Еліміздің өз алдына шаңырақ құрып, отау тіккеніне де 30 жылдың жүзі болды. Бұл тарих үшін қас-қағым сәт болса да, еліміз үшін әр күні қарбалас тірліктерге толы мерейлі, мәртебелі сәттерге айналды.
Ата-бабалар үшін талай ғасырларға созылған тәуелсіздік халқымыз үшін жүзеге асты. Үкілі үмітке толы ұлттық мүдде мемлекеттік мүддемен ұнасымды үйлесім тапты. Ендігі ретте елдің өмірінде ұсақ-түйек мәселе деген атау, ондай ұғым болмайтын болды. Бәрі де халқымыздың игілігі үшін жүзеге асуы тиіс. Экономика, әлеуметтік-саяси, мәдени-рухани мәселелердің қай-қайсысы болсын жалтақтауды, жалпақтауды дұрыс санамайтын болды. Бұлардың барлығы еліміз үшін басты мәселе екендігі бүгінде баршамызға белгілі.
Осылай деген Жетісай ауданының әкімі Мұрат Болатұлы мерекелік шараға қатысушыларды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, сан саланың үздіктеріне мерекелік медальдарды табыстады. Бірқатар азаматтарды Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің алғыс хатымен марапаттады.
Мырзашөл өңірінде орналасқан Жетісай ауданы бүгінде күн санап жасарып, жайнап келеді. Аудандағы экономикалық салаларда ғана емес, саяси-қоғамдық өмірде түбегейлі реформалар жүзеге асуда. Бүгінгі демократиялық үдерістер соның айғағы.
Еліміз қазірде еңселі мемлекет құруды одан әрі өрістете түсуде. Мемлекетті дамытуға арналған стратегиялық жоспарлар бүгінде құр қиял емес, шынайы өмірмен, шындықпен өрілген басты іс бағдарламасы болды. Алға басқан әрбір қадам мен жеткен жетістіктер Тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің кемелденгенінің бірден-бір айғағы.
Әр күні тынымсыз ізденіс пен қажырлы еңбекке толы Тәуелсіздік жылдарында жемісті еңбек етіп келе жатқан бірқатар жетісайлық аудандық мәслихат хатшысы Әлихан Утановтың да алғыс хатына ие болды.
«Біздер бұдан отыз жыл бұрынғыдай күдікпен емес, айшықты арманмен еңбек етуге бел буып отырғанымыз шындық» дейді мерекелік марапат иесі Баян Әбжанова.
Сондай-ақ, салтанатты шара барысында Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры әртістері тарапынан қазақ халқының Тәуелсіздік жолындағы, тарих толқынында өткен осынау жылдардың күреске толы сәттері мен тарихи тұлғаларынан сахналастырылған көріністер көрсетілді.
Салтанатты шара соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Шырқалған әрбір патриоттық ән қатысушылардың жүректеріне ұлтжандылықтың нұрын сеуіп, бостандық пен тәуелсіздіктің қымбат қуаныш екенін жеткізгендей.
Бауыржан НАЙМАНОВ,
Жетісай ауданы.