлімінде көрермендерге арнап Шолпан Ашенованың жетекшілігімен бір топ оқушылар, ақынның – «Туған жер», «Қазақ қызы», «Алдағы армандай…», «Күте бер, дархан дала, көрімдікті», «Асыл жан», «Гүлнарға», «Өзенге өзің айналып», «Махаббат өзгермеген уыз қалпы», «Ақ жеңешем», «Түркістанның түлегімін», «Туған жерім-түстігім», «Тірілген қазақ», «Ал енді…», «Ауырма, Аяулым», «Сағынып сені жүремін», «Света қыз», «Жатса шіреніп», «Қарындастар, қарындастар», «Қолыңа қонды бақ құсың», «Асылжар», «Ауызашар», «Атамның батасы» – әндерін нақышына келтіре орындап берді.