Биыл егемендік алып, Тәуелсіз ел атанғанымызға 30 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде егемен еліміз талай биік шыңдарды бағындырып келеді. Отанымыздың тыныштығы мен біртұтастығын сақтауға бар күшін сарп еткен батыр бабаларымыздың ерліктері мен өнегелі істері келер ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Міне, сондықтан да елжандылық пен отансүйгіштік дәстүрді жалғастырып, жастардың бойына дарыту, патриоттық рухта тәрбиелеу ісі үздіксіз жүргізілуі маңызды. Білім беру саласы, оның ішінде мұғалімдер қауымы Тәуелсіздік туын көтерген сәттен бастап бүгінге дейін өзіне артылған жауапкершілікті міндетті абыроймен атқарып келе жатыр деуге болады. Тәуелсіздік жылдарында көптеген өзгерістер мен реформалар жүргізілді. Еліміз өркениет көшіне ілесіп, гүлдену мен көркеюді бастан кешірді. Осы уақыт ішінде білім беру жүйесі әлемдік озық үлгілері мен ғасырлар бойғы жинақталған рухани құндылықтар негізінде жасақталып, ұрпақ тәрбиесінде жүйелі жұмыс жасап келеді. Қазіргі таңда мұғалімдерге жеткілікті деңгейде жағдай жасалып, шығармашылықпен жұмыс жасауына толық мүмкіндіктер берілді. Мұғалімдер мәртебесі көтеріліп, қоғам тарапынан қолдауға ие болып та келеді. Бұл мемлекеттің қамқорлығы мен саясатының дұрыстығын аңғартады. Елдің басты капиталы – осы мемлекеттегі азаматтар болса, олардың саналы, білімді болуы әрине мұғалімдер еңбегіне байланысты. Еліміздің тыныштығы мен берекесінің, көпұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығының мызғымастай берік болуында мұғалімдер еңбегі әрине көп. Осынау бір еліміз үшін біртұтас елдіктің, татулық пен ынтымақтастықтың, сонымен қатар, өткенге деген тағзымды салауат пен келешекке деген сенімді үміттің мерекесі қарсаңында барша азаматтарды, Қазақ еліндегі ұрпақ білімі мен тәрбиесімен айналысып жүрген мұғалімдерді ел тәуелсіздігін нығайту ісіндегі еңбектері жемісті де жеңісті бола берсін деп тілек білдіреміз. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Ұлттық мерекеміз құтты болсын!
Сәуле Сейдуалиева,
Мақтаарал ауданы Аналар кеңесінің төрайымы.