Спорт – денсаулық кепілі. Дені сау адам – қоғамның мызғымас бөлігі. Адам денсаулығын нығайтып, салауатты өмір салтын дамытуда мемлекет басшысының өзі ерекше назар аударып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай аудандар мен елді мекендерде бұқаралық спортты дамытып, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында түрлі спорттық іс-шаралар өткізіліп жатыр. Аталмыш салаға қарастырылып жатқан қаржының көлемі де жыл санап артып келеді.
Жетісай ауданының орталығы Жетісай қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында полиция майоры Ахметов Сәлкен Сейітұлын еске алуға арналған ерлер арасында волейболдан ашық біріншілік болып өтті.
Жетісай аудандық ішкі істер бөлім мен аудандық волейбол федерациясының, «Жетісай спорт клубы» КММ ұйымдастыруымен өткен шараның ашылу салтанатына аудандық ішкі істер бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Сәкен Жайлыбаев пен ішкі істер органдарының ардагерлері, Сәлкен Сейітұлының қызметтестері мен ағайын-туыстары қатысты. Ерлер арасында ұйымдастырылған жарыста Жетісай және Мақтаарал аудандарынан жасақталған 12 құрама команда бақтарын сынасты.
«Сәлкен Ахметов – ішкі істер органында адал еңбек етіп, қазақ полициясының имиджін көтеруге үлкен үлес қосқан азамат. Көп жылдар бірге қызметтес болдық. Талай жерде адалдығы мен азаматтығының куәсі болғанмын. Соңғы демі біткенше елжандылық пен патриотизмнің озық үлгісін көрсетіп өткен азаматты еске алуға арналған турнирді ұйымдастырушылар мен қатысушылардың барлығына алғысымды білдіремін» деп еске алады Жетісай аудандық полиция бөлімі ардагерлері кеңесінің төрағасы Сапарғали Абдуллаев.
Мырзашөл топырағынан түлеп ұшып, Жетісайдың намысын қорғаған полицей-спортшы Сәлкен Сейітұлы мектепте оқып жүргенде-ақ спортты жанына серік еткен. Талай-талай дүбірлі жарыстарда топ жарып, мықтылығын дәлелдеген азамат. Бертін келе жоғары оқу орнын тәмамдап, ішкі істер органдарында адал қызмет атқарды. Отан алдындағы адалдығы мен антына деген беріктігі полиция майорын көптеген марапаттарға жеткізді. Алғыс арқалатты.
Ағайын-туыс пен әріптестерінің демеушілігімен бастау алған турнир жылда өз жалғасын тауып, алдағы уақытта облыстық, республикалық дәрежеде өткізу жоспарда бар. Сол арқылы ауыл спортын дамыту, жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылықтарын арттыру көзделіп отыр.
«2007 жылы бастау алған турнирді жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп келеміз. Әлемдегі эпидахуалға байланысты тек былтырғы жылы ғана өткізбей қалдық. Сәлкен бауырым ішкі істер саласында еңбек етсе де спортты жаны сүйетін. Өзімен қызметтестерінен арнайы волейбол командасын құрып, ауданның намысын қорғап талай жүлделі орындарды иеленген болатын. Міне, сол дәстүрді жалғастырып, жыл сайын осындай турнир өткізіп келеміз» дейді Сәлкен Ахметовтың ағасы Зиядин Ахметов.
Биылғы жылы он төртінші рет өткізіліп отырған әуе доп шеберлері додасының ақтық ойынына шыққан «Жетісай спорт клубы» мен «Жетісай ауданының адвокаттары» құрама командаларының ойыны көрермендердің делебесін қоздырды. Іріктеу сындарынан іркілмей шыққан қос команда бір-біріне лайықты ойын үлгісін көрсетті. Десек те, турнир қорытындысымен «Жетісай спорт клубы» құрама командасы І орынды иеленсе, «Жетісай ауданының адвокаттары» құрамасы ІІ орынға табан тіреді. Ал, жүлделі ІІІ орын Жетісай ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің «Н.Төреқұлов» атындағы жалпы орта мектебінің командасына бұйырды.
Турнир соңында жеңімпаз командалар мен әдемі ойын өрнегін көрсеткен жекелеген ойыншылар ұйымдастырушылардың арнайы дипломдарына, қаржылай және заттай марапаттарына ие болды.
Бауыржан НАЙМАНОВ,
Жетісай ауданы