Достық пен ынтымақ бар жерде, береке мен ырыс болары айдан анық. Ауызбіршілік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дегенде, ата-бабамыз ынтымақ керектігін айтқан болар деп ойлаймын. Ұлт пен ұлыстың татулығының арқасында, бүгінде, мемлекетіміз өркендеп, ілгері дамып келе жатыр. Бір шаңырақ астында ұлттың ұйытқысына себеп болып отырған, саясатымыз бен Ата Заңымыздың арқасында атқарылып жатқан шаралардың нәтижесі екендігі белгілі. Кез-келген елдің тілегі де, арманы да халқының бейбітшілігі мен бірлігін сақтау екені сөзсіз. Өйткені, бейбіт өмір – бақыт, береке, бірлік әкелумен қатар болашаққа өрлеу мен өркендеуге жол ашады. Дана халқымыз «Байлық байлық емес, бірлік – байлық» деп бекер айтпаса керек. Бұқара халық әрдайым тыныштықта, мәңгілік бейбіт өмір сүруді армандайды. Өткен тарихқа көз салсақ, адамзат небір сұрапыл соғыстардан көз ашпады. Қаншама елдер соғыс зардабынан құлдырап, азып-тозды. Талай жазықсыз жандар сол зұлматтың зардабын шекті. Мұның барлығы бейбітшілік кеткен жерді берекесіздік жайлайтындығын тайға таңба басқандай етіп анық көрсетуде. Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі – біздің еліміздің ең басты байлығы. Ұлт бірлігі ұйысқан Мырзашөл жерінде мемлекетімізде жүріп жатқан барлық бастамалар мен тапсырмалар атқарылуда. Оны ұйымдастыратын өңірдің басшылары, зиялы қауым өкілдері барлығы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» қызмет етуде. Елбасының достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған жүйелі саясатын бүкіл халық болып әрқашан ерекше құрметпен жүзеге асыру – біздің парызымыз. Қазақстан халқының бірлігі – еліміздің баға жетпес байлығы екенін ешқашан естен шығаруға болмайды. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз – Ел бірлігі болуы керек. Елімізде достық, татулық, бірлік мәңгі жасасын!
О.Хамдамов,
Мақтаарал ауданы тәжік этносының өкілі.