САПАСЫЗ ЖҮРГІЗІЛГЕН САУАЛНАМАЛАР УНИВЕРСИТЕТТЕРДІҢ БЕДЕЛІНЕ НҰҚСАН КЕЛТІРЕДІ
Posted by: Қалмұрат
in Әлеумет
07/10/2021
23 Views
Сапасыз жүргізілген сауалнамалардың нәтижелері жоғары оқу орындарының беделіне нұқсан келтіреді. Бұл туралы Қарағанды медицина университетінің ректоры Анар Тұрмұхамбетова Академиялық адалдық лигасының жалпы жиналысында мәлімдеді.
М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университетінде Академиялық адалдық лигасының Жалпы жиналысы өтті. Жиынға қатысушылар университеттердің сессия нәтижелері мен аталған қауымдастықтың еліміздегі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласының дамуында атқаратын рөлін талқылады.
Кездесу барысында Қарағанды медицина университетінің ректоры Анар Тұрмұхамбетова түрлі ұйымдар жүргізетін сауалнамалар негізінде жасалып жатқан ЖОО-лардың рейтингтері сапасыз екенін айтты.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шараларды жүзеге асыратыноргандармен және «Жас Отан», «Қазақстан студенттерінің Альянсы» сияқты қоғамдық ұйымдармен байланысымызға қатысты айтар болсақ, біздің ойымызша, олардың кәсіби деңгейі төмен. Біз осы бағыт бойынша бірге жұмыс істегіміз келеді. Сапасыз сауалнамалардың нәтижелері жоғары оқу орындарының беделіне нұқсан келтіруі мүмкін», – деді Лига мүшесі.
Оған жауап ретінде Лига Кеңесінің төрағасы Ерболат Мұхамеджан қауымдастық бұл сауалнамалардың нәтижелерін мойындамайтынын, қазіргі уақытта объективті деп санауға болатын жалғыз рейтинг –«Атамекен» ҚР ҰКП Білім беру бағдарламаларының рейтингі екенін мәлімдеді.
«Мемлекеттің тапсырысымен жасалатын жалғыз объективті рейтинг бар. Ол – «Атамекен» ҚР ҰКП Білім беру бағдарламаларының рейтингі. Ең бастысы, ол жоғары рейтингтік позицияларды алуға мүдделі ЖОО-лардың тапсырысымен жасалмайды. Осыны ғана ұлттық рейтинг деп атауға болады және Лига мүшелері қазіргі уақытта тек осы рейтингті ғана мойындайды», – деді ол.
Бұған дейін сапасыз рейтингтер мен оларға қатысатын жоғары оқу орындары туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пікірін білдірген.
«Қандай да бір газеттің нөмірін ашсаң, әсіресе қабылдаудың алдында, ұлттық рейтинг туралы оқисың. Газеттің басқа нөмірін ашсаң, ол жақта тағы да басқа ұлттық рейтигті көресің. Бұл адамдарды шатастыратыны сөзсіз. Әрқайсысы өзін ұлттық рейтинг деп атайды. Кейде сапасыз білім беретін университет қандай да бір бағыт бойынша үшінші орында екенін айтып, жар салады. Кейін оған тек үш университеттің қатысқаны анықталады. Шындығында, олар үшінші орында емес, соңғы орында», – деді министр.
Академиялық адалдық лигасының баспасөз қызметі.
2021-10-07