Шардара ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығы аясында «Мен Тәуелсіздікті жырлаймын» атты аудандық жазба ақындардың мүшайрасы болып өтті.
Аталмыш шараға арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев аудан әкімінің мерекелік құттықтау хатымен таныстырып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Қыл қаламды жанына серік етіп, жалынды жырларымен жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп келе жатқан азаматтарға алғыс хаттар табыстады.
Өнер мен мәдениет саласын қастерлеп, ерекше қолдау көрсететін шаһар басшысы Ережеп Бекет те айтулы аламанға қатысушыларға өз атынан алғыс хаттарды табыстап, қала күніне арналған мерекелік төсбелгілерді тақты.
Жыр аламанына көптеген мүшәйралардың жеңімпаздары атанып жүрген аға буын азулы ақындармен қатар, ұшқыр қаламынан жырдың сұлу тамшылары төгілген ақиық ақындарымыздың жолын қуып, өнер әлемінде қалықтағысы келетін, келешегінен үміт күттіретін жас талантты жазба ақындар да қатысты.
Жаһұтты жырларын мерекеге тарту еткен 20-ға жуық ақындардың шама-шарқын, шабысын сынау мақсатында тәуелсіздік тақырыбында жазылған өлеңдерін қазылар алқасы саралап, жүзден жүйрігін анықтады. Қазылар алқасының іріктеуінен іркілмей өткен ақындардың өлең шумақтарынан азат елдің азаматына сай жалын, еліне, жеріне деген сүйіспеншілік лебі еседі. Бірі, тәуелсіздікті тарту еткен құрбандардың ерлігін жырласа, енді бірі өздерін бақытты елдің азаматтары екендігін өлеңдерімен өрнектеді.
«Мұндай мүшайралар ақындарға тың серпіліс, алға жетелер мақсат береді. Бүгінгі аламанға өзімнің Тәуелсіздік туралы өлеңімді алып келдім. Жас ақындардың іштен шықпай жатқан лебіздерін, сезімдерін осылай елге жеткізіп отыратын іс-шаралар көптеп қолға алынса екен деген тілегім бар. Мүшайралардан қалмай қатысып жүремін, бүгін Тәуелсіздік тақырыбында болғасын мерекеге өлең арнамау ақындық атымызға сын деп білемін» дейді шардаралық жас ақын Ақбота Өсербай.
Шағалалы ауданның аспанын жырға бөлеген осы бір аламанда ертеңгі күні қалың жұртшылыққа мәшһүр болатындай ақындар легінің төбе көрсететіндігіне көз жеткіздік.
Өйткені, қазақ поэзиясынан ойып тұрып өзіндік орын алған А.Құнанбаев пен М.Жұмабаевтың, олардың ізін басқан М.Мақатев пен Т.Айбергенов, Ф.Оңғарсынова мен А.Бақтыгерееваның салған сара жолын жалғастырғысы келетін жас ақындарсахна төріне көтеріліп, өлеңдерін оқығанда көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.
Сан ғасырлар бойы ата-бабамыз сарыла күткен Тәуелсіздік мерекесіне арналған мүшайраның қорытындысымен жүлдегер атанған ақындар мен қатысушылар ұйымдастырушылардың арнайы дипломдарымен, заттай сыйлықтарымен марапатталды.
Бауыржан НАЙМАНОВ
Шардара ауданы