Иманды, ибалы ұрпақ тәрбиелеу аға буынның басты борышы. Тәлім-тәрбие жүйесінің алға қойған нақтылы мақсаты болмаса жас ұрпақтың санасы сергелдеңге ұшырап, сандалып қалары анық. Ұлттық болмыс – жас ұрпаққа берілетін тәлім-тәрбие негізінде қалыптасады.
Осы және өзге де өзекті мәселелер бүгін Жетісай ауданының әкімі Қадырбек Мұрат Болатұлы мен Түркістан облысы орталық мешітінің бас имамы Қарақұлов Еркебұлан Ыбырайымұлының кездесуінде айтылды.
Қазіргі ғылым мен техниканың дамыған шағында әрбір ата-ананы ойландыратын мәселе – ұрпақ тәрбиесі. Соңғы кездері дінге бет бұрушы бұқараның қатары артып, Алланы ауызынан тастамайтын иман жүзді жастардың мешіттерге келуі көңіл қуантқанымен, өз жолынан жаңылып, жөнін таппай жүргендер де жетерлік. Жалпақ жұртты исламнан жерітіп, жамандыққа жақындата түсетін жын-жыбыр ағымдар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткені тағы бар. Міне, осындай ақиқат жолын жалындатамыз деп жалындаған жастарды жарты жолдан қағытып жүрген секталардың алдын алу мақсатында ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталған аудан басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақыттарда да жандандыра түсетіндігін жеткізді. Сонымен қатар, жиын барысында қос тарап елдегі ұлтаралық татулық пен дінаралық келісім, рухани және ұлттық тәрбие, діни оңалту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен рухани орталықтардың бас жоспарға сай салынуы жайында пікір алмасты.
Қоғамның басты тірегі саналатын отбасындығы адамгершілік құндылықтарды, жастардың жүрегіндегі жылылықты әлсіретіп алмау, иман нұрын ұялатып, күш-қуатын байыта білу мәселелерінде ұсыныстар айтылды.
Кездесу соңында облыс имамы Еркебұлан Қарақұлов аудан әкіміне Бас Мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының «Ихсан» кітабын тарту етті.
Бауыржан НАЙМАНОВ,
Жетісай ауданы.