Тұңғыш Президент күні қарсаңында Мақтаарал ауданында 4 мектеп пайдалануға берілді. Бүгін аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова, ауданның адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Мұратбек Серікбаевтар аталған мектептердің ашылу рәсіміне қатысып, лентасын қиды.
«Ел игілігіне беріліп жатқан Иіржар ауылдық округі Мақтажан ауылында орналасқан 200 орындық «Мақтажан» жалпы орта мектебі, Жаңажол ауылдық округі Арайлы ауылында орналасқан С.Датұлы атындағы жалпы орта мектебі, Ж.Нұрлыбаев ауылдық округі Қарақыр ауылында орналасқан 100 орындық А.Тұяқбаев атындағы жалпы орта мектептің ғимараты және Достық ауылдық округі Ж.Қалшораев ауылында орналасқан 200 орындық Қ.Әбдалиев атындағы жалпы орта мектебі – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына да зор тарту болып отыр» – деді Алтын Күнтуқызы.
Мектептерде физика, химия, информатика кабинеттері, мультимедиялық және лингафондық кабинеттер соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталып, оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ, спорт залдары, тігін шеберханалары, асханалары да заманауи үлгіде жабдықталған. Жаңа ғимараттардың арқасында ауыл оқушылары түрлі спорттық, өнер және қолөнер үйірмелеріне қатысып, өздерін қосымша дамыта алады.
Мектептің ішін аралап көрген аудан басшылары мен тұрғындар құрылыстың сапасына ден қойып, базалық-техникалық жабдықталуына жоғары баға берді. Мұндай заманауи ғимараттарда ұстаздар тек қана сапалы білім беріліп, оқушылар үлкен ынтамен білім алу керектігін ауданның бас ұстазы Мұратбек Серікбаев атап өтті.
Айта кетейік, биыл Мақтаарал ауданында 13 мектептің құрылысы жүрігізілді. Бүгін құрылысы жүрген мектептердің төртеуі пайдалануға берілсе, жылдың соңына дейін тағы 4 мектеп ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Ал, қалған 5 мектептің құрылысы келесі жылға өтпелі.
Мақтаарал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі