Спорт – денсаулық кепілі. Ал, дені сау адам ғана болашағынан үміт күттіретін қоғамның толыққанды мүшесі бола алады.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауындағы бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беріп, әр аудан орталықтарында спорт алаңшаларын ашу қажет деген мемлекет басшысының жолдауында айтылған тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында Жетісай ауданында тағы бір заманауи спорт алаңшасы қолданысқа берілді.
«Тәуелсіздікке тарту» жобасы аясында қолданысқа берілген шағын алаңшаның құрылыс жұмыстары 2021 жылдың шілде айында басталған. 0,29 гектар аумаққа орналасқан стадионның құрылыс жұмыстарына жергілікті қазынадан 30 млн теңге қаралған. Жетісай қаласындағы орталық стадион ішіндегі үш спорт алаңға 100-ге жуық жасөспірім қамтылады.
Спорт алаңшасының ашылу салтанатына аудан әкімі Мұрат Болатұлы мен аудандық мәслихат хатшысы Әлихан Утанов , мәслихат депутаты Рүстем Наматуллаев пен дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев, жас спортшылар мен жаттықтырушылар, спорт ардагерлері қатысты.
«Біздің ауданымызда да бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріліп, спорт кешендерінің жүйесі кеңейе түсіп, мектептер мен спорт үйірмелерінде дене шынықтыру мен шұғылданушылар саны көбейіп келеді.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беріп, әр аудан орталықтарында спорт алаңшаларын ашу қажет деген тапсырма берді.
Біз мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, спортты дамыту мақсатында, материалдық базаны жақсарту бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Оның дәлелі ретінде бүгін кіші футбол алаңшасының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгелі тұр. Мұның бәрі балаларымыздың, жастарымыздың спортпен айналысуына, олардың денсаулығының мықты болуына жасалынып жатқан үлкен мүмкіндік» деген аудан басшысы жұртшылықты Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.
Стадионның салтанатты ашылу рәсімінен соң қонақтар мерекеге орай 30 түп шырша мен 500-ге жуық түрлі декоративті көшеттер отырғызып, көгалдандыру жұмыстарын жүргізді.
Айта кетейік, жауапты сала мамандарының айтуынша бүгінде Ынтымақ ауылдық округіндегі орталық стадионға қайта құру жұмыстары басталып, 2022 жылы іске қосу және Жетісай қаласынан дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу, сонымен қатар, кезең-кезеңімен ауылдардағы спорттық нысандарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жүргізілген осындай ілкімді істердің нәтижесінде, бүгінде ауданда спорттың 19 түрі кеңінен дамытылуда. Тұрақты түрде дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын тұрғындар саны 60 241 адамға жетіп, аудан халқының 34,5 пайызын құрап отыр.
Бауыржан НАЙМАНОВ,
Жетісай ауданы.