БІРЛІГІ БЕКЕМ ЕЛ МЫҚТЫ
Posted by: Қалмұрат
in PRESS RELEASE, Қоғам
03/11/2021
47 Views
Жетісай ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында «Қ.А.Яссауи» атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры Кенжетаев Досай Тұрсынбайұлының төрағалығымен «Этносаясат жөнінде іс-шаралар өткізудің әдіс-тәсілдері» тақырыбында семинар болып өтті.
Басқосуға Түркістан облысы Қоғамдық Даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ Жетісай ауданы филиалының басшысы Құрманбек Рысмаханов пен Мақтаарал ауданы филиалының басшысы Данияр Мырзамұратов, Жетісай ауданындағы қала, кент, ауылдық округтері мен жоғары және арнаулы орта оқу орындарындағы жастармен жұмыс жүргізуші мамандар, аудандық «Қоғамдық келісім кеңесі» төрағасы Айтбай Махамбетов пен аудандық «Аналар кеңесі» төрайымының орынбасары Раушан Айтышева, этно-мәдени бірлестік жетекшілері қатысты.
Семинар ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бейбітшілік пен келісім саясатының жемісі болған Қазақстан Халқы Ассамблеясының жұмысы жайлы нақты түсініктемелер беріп, баяндама жасады.
Кезінде тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жерінде заң ешкімді ұлты мен этносына, жынысы мен материалдық ахуалына, діни сенімі мен көзқарасына қарап бөлмейтіндігіне тоқталған Досай Тұрсынбайұлы «Қазақ халқы қиын-қыстау заманда өзгелердің басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды» дегенді айтты.
Күрделі заманды иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматттарының бір-біріне деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында Жетісай ауданында атқарылып жатқан игі істердің барысы айтылып, еркін форматта пікір алмасты. Қойылған сұрақтарға нақты жауаптар берілді.
«Біз – ынтымағы жарасқан керемет халық мекендейтін ғажайып елміз. Татулық пен келісімнің қазақстандық тәжірибесі негізінде бізде болашағы біртұтас ұлт қалыптасуда. Сондықтан, біз Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына жоғары баға береміз. Қазақстан халқын мәңгілікке біріктіруге бағытталған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының, қазақстандық бірегейліктің негізгі арқауы – еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүруі үшін бар күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз» дейді Түркістан облысы Қоғамдық Даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ Жетісай аудандық филиалының басшысы Құрманбек Рысмаханов.
Бауыржан НАЙМАНОВ,
Жетісай ауданы.
2021-11-03