СҮНДЕТ КЕНЖЕБАЕВ: «ТҰРҒЫНДАР АЙТҚАН ӨТІНІШТЕР АЯҚСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ»
Posted by: Қалмұрат
in Әлеумет
18/10/2021
40 Views
Мақтаарал ауданының Ж.Нұрлыбаев ауылдық округінде аудандық мәслихат депутаттары Сүндет Кенжебаев пен Мұхтар Әжіқабылов жергілікті тұрғындармен кездесті. Округ әкімі Нұрғали Ешлібаев төрағалық еткен жиында округке қарасты елді мекендердің тазалығы, қызыл сызықтардың сақталуы, ауыз су мен ағын су мен елді мекендердегі ескірген электр бағаналарын ауыстыру, тұрғындар есебінен орнатылған бағаналарды мемлекеттік меншікке өткізу туралы мәселелер көтерілді. Ұсыныстарын тыңдап, шешілу жолдарын талқылады.
Округке қарасты 6 елді мекеннің 5-інде тазалық жұмыстарын жүргізетін “АКО” ЖШС өкілдерінің айтуынша тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары қаншалықты жиі жүргізілгенімен қоқыс тасымалына ақы төлеуге келгенде немқұрайлылық танытатын кейбір тұрғындар мердігер мекемемен қызмет көрсету келісім-шартын да толық жасамаған. Округтегі мұндай олқылықтарды жүйелендіру үшін жауапкершілікті арттырып, тазалық шараларына қатысты арнайы ынталандыру байқауларын ұйымдастыру керектігі ұсынылды.
Жиын барысында округ әкімі Нұрғали Елшібаев елді мекендердегі қызыл сызықты сақтамай, салынған ғимараттардың бұзылатындығын, заңға мойынсұнғысы келмейтіндерді келесі жылдан бастап сотқа беретіндігін ескертті. Өйткені, алдағы 2 жылда елді мекендерді газдандыру жұмыстары басталатын болады.
«Елді мекендердегі ескірген бағаналарды ауыстыру, жарықтандыру және тұрғындар есебінен орнатылған көше жарықшамдарын мемлекеттік меншікке алу мәселелері бойынша жауапты мекемелерге арнайы хаттар жазылып, тиісті мамандармен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Елді мекендердегі ескі бағаналар міндетті түрде ауыстырылатын болады. Осы сәтті пайдаланып мен сіздерге тағы бір мәселені айтқым келеді – ақсақалына тоқтап, батасын алған халықтың ұрпағы ретінде біз ұрпағымыздың тәрбиесі мен болашағы үшін ауыл және көше билерінің, ақсақалдардың статусын көтеріп, елдегі ынтымақ пен бірліктің сақталуына пайдалануымыз керек. Өйткені, ауылды жерлердегі басты идеологтарымыз осы ақсақалдарымыз» деді жиында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы, аудандық мәслихат депутаты Сүндет Кенжебаев.
Сонымен қатар, округтің бас картасын қалпына келтіруге қолұшын созуды айьтқан ақсақалдардың уәжін қабыл алған Сүндет Қахраманұлы 3D форматында жасатып беруге уәде етті.
Келелі кездесу соңында алдағы атқарылар жұмыстарының барысын бағамдап, жоспарын талқылаған округ ақсақалдары жас әкім мен жас депутаттарға сәттілік тілеп, баталарын берісті. Елді ауызбіршілік пен ынтымаққа шақырысты.
Бауыржан НАЙМАНОВ,
Мақтаарал ауданы.
2021-10-18