Елдегі жетімінің маңдайынан сипап, жесірінің қолтығынан демеп қамқорлық көрсету, қайырымдылық жасау – қазақтың қанына сіңген қасиет. Бұл асыл құндылық сонау ықылым заманнан бері халқымыздың салт-дәстүрімен біте қайнасып жасап келеді.
Жүзіне немесе шыққан тегіне, руына қарамай жарлыларға жақсылық жасауға жаны құмартып тұратын Жетісай ауданының жомарт жандары сондай тағы бір игілікті істі қолға алды.
Жетісай ауданына қарасты Ж.Ералиев ауылдық округі әкімдігінің ғимаратынан елжанды азаматтардың қолдауымен қайырымдылық дүкені ашылды. Адами қасиеттердің қадірлісі, ұлысы болған қайырымдылық шарасын жасауға бағытталған дүкеннің салтанатты ашылуына аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әділхан Әбжанов, Жетісай ауданы мәслихатының аппарат басшысы Сұңғат Амангелдиев, аудандық мәслихат депутаттары, мәслихаттағы «Nur Otan» партиясының фракция мүшелері Рүстем Наматуллаев, Айбек Сұлтанмұрат, Хадиша Қожбанова мен Ғазиза Шүкірбаева қатысты.
Адамдық парызы мен қасиетін бәрінен биік қоя білетін бұл азаматтар қамқорлық жасау, оған зәру жандардың жанашыр қамқоршысы болып, аялы алақанын, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске қолынан келгенше көмектесіп, үлесін қосуда қалыс қалмайды. Бұған дейін де әлеуеті әлжуаз отбасыларға материалдық, моральдық тұрғыда да көмек беріп келген.
Ғазиза Шүкірбаева мен Хадиша Қожбанованың бастамасымен іске қосылған қайырымдылық дүкенінде қазірше отбасылардан артылған және жаңа киім-кешек топтастырылған. Аяқ киімдер де бар. Алдағы уақыттарда дүкенді күнделікті тұтыну заттарымен, бірінші кезектегі қажетті азық-түлікпен толықтыру жоспарланып отыр. Мұның бәрі ауылдағы шын мұқтаж отбасыларға тегін таратылатын болады.
Сонымен қатар, шара барысында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әділхан Әбжанов ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Халық» Қайырымдылық Қорының қолдауымен өткізіліп жатқан «Ел тірегі – Елбасы» акциясы аясында бірнеше отбасыларға азық-түлік топтамаларын табыс етті.
Өзінде барды өзгемен бөлісіп, көмекке мұқтаж, көңілі жарым жандардың жанына демеу болу, иісі мұсылман үшін қашанда жат емес. Өйткені, бүкіл кемелдіктің өзегі – ізгіліктен деп түсінетін арамызда жүрген жүрегі жомарт, көңілі көл азаматтардың жанашырлығы ел басына күн туғанда білінеді.
Бауыржан НАЙМАНОВ,
Жетісай ауданы.