ПРОБАЦИЯ ҚЫЗМЕТІ
Posted by: Қалмұрат
in Қоғам, Қылмыс пен жаза
14/10/2021
52 Views
Шымкент қаласы, Еңбекші ауданында шартты түрде сотталғандарды бақылауға алып, әлеуметтік-құқықтық, психологиялық көмек көрсетіп, кәсіби білім беруге, жұмыспен қамтуға септесетін пробация қызметі жұмыс істейді. Шартты түрде бас бостандығынан айырылған жандар мемлекеттің қамқорлығына алынса да, сынақ мерзімі аяқталмайынша, пробация қызметінің жіті назарында.
Бүгінде Еңбекші аудандық пробация қызметі бөлімінің есебінде 406 адам тіркелген. Сынау және байқауды мақсат еткен пробация қызметі сотталушының сот міндеттеген шарттарды толық орындалуын қадағалайды. Сондай-ақ, қажетті білім меңгеруіне, тегін медициналық тексерістен өтуіне, жұмысқа орналасуына мүмкіндік сыйлап, қоғамда бейімделуіне септеседі. Шартты түрде бас бостандығынан айырылған азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету пробация қызметіне кіреді. Ал, олар пробация қызметіне айына 2-рет, тұрғылықты мекен-жайы бойынша учаскелік пунктіне айына 1-рет барып тұруы міндетті.
Бұл профилактикалық іс-шаралар өте маңызды. Егер, шартты түрде сотталушы өз міндетін орындамай, пробация қызметіне уақытында келмесе, оның себептері сұралады. Сырқаттанып қалса, дәрігерден анықтама, басқа себеп болса, түсініктеме әкеленуі тиіс. Бұндай жағдай орын алса, сотталушыға ескерту жарияланады, тағы қайталанса, құжаттары сотқа жіберіледі. Оларға кафе, ойын-сауық орталықтарына баруға тыйым салынған. Түнгі сағат 22:00-ден таңғы сағат 6:00-ға дейін үйінен шығуға болмайды.
Қ.ҚОЙБАҚОВ,
Шымкент қалалық №1пробация қызметі бөлімінің аға инспекторы, әділет капитаны.
2021-10-14