Түркістан облысының тарихи-мәдени, табиғаты ерекше жерлерін, тарихи тұлғаларын жұртшылыққа кеңінен таныстыру арқылы аудандағы туризм саласын дамыту мақсатында Шардара ауданында орналасқан «Ұзын Ата» мавзолейінің жанынан тарихи-танымдық музейі мен ескерткіш тақтайшасы ашылды. Музейдің ашылу салтанатына Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен «Ақ жол» парииясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Әлімхан Әбжанов, тарихшылар мен өлкетанушылар, ел ағалары мен зиялы қауым өкілдері арнайы қатысты.
Алдымен кесенені аралап көріп, қазіргі жағдайымен, жүргізілген жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Өткендердің рухына құран бағыштап, елдің тыныштығы мен ынтымағын тілеп, дұға жасасты. Мавзолей маңынан табылған тарихи құндылықтарды тамашалады.
Көне Қызылқұмның қойнауындағы Шардара өңiрiнде, сырлы да шерлi Сырдария өзенiнiң орта ағысының сол жағалауында бұл күндерде алыстан мұнартып, ескi дүние жәдiгерлiктерiнiң соңғы тұяғындай болып мен мұндалаған Ұзын Ата кесенесі Шардара ауданына қарасты Ұзын Ата ауылынан 8 шақырым қашықтықта орналасқан.
Ежелгі аңыз-әңгімелерге сүйенсек, Зеңгі Атадан бата алған Ұзын Атаның шын мәнiндегi аты – Асан Ата деседi. Атақонысы – осы Ұзын Ата – Тайпақ екен. Әр сөзi дуалы Асан қария Ақсақ Темiрдiң бас кеңесшiлерiнiң бiрi болған деген де аңыз бар. Атақты Әмір Темірдің бұйрығымен XIV ғасырдың соңында толықтай күйдірілген кірпіштен тұрғызылған мавзолей орта ғасыр ескерткіштерінің арасындағы бүтіндей сақталып қалған санаулы ғимараттардың бірі.
«Кейбір тарихи деректерде келтірілген мәліметтерге сүйенсек – Зеңгi Бабаға шәкiрт болған Ұзын Хасан Ата деген кiсi Ұзын Асан Ата екендiгi дау тудырмаса керек. Бұлай дейтiнiмiз – Хасан деген есiмнiң қазақша айтылуы Асан. Демек, Ұзын Асан Ата, яғни, Асан қайғы дәл осы Ұзын Ата болуы әбден мүмкін. Бұл киелі орынның ашылмай жатқан сыры әлі де аз емес» деген аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы тарихи құндылықтарды қастерлеп, әлемге таныту ісінде қолұшын созуға қашан да дайын екендігін жеткізді.
Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша алдағы уақытта мавзолей маңынан зиярат жасаушыларға арналған 500 орындық мешіт пен 50 орындық заманауи қонақ үй, автотұрақ пен асхана салу, ескерткіш мүсін мен құлпытастар орнату жұмыстары жүргізілетін болады. Аталмыш нысандардың құрылысына «Ұзын ата» қоры демеушілік жасап отыр.
Бауыржан НАЙМАНОВ
Шардара ауданы