ТАҒЫ БІР СПОРТ НЫСАНЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Posted by: Қалмұрат
in Sports, Әлеумет, Денсаулық, Спорт
28/10/2021
26 Views
Мақтаарал ауданы, Жамбыл ауылдық округінің орталығы Жалын ауылында кіші футболға арналған ойын алаңшасы пайдалануға берілді. Аталған спорт нысаны төртінші деңгейлі бюджеттің есебінен іске қосылып отыр. Бұған дейін осы окургтегі Жамбыл ауылында да дәл осындай спорт алаңы ел игілігіне берілген болатын.
Мемлекет басшысының Бес институттық реформасы аясындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98-қадамы шеңберінде аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу көзделгені белгілі.
2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жергілікті өзін өзі басқару бюджеті халық саны 2 мың адамнан асатын ауылдық округ деңгейінде, ал 2020 жылдан бастап барлық жерлерде мемлекеттік бюджеттің 4-ші деңгейі ретінде енгізілді.
Өткен жылы Жамбыл ауылдық округі салық жинауды артығымен орындады. Міне, мүлік, жер, көлік, орта және шағын бизнестен түскен салықтан округ әкімдігі 7,3 миллион теңге қаржы бөліп, ауыл балаларының спортпен айналысуына осындай керемет жағдай жасап отыр.
Шағын ойын алаңшасын салуға ауыл тұрғыны, жомарт жүректі Қажымұхан Коспаев өзінің тұрғын үй жер учаскесінен 0,1700 гектар жер бөліп беріп, Жамбыл ауылдық округі әкімі аппаратына рәсімделген болатын. Құрылыс жұмыстарын мердігер «Ivision Build » жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Кіші футбол алаңшасы жасанды газонмен қапталып, жан-жағы қоршалған. Спорт нысанының аумағына жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, жастардың түнгі уақытта да спортпен айналысуына жағдай жасалған.
Нысанның ресми ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова, ауылдық округтің әкімі Бақыт Махамбетов ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтап, нысанның лентасын қиды. Сондай-ақ, әнұранымыз шырқалып, жаңа стадионда ауыл балалары арасында алғашқы ойын өтті.
«Мұндай спорт алаңшасы үлкен қалалардың өзінде сирек кездеседі. Міне, мемлекет басшынысың арқасында төртінші деңгейлі бюджет құрылып, соның жемісін көріп отырсыздар. Әр ауыл әкімдігі салықтан түскен қаржыға осындай нысандарды салып, ауыл халқына үлкен жағдай жасайтын болады. Жаңа спорт нысанының арқасында жастарымыз бен балаларымыз футболмен шұғылданып, әлемге танымал спортшы болуларына тілектеспін!» – деді Алтын Күнтуқызы.
Айта кетейік, мұндай спорт нысандары ауданымызға қарасты 2 кент пен 9 ауылдық округтің барлығында іске қосылуда.
Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
2021-10-28