Шардара ауданына қарасты 10 мыңға жуық тұрғыны бар Алатау батыр ауылдық округінің негізі 1971 жылы Целиный және Қазақстан күріш совхоздарының құрылуы арқылы қаланған. Кеңестік кезеңде күріш егуден Одаққа танылып, ВДНХ-ның бірнеше жүлделерін жеңіп алған.
Бүгінде аудандағы округтер арасында да жан-жақты көш бастап тұрған аталмыш округ Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген өзінің жарты ғасырлық мерей тойын жоғары деңгейде атап өтті.
Салтанатты мерей той аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен Шардара аудандық мәслихатының хатшысы Арман Қарсыбаевтың округ ақсақалдарымен бірге шырша егуімен басталды. Елге, жерге жақсы тілектер тілесіп, бата жасады.
Сонан соң округтің орталық алаңына тігілген ақшаңқа киіз үйлерді аралап, мерекелік дастарханнан дәм татты. Қазақы нақышта безендірілген үйлерге жоғары бағасын беріп, қолөнер көрмесін тамашалады. Алатау батырдың ескерткішіне ықылас гүлі себетін қойып, тағзым етті. Мерей тойдың негізгі бөлігі – мәдениет үйіндегі концертке қатысып, ізгі тілектерін жеткізді.
«Жарты ғасырлық тарихы бар Алатау батыр ауылдық округі бүгінде ауданда да көш басында. Осыдан 50 жыл бұрын негізі қаланып, елге адал еңбек етудің озық үлгісін көрсетіп кеткен ата-апаларымыздың өнегесін жалғастырып, адал еңбекпен еңсе тіктеп келе жатқан сіздердің де ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан сүбелі үлестеріңіз бар.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен қатар келген округтің жарты ғасырлық мерей тойы баршаңызға құтты болсын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға береке мен бірлік тілеймін! Ұрпақ тәрбиесі мен ұлтаралық татулықты сақтау бағытындағы еңбектеріңіз жана берсін!» деген аудан басшысы өңірдің дамуына үлес қосқан ел ағаларына өз атынан алғыс хаттар табыс етсе, аудандық мәслихат хатшысы Арман Романұлы бірнеше азаматқа «Ауданның Құрметті Азаматы» төсбелгісін тақты.
Кезінде күрішімен КСРО-ны мойындатқан округ дихандары бертін келе заман сұранысына сай күрішпен қатар мақта, көкөніс, мал азығы мен бақша дақылдарын егуді қолға алған. Биылдың өзінде шаруалар 20 мың га жері бар округтің 11 965 гектар суармалы жерінің 70% мақта, 20% күріш, 10% түрлі дақылдың тұқымын сепкен. Алажаздай еткен еңбек ақталып мақта өнімділігі орта есеппен гектарына 28 центнерді құраса, күріш 75 центнерден өнім берген. Осылайша ауданда өткен «Алтын күз» мерекесінде округтер арасында бірінші орынға көтерілген.
5 ұлттың өкілдері тату-тәтті тұратын округте 2 мектеп пен 5 балабақша бар. Халық өсімінің жыл сайынғы артуына байланысты елді мекен аумағын кеңейту, жаңа шағын аудандар ашу жұмыстары қолға алынған.
«Ауылға жақын маңнан 63 га жер қарастырып, инфрақұрылымдарын жүргізіп, кішігірім шағын аудан ашуды жоспарлап отырмыз келесі жылы. Жері анықталып, 16 млн теңгедей қаржысы бөлініп қойды. Биыл 1 млн теңгесі игерілді. Келесі жылдан бастап жұмыс қызатын болады. Халық күннен күнге өсіп жатыр. Бір жылда 125 бала туылады біздің ауылда. Өсім көрсеткіші де өте жоғары» дейді Алатау батыр ауылдық округінің әкімі Қалдыбай Қарабаев.
Мерекелік шарада ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан көп жылғы үлесі ескеріліп, ауданның «Құрметті азаматы» атанған Дүйсенбай Ілесовтың сөзінше өткен жылы 2300 га жоңышқалықтан 53 мың тонна мал азығы дайындалып, оның қажетті 25 мың тоннасын округ шаруалары өздеріне алып қалса, 28 мың тоннасын Арыс, Жетісай, Мақтаарал, Бәйдібек және Сайрам аудандарының шаруаларына сатқан.
Сонымен қатар, округтегі 1040 шаруа қожалығында 200-ден астам МТЗ-80 тракторы мен 114 дана мақта теретін комбайндары бар.
2014 жылы алғашқылардың бірі болып ауданда көгілдір отынды тұтынуды бастаған Алатау батыр ауылдық округіндегі 1 күріш зауыты мен 1 мақта зауытында, ПУИД бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан ирригациялық жөндеу жұмыстарында жергілікті жастар жұмыспен қамтылғандықтан қолы бостықтан көше кезіп жүргендер жоқ. Алдағы уақытта түрлі инвестициялар тарту арқылы мал бордақылау алаңшаларының санын арттырып, ет және мал азығы өнімдерін дайындау жұмыстарын жандандыру жоспарда бар.
Мерекелік шара соңы отандық және жергілікті эстрада жұлдыздарының мерекелік концертіне ұласып, Тәуелсіздік пен округ құрдастары, 50 және 30 жыл отандасқан округтегі үлгілі отбасылар марапатталып, сый-құрмет көрсетілді.
Бауыржан НАЙМАНОВ,
Шардара ауданы.