Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЛА-155/18 мекемесінде тергеу тұтқынындағы бауырына темекінің арасына жасырып, апиынтектес таблеткалар өткізбекші болған жігіт ұсталды.
Мұндай нашақорлар арасында сұранысқа ие таблетканы түрмедегі бауырына тасымалдаушы Мәлік деген жігіт болып шықты.
Мәліктің інісі осы жылдың қазан айында Қылмыстық кодекстің 106-бабы бойынша денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін тұтқындалған болатын. «Әдетте тергеу изоляторындағы туған-туыстары мен жақындарына тыйым салынған заттарды тасымалдаушылар түрлі әдісті қолданады. Етіктің ұлтанына тығып әкеледі, нанның арасына салады, конфеттің немесе шәйдің қорабына жасырады. Алайда, бақылаушылардың жіті тексеруі арқасында тыйым салынған заттар тұтқындарға жетпейтіні белгілі. Осы жолы да «LD” темекісінің арасына мұқият жасырған таблеткалар бақылаушылар назарынан тыс қалмады» -деп хабарлайды ҚАЖД баспасөз қызметі.
Түрмедегі інісіне деген «бауырмашылдығын» есірткі заттарын тасымалдаумен білдірген жігіттің өзі де енді жазадан тыс қалмайтын болды.
Гүлнәр МАҒЗҰМОВА.