Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбектің тапсырмасына сәйкес тұрғындарды сапалы таза ауыз сумен қамтамасыз ету ісі кеңінен қолға алынып отыр. Ауданға қарасты қала, кент, ауылдық округ елді мекендеріндегі ескі су жүйелері жаңартылып, тозығы жеткендері толығымен ауыстырылуда. Ауыз судың сапасын арттыру мақсатында «Абай топтасқан су жүйесі» іске қосылатын болады.
Осы мақсатта жылына 3343,480 мың текше метр ауыз су тұтынатын Жетісай қаласы тұрғындары үшін 189,665 шақырым ауыз су құбырлары жаңадан тартылуда.
2020 жылы «ҚазНурПроект» ЖШС тарапынан жүргізілген жобалау-сараптамалық жұмыстары оң нәтиже беріп, биылғы жылға республикалық бюджеттен 690 млн теңге қаржы қарастырылған.
Жалпы құны 3 109, 243 млн теңгені құрайтын жобаның құрылыс жұмыстарын «СтройЖолСервис» ЖШС 14 айда аяқтауды жоспарлап отыр. Мердігер компания өкілі Нұрлан Есқұловтың айтуынша жоба аясында жетісайлық тұтынушылар үшін жаздыкүні кездесетін ауыз су тапшылығын түбегейлі шешу мақсатында сыйымдылығы 2600 текше метр болатын 2 резервуар салынып, сапаны арттыру мақсатында полиэтиленді құбырлардан су өткізгіштер жүргізілуде. Тұтынушылардың есептік қуаттылығы ескеріліп КТПН 250-10/0,4 кВ трансформаторлық қосалқы станса мен 2 су көтергіш стансасы да іске қосылмақ.
«Қазіргі таңда құрылыс нысандарында 6 бригада жұмыс жасап жатыр. Олардың тең жартысы қолынан іс келетін жергілікті тұрғындардан жасақталған. Жетісайлық азаматтармен бірге істесуіміз бірінші кезекте атқарылып отырған жұмыстардың сапасын арттыруға, қатаң бақылауға алуға үлкен септігін тигізеді. Біз үшін жұмыстың сапасы бірінші кезекте» дейді учаске бастығы Нұрлан Есқұлов.
Сала мамандарының мәліметіне сүйенсек бүгінде Жетісай қаласындағы 27 748 тұрғынды «Жетісай су» мекемесі ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. Қаланың ауыз су жүйелеріндегі 9 ұңғыманың 7-і, сыйымдылығы 1000 текше метрлік 1 дана резервуары мен 3 дана су мұнарасы жұмыс істеп тұр. Ал, жалпы аудандағы 113 елді мекеннің бүгінде 103-і орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтылып, оның 75-не 24 сағат ауыз су беріледі. Санитарлық аймақтарында 83 ұңғыма істеп тұр.
«Жетісай қаласында 189 шақырым ауыз су құбырлары жаңадан тартылып, 2023 жылы қала тұрғындары түгелімен «Абай» топтасқан су жүйесімен қамтылатын болады. Сол кезде жетісайлықтар су тасымалы мен жазды күні ауыз судың тапшылығынан толықтай құтылатын болады. Бұл жұмыстардың бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуі аудан әкімі Мұрат Болатұлының тікелей бақылауында» дейді аудандық тұрғын үй, коммуналды шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Берік Мамбетов.
Сонымен қатар, биылғы жылы аудандағы елді мекендердің ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті қазынадан 109 млн 921 мың теңге, облыстық бюджеттен Мақталы ауылдық округінің Мақталы елді мекенінің ауыз су жүйелерінің құрылысына 312 млн 205 мың теңге, Жетісай топтасқан су өткізгішіне қосылған Жылы су ауылдық округінің Жылы су, Мырзашоқы, Байқоныс, Баққоныс және Әл-Фараби елді мекендері су жүйелерінің құрылысы нысандарына республикалық бюджеттен 156 млн теңге қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Бауыржан НАЙМАНОВ,
Жетісай ауданы.