ЖЕТІСАЙДА БОЛАШАҚ ЧЕМПИОНДАР ТӘРБИЕЛЕНІП ЖАТЫР
Posted by: Қалмұрат
in Sports, Білім саласы, Денсаулық, Қоғам, Спорт
20/11/2021
60 Views
Спорт – денсаулық кепілі. Бүгінде өскелең ұрпақтың денінің сау, ақыл-ойының жүйрік, заман талабына сай қабілетті болып өсулеріне мемлекет тарапынан түрлі қамқорлықтар мен мүмкіндіктер жасалуда.
Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жүзеге асыру мақсатында Жетісай ауданы әкімдігінің 2021 жылдың 29 сәуірдегі №399 қаулысымен «Жетісай спорт клубы» құрылған болатын.
Аудан тұрғындары мен жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту, жастар мен жасөспірімдердің бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында 2021 жылдың 1 мамырынан 2 қыркүйегіне дейін аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімімен бірге кіші футболдан және жағажай волейболынан Жетісай ауданының әуесқой лига ойындарын өткізіп, қатысқан 84 командада 1200-ге тарта спортшыны қамтыған болатын.
Енді міне, футбол ойынынан жоғарғы лига ойындарын өткізіп отыр. Лигада 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер, 18 жастан жоғарғы жастардың «А» лигасы мен «Б» лигасында, +35 жас ересектер арасындағы 64 командада мыңнан астам ойыншы қатысуда. Жеңімпаздарға республика чемпионатына қатысу мүмкіндіктері қарастырылып, арнайы жолдама беріледі.
Ашылғанына көп бола қоймаса да олимпиада ойындары бағдарламасына кірген 34 спорт түрімен 480 адам шұғылданатын «Жетісай спорт клубы» КММ жеткен жетістіктері де жоқ емес.
Клуб спортшылары Шардара қаласында волейболдан өткен облыстық ересектер арасындағы біріншілікте І және ІІІ орындарға ие болса, футболдан 2010-2011 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы ашық біріншілікте ІІІ орын, Арыс қаласында 2008-2009 жылы туылған жасөспірімдер арасында бокстан өткен Халықаралық турнирде Саян Қалдыбай ІІІ орын, Өзбекстан Республикасының Самарқанд қаласында қол добынан (гандбол) өткен қыздар арасындағы турнирде клуб командасы ІІІ орын, ал, 2008-2013 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы үшінші республикалық ашық турнирде бокстан жетісайлық жастар І, ІІ және ІІІ орындарды қанжығаларына байлап, жеңіс тұғырынан көрініп жүр.
Айта кетейік, аталмыш клубта бүгінде спорттың тоғызқұмалақ, шахмат (дойбы), бокс, баскетбол, волейбол, қол добы (гандбол), футбол, жеңіл атлетика және көркем гимнастика секілді түрлерінен 49 топ жасақталып, онда 674 адам жаттығу жасауда. Жаттығушылардың 632-сі жасөспірім спортшылар болса, 42-сі ересектер азаматтар, 72 қызбала бар. Талапқа сай жұмыс жүргізіп отырған 39 жаттықтырушының 13-і ауылдық жерлердегі нұсқаушылар. Клуб тарапынан жасақталған 49 топтың да 34-і ауылдық жерлерде ашылған.
Ашылған күннен бері 70-ке тарта түрлі деңгейлерде спорттық жарыстар өткізген клубтың тоғызқұмалақ пен шахмат (дойбы) түрлеріне мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кеңінен қамтылғанын ерекше айта кеткен жөн.
Дені сау ұрпақ қана – ел келешегінің сенімді тірегі. Әрбір азаматтың денсаулығына үлкен көңіл бөлініп, қыруар қаржы қарастырылып отырған таңда бұқаралық спортты дамыту мақсатында тынымсыз жұмыс жүргізіп отырған клуб мүшелерінің ішінен болашақ чемпиондардың шығатынына сенімдіміз.
Бауыржан НАЙМАНОВ,
Жетісай ауданы.
Жас спортшылар Жетісай спорт мектебі 2021-11-20
👍👍👍👍👍