Deprecated: Function is_staging_site is deprecated since version 3.3.0! Use in_safe_mode instead. in /var/www/vhosts/sayipqiran.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6031
СЫРДЫҢ СУЫ СИРАҚТАН КЕЛСЕ, ҚАЙТПЕКПІЗ? - САЙЫПҚЫРАН.KZ Ақпаратты-сараптамалық порталы
Home » Ауыл шаруашылығы » СЫРДЫҢ СУЫ СИРАҚТАН КЕЛСЕ, ҚАЙТПЕКПІЗ?

СЫРДЫҢ СУЫ СИРАҚТАН КЕЛСЕ, ҚАЙТПЕКПІЗ?

«Сынып түссе бір бұта,
қабырғама қараймын».
         Жұмекен Нәжімеденов
 
         Түркістан қаласына сапарлап бара жатқанбыз. Сырдария өзенің кесіп өтетін күре жолмен көпір үстінен өте беріп төменге еріксіз көз тастағанбыз. Астапыралла!  Көр болғыр көзіміз не көрді дейсіз ғой: Ұлы өзеннің суы ұлтанында жатыр екен.  Ұялшақ қыздай сызылып ағып жатса да бір сәрі-ау,  тоқтап тұрған сияқты. Өзеннің өлімші күйін көріп өзегіміз өртенді, жағамызды ұстап жабырқап қалдық. 
          Сыр ананың аянышты халі жүрегімізді сыздатты.  Арнасынан асып, төгіліп тасып, жайраң қағып ағып жататын қайран Сыр адамзат баласының  қатыгездігінен көрген қорлыққа шыдай алмай,   бүк түсіп үн-түнсіз, қимылсыз жатып алғанға ұқсайды.  Дала төсін қақ жарып, өткел бермей ағып жататын алып өзен  бұл күнде  балақты түріп жіберіп  кешіп өте беретін жайдақ суға айналыпты. Ұлылардың тағдыры ұқсас келетіні бар.  Өзеннің тағдыры ақыл-ой алыбы  Толстойды еске түсіреді.  Екеуі де адамзатқа аянбай қызмет етіп,  ақыры соңында: бірі – арнасы босап, аңқасы кеуіп өлімші күйге түссе, екіншісі- өмірінің соңында үйден кетіп, қайдағы бір станцияда көз жұмады.  Бәрін басынан бастайық.
      Ежелден бері қолданылып келе жатқан Сырдария атауы  парсы тілінен енген.  Ежелдегі мұсылман жазбаларында өзен жұмақтағы төрт өзеннің бірінің атымен «Сейхун» деп те аталған.  ХХ ғасырға дейін  өзен Яксарт атауымен белгілі болған.  Қалай десек те өзен ұлы жаулаушы Ескендір Зұлқарнайынның көзін көріп, Ұлы Жібек жолының керуендерін солтүстікке қарай шығарып салып отырған.
      Орта Азиядағы ең ұзын өзеннің ағысы Қырғызстанның таулы аймақтарында қалыптасып, Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақстан аумағы арқылы 2212 км жерді басып өтіп Арал теңізіне құйылады.  Өткен ғасыр Сырдария өзеніне өлшеусі қасірет алып келіп, өлімші күйге түсірді.  Бүгінгі күнге дейін адамзаттың  әрекет –тіршілігіне бағдаршы болып келе жатқан бір таным-түсінік бар:  табиғаттың бермесін тартып алып, «пайдасызын»  жойып жіберіп отыру.  Адамдардың табиғатқа деген  қатыгездігі  мен ақылсыз әрекеті  аймақтың экологиялық жүйесінің тас-талқаның шығарды.  Шаруашылық  қажеттіліктер үшін  ағын суды шашып-төгіп, мақсатсыз жұмсап, ысырап еткендіктен бүгінде Сыр өзені сырқаты асқынған,  әл-қуаты қалмаған аяулы анадай сұлық түсіп жатыр.
      Сырдарияның бойында өткен ғасырдың  60-шы  жылдары Шардара су қоймасы салынды.  Бұл жобаның жемісін  жұрт азды-көпті жегендей болды.  Ал сорақылықтың ең үлкені  2011жылы  көктемгі су тасқынын тоқтату мақсатында салынған Көксарай су қоймасы болды. Оның ұзындығы 45 км, жалпы  көлемі 3 млрд текше метрді құрайды.  Бұл жоба – жаңа ғасырдағы елге қамқорлығынан гөрі жемқорлығы басым біреулердің оң жамбасына  келген  сәтсіз жоба болып шықты.  Өйткені оңтүстік тұрғындары Көксарайдан көк тиын пайда көрген жоқ.  Су қоймасын салуға жанталасқандар халықтың қамын емес, нанын жеп, қалтасын қампайтып қыруар пайдаға кеңелуді  көздеді.  Ашкөздер арманына жеткенімен, табиғаттың тепе-теңдігі бұзылып,  халықтың әл-ауқаты жақсара қойған жоқ.  Іс бітті, қу кеттінің кебін киіп қалдық. Біз әлі күнге  тәуелсіздіктің «балалық ауруларынан» арыла алмай келеміз:  ешкім ештенеге  жауап бермейді.
      Көксарай су қоймасының салынуы ақылсыз әрекеттің,  мақтаншақтық пен  өзбілермендіктің  нәтижесі екенін көрсетті. Айталық,  Сырдарияның жоғары сағасына жайғасқан  ала тақиялы ағайындар қазақтардың Көксарай су қоймасын көре алмай,  қызғаныштан іштері өртеніп, бір демде «Сардоба» су қоймасын салып тастады.  Ал, керек болса.  Бұл «сен айтсаң, мен де айтамын айым –қайым» дегенге келіңкірейді.  Өзбектер қасақана өз білгендерін істеді.  Олардың қолын қағатын құдірет қазақтарда қайдан болсын. «Сорласа өгіз сорлады, соқаның несі кетті» демекші,  суға таласып жанталасқан туысқан екі ел Сыр өзенінің сорын қайнатты.  Ұлы өзеннің  суын ұлтанға түсірді. Жаратушы адамға қоршаған ортаға иелік етуді тапсырған.   Ал біздің істеп отырғанымыз мынау. Тегін суды төгіп-шашып пайдалануды үйренген оңтүстік халқы енді жатпай-тұрмай ойланбаса болмас, сірә.
      Әйгілі жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың өз күнделігінде («Жас Алаш» газеті «Көрген-баққан»):  «Бір күні Фариза апам Оңғарсынова көшеде көріп қалып ұрысты. – Шаханов екеуін Аралды сиіп толтырайын деп жүрсіндер ме?», – деп жазғаны бар. Қазақтың адуынды ақын қызы біліп айтқан. «Аққудың көлге тамған көз жасындай» Арал теңізі  қолдан жасалған қиянаттан құрғап, құрдымға кеткен еді. Арал теңізін құтқарамыз  деп белсенділер өре түрекеліп, жер жүзіне жар салып, конференция, симпозиумдар өткізіп қор құрып шапқылап, шарқ ұрған болатын. «Арал тағдыры – адам тағдыры» деген ұран  үлкен қозғалыс туғызып, дүрбелең әкелген.  Тіпті Аралды экологиялық апаттан құтқару комитеті де құрылған.  Амал нешік, ниет дұрыс болғанымен, нәтиже нөл күйінде қалды. Қазір Аралды ауызға алып жатқан адамды көрмейсіз.  Енді дария суынан жандана бастаған теңізге тамшы су бұйырмаса,  жығылып жатқанға жұдырық жұмсағандай Арал біржолата  сор топыраққа көміліп қалатынына   күмән жоқ.
      Табиғатқа ғана тән бір қасиет: болмашы қателіктерінді елеусіз қалдырмастан,  лайықты жазасын көлденен тартып отырады.  Біз табиғат анаға аялы алақан, жүрек жылуын арнап, адамгершілік боршымызды өтеудің орнына бұзып, қиратып, өртеп, шашып –төгіп, ысырап етіп жатырмыз.  Табиғатқа жасалған азғантай қиянаттың өзі үлкен қасіретке айналады.  Ешкімге салмақ салмаған, ешкімнен ешқандай ауыр жұмыс талап етпеген қайран Сыр ананың суы сирақтан келсе, қайтпекпіз?
      Қазақ үкіметі ауыр артиллерия секілді. Оңайлықпен орнынан қозғала қоймайды. Қозғалған күнде де өте сылбыр, енжар, баяу, тасбақа жүрістен  таңбайды. Бұлай түңіліп отыруымыздың себебі, трансшекаралық Сырдария  өзенінің  тағдырына жүрдім-бардым қарамай, мәселені сағызша созбай, сиырқұйымшақтанып кетуіне жол бермей жедел түрде іске кірісіп кетсе жөн болар еді.  Бұл момын Мамин басқаратын үкімет оп-оңай шеше салатын мәселе емес. Дарияның жоғарғы сағасына жайғасқан елдермен төрт тарапқа да тиімды келіссөздер жүргізіп, қайткен күнде де Сыр ананы сақтап қалуымыз керек.  Сырдария суы төңірегінде  төрт елдің мүддесі тоғысып жатыр.  Ұлыбританияның ең атақты саясаткері  Уинстон Черчилль: «Ұлыбританияның мәңгілік досы да, мәңгілік жауы да жоқ, тек мәңгілік мүддесі бар», – дегеніндей,  көршілес мемлекеттерінің ешқайсысы да өз мүдделері үшін өліспей беріспейді.  Біз тәуелсіздік жылдары  биліктің мақтаншақтық идеологиясымен мұздай қаруланып  өзге елдерді құрметтеуге, марапаттауға, мақтауға, сыйлауға, төзімді болуға, ауызымыздағыны жырып беруге үйрендік.  Бірақ,  өзімізді  сыйлатуға қол жеткізе алмадық.  Әттең-ай, десеңізші. «Мен бұқтым-жаттым, Сен бұқтың-жаттың, Кім істемек қызмет?!», -деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай Сырдария өзенінің арнасын толтыруға қазақ билігі барынша күш салмаса  экономикалық та, әлеуметтік те, экологиялық та  апатқа ұшырайтыны анық.  Әсіресе, Түркістан, Қызылорда облыстары жергілікті тұрғындарды күштеп ұстайтын резерваттарға айналып кетпесін деп тілеңіз.
      «Зар заман»  ақындарының көрнекті өкілі, ұлы жырау Мұрат Мөңкеұлы: «Еділді тартып алғаны – Етекке қолды салғаны. Жайықты тартып алғаны – Жағаға қолды салғаны. Ойылды тартып алғаны – Ойдағысы болғаны», – деп отаршылдардың озбыр саясатынына  күйініп,  анасынан тірі айрылған баладай шыр-шыр етіп еңіреген екен.  Біз болсақ Ай аманда, бейбіт заманда, ешкіммен жаға жыртыспай, жау шаппай Сырдариядан көз жазып қалу қаупінен қорықпай отырғанымызды  ештемемен  ақтап алуға болмайды. Сырдың суы сирақтан келсе қайтпекпіз деген сұңғыла сұраққа жанталасып жауап  іздейтін уақыт жеткен сияқты.
Махамбет САПАРМҰРАТОВ,
Мақтаарал ауданының құрметті азаматы,
Жетісай ауданы,

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

МАМАНДЫҒЫМ – БОЛАШАҒЫМ

        ...

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕГІ ЖАСТАРҒА БЕРІЛГЕН МҮМКІНДІКТЕР

      Мемлекеттік ...

СЕРТ БЕРУ – ЖАУЫНГЕР ДӘСТҮРІ

        ...

2023 ЖЫЛҒЫ ҮЛГІДЕГІ, НОМИНАЛЫ 5 000 ТЕҢГЕЛІК БАНКНОТАЛАРДЫ АЙНАЛЫМҒА ШЫҒАРДЫ

        ...

ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ 28 МАУСЫМДА 2024 ЖЫЛҒЫ ҮЛГІДЕГІ ЖАҢА ДИЗАЙНМЕН НОМИНАЛЫ 10 000 ТЕҢГЕЛІК БАНКНОТАНЫ АЙНАЛЫМҒА ШЫҒАРДЫ

        ...

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДА ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР БАР

        ...

«JETISAI MARATHON – 2024» МАРАФОНЫНА МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҰРҒЫН ҚАТЫСТЫ

        ...

ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНДЫ

        ...

21 ЛЕТНЫЙ ТАЭКВОНДИСТ УЕХАЛ В США

Автор: НАЗИРА БУРХАНОВА,  журналист. ...

«МАҚТААРАЛ» КЕҢШАРЫНА – 100 ЖЫЛ!

Қазіргі Түркістан облысының Мақтаарал ...