Жастар – кез келген қоғамның болашағы мен қозғаушы күші. Бұл оймен дауласудың өзі артық. Мемлекеттің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті жастар буыны, ал бұл тікелей жас қазақстандықтардың білім мен білік сапасына, олардың ұмтылысы мен ынтасына байланысты. Сондықтан да мемлекеттік саясаттың негізгі бағытының бірі – жастар секторы. Жастар секторына Қазақстанда айрықша назар аударылады. Елімізде жастарды түрлі саладағы қызметтермен қамту мәселесі бойынша бағдарламалар жүзеге асырылуда. Мысал ретінде, «Дипломмен ауылға», келісімшарттық негіздегі әскери қызмет және т.б. атап өтуге болады. Мемлекеттік бағдарламалар жастарды жұмыспен қамтып қана қоймайды, сонымен қатар біліктілігін арттыруға, мамандығын ауыстыруға, жаңа мамандықтарды игеруіне де көп көңіл бөледі. Алдағы уақытта Тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, Қазақстанды іргелі мемлекетке айналдыру біздің қолдарымызда, яғни болашағымыз жастардың жауапкершілігінде. Сондықтан жастар қауымы уақыттың кез – келген сынағына дайын болып, бәсекеге төтеп беруі керек. Санасы сергек, замандық технологияларды меңгерген Отанымыздың нағыз патриоттары ғана осындай сынақтардан сүрінбей өте алмақ. Жастар – жердің, елдің иесі, қазақ елінің рухани тәуелсіздігінің биік тұғыры. Мен осылай деп ойлаймын, әрбір жас жүрек өзінің туған Отаны – Қазақстанын жанындай сүйіп, танып, оған табынып өсуі қажет. Сонда ғана жас ұрпақ бойында патриоттық сезім ұялап, келешегіміз кемелдене түспек.
Р.Базарбаев,
Мақтаарал ауданы тәжік этносының өкілі.