ЖЕРЛЕСІМІЗ БЕЙСЕНБАЙ СҮЛЕЙМЕНОВ АУДАН ЗИЯЛЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Posted by: Қалмұрат
in Қоғам, Руханият
28/10/2021
80 Views
Жетісай ауданының әкімі Мұрат Болатұлы аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында жазушы, публицист, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, жерлесіміз Бейсенбай Сүлейменовпен кездесті.
«Әдебиет Әлемі» баспасының директоры, Жетісай ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасы Журналистер және Жазышылар Одағының мүшесі Бейсенбай Жолдасбекұлымен өткен кездесуге аудан ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерінің үзеңгілес достары мен туған-туыстары қатысты.
Көпшілікке жазушының өмір белестері мен еңбек жолындағы жетістіктері таныстырылды. Ал, аудан басшысы Мұрат Болатұлы жазушыны мерейлі 70 жасымен құттықтап, қазақы салтпен иығына зерлі шапан жапты.
Сүлейменов Бейсенбай Жолдасбекұлы 1951жылы 27 қыркүйекте Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Ш.Ділдәбеков ауылдық округінде туылған. 1968 жылы «Мақталы» ауылдық округіндегі «А.П.Чехов» атындағы орта мектепті бітірген.
1973 жылы ҚазҰУ-нің журналистика факультетін тәмамдап, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің жолдамасымен жаңадан ашылған Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетінде еңбек жолын бастаған.
1975-1976 жылдары Түркістан облысы, Жетісай (бұрынғы Киров) ауданындағы «Шұғыла» газетінде әдебиет және мәдениет бөлімінің меңгерушісі, 1976-1989 жылдары республикалық «Ұлан» газетінде тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактор қызметтерін абыроймен атқарған. Бүкілодақтық пионер ұйымы республикалық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, Бюро мүшесі, Қазақстан Журналистер Одағының басқарма мүшесі ретінде ел өміріне кеңінен араласқан жерлесіміз Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі. Республикадағы жекеменшік баспагерлердің алғашқыларының бірі. Биылғы жылдың «Балалар әдебиеті жылы» атануына тікелей еңбек еткен балаларға арналған бірнеше кітаптардың авторы.
«Мен балалар жазушысы болғанымды, балаларға арнап әдеби кітаптар жазғанымды мақтан тұтатамын. Әлемдегі де, әдебиеттегі де, қоғамдағы да ең жақсы дүниелер балаларға арналуы керек. Менің еңбектерімді бағалап, осындай сый-құрмет көрсетіп отырғандарыңызға алғысым шексіз. Мен қай елде, қандай ортада жүрсем де туған жерімді мақтан етемін» деген қоғам қайраткері аудан әкімі Мұрат Болатұлына, халықаралық дәрежедегі төреші, үзеңгілес досы Бақыт Жаңбырбаевқа, аудандық әжелер алқасының төрайымы Айжамал Қоңырбаеваға шығармалар жинағын қолтаңбасымен тарту етті.
Кездесу соңында ағайын-туыстары мен аудан әкімдігі тарапынан Бейсенбай Жолдасбекұлына ат мінгізіп, құрмет көрсетті.
Айта кетейік, Бейсенбай Сүлейменов Оңтүстік Американың Перу, Эквадор республикаларына, Амазонка және Анд тауларына саяхат жасап, джунгли мен үндістер жайлы, олардың тыныс-тіршілігі мен тарихы жайында жазған, жер кіндігі эквадор сызығын 2 рет кесіп өткен алғашқы қазақ қаламгерлерінің бірі. Сонымен қатар, қоғам қайраткері Африка, Грекия, Мальта, Тунис, Испания, Канар аралдары, Гвинея-Бисау, Тынық және Атлант мұхиттары, Жерорта теңізінің таңғажайыптары жайлы да қалам тербеген.
Бауыржан НАЙМАНОВ,
Жетісай ауданы.
2021-10-28