Тәуелсіздік – барлығымыз үшін ерекше қасиетті ұғым. Тәуелсіздік күні – бірліктің, ынтымақтастық пен татулықтың күні. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі – ең алдымен халқымыздың бақыты. Сондықтан, бүгінгі күні халқымыз өткеннен қалған тарихи өнегені, отансүйгіштікті, ұлтына деген махаббатты жоғалтпай, әрі қарай жастардың патриоттық сезіміне енгізуге ерекше көңіл бөлуді мақсат етіп отыр.
Осынау ұлық мерекені жетісайлық ұстаздар да жоғары дәрежеде атап өтті. Шараға ауданның адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Тұрсын Мырзалиев пен білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Мұхамеджан Спарханов, мектеп басшылары мен ұстаздар қатысты.
Жетісай ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрында өткен мерекелік шара Тәуелсіздік жолындағы қазақ халқының күрес пен ұмтылысқа толы жылнамаларынан театрландырылған көріністермен бастау алды. Бодандықтан бостандыққа дейінгі кезеңдерде елдің бірлігі мен болашағына еңбек еткен жандардың тарихи бейнелері сомдалды.
«Тәуелсіздік бізге ұлттық, аймақтық және жаһандық өлшемде шексіз жауапкершілік жүгін артты. Біз осынау ұлы тағдырды қабыл алып, бірлігіміз бен еңбегіміз арқылы тарих сынағынан сүрінбей өтіп келеміз. Халқымыз Тәуелсіздіктің мызғымас тұғырын бекітіп, Мәңгілік Ел болуға бет бұрды. Сол себепті, Тәуелсіздік күні – баршамыз үшін, күллі қазақстандықтар үшін ұлы мереке.
Айтулы мереке баршаңызға құтты, бақытымыз баянды болсын! Жаңа ғасырда қайта түлеген, жасарып, түрленген еліміздің тәуелсіздігі тұғырлы болғай!» деген Тұрсын Әзіретұлы бірқатар ұстаздарға Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев пен өз атынан, «Nur Otan» партиясы Жетісай аудандық филиалы атынан алғыс хаттар табыс етті.
Сонымен қатар, егемен елдің ертеңі үшін аянбай еңбектеніп, жаңару мен жаңғыру жолында бірлігімізді байрақ етіп сүбелі үлесін қосып келе жатқан ұлағатты ұстаздарды мерекесімен құттықтауды аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Мұхамеджан Спарханов та ұмытпады.
Айтулы шара соңы мектеп оқушыларының мерекелік концерттік бағдарламасына ұласты. Әуелете ән шырқалып, мың бұрала би биледі.
Бауыржан НАЙМАНОВ,
Жетісай ауданы.