Қайырымдылық – мұқтаж жандарға көрсетілер нақты көмек, ізгіліктің анық көрінісі, адамның асыл қасиеті. Кісінің айналасындағы адамдарға танылатын тамаша қыры да оның қаншалықты қайырымды екендігінен байқалады.
Қазақ халқы ежелден жомарттығымен танылған. Бүгінде ұлы халықтың ұлы ұрпағы да ата дәстүрді жалғастырып, тұрмысы нашар отбасыларын, жетім-жесірлерді қорғап, қолдауды жалғастырып келеді.
Қайыры мол істен қалыс қалмайтын Жетісай аудандық мәслихатының хатшысы Әлихан Утанов пен аудандық мәслихат депутаты Гүлжан Убайдина Асықата кентінен қайырымдылық дүкенін ашты.
Дүкеннің ашылуына аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әділхан Әбжанов пен Асықата кентінің әкімі Бақыт Серіков, ел ағалары қатысты.
Азаматтардың бойына қайырымдылық пен адамгершілік қасиеттерді баулуға бағытталған дүкеннен кенттегі кез-келген аз қамтамасыз етілген, әлеуметтік қолдауды қажет ететін көпбалалы отбасылардан киім-кешектер мен аяқ киімдерді тегін алуға мүмкіндігі бар. Одан бөлек алдағы уақытта тұрмыстық заттар мен азық-түліктер де тегін берілетін болады. Кенттегі көмекке мұқтаж отбасылардың тізімін жасау мақсатында дүкенде арнайы екі қызметкер жұмыс істейтін болады.
«Шын мәнінде, амалдар ниетке байланысты. Расында, адамға ниет еткені тиесілі» деген тағылымды хадис бар. Сондықтан да жақсылық жасауды ерте кезден-ақ ұрпағының бойына сіңіріп келген қазақ үшін жақсылық жасау жат емес.
Қайырымдылық дүкенін ашудағы мақсатымыз – мұқтаж отбасыларға сәл де болса қолұшын созу. Өйткені, біз үшін қажетсіз заттарға өзгелер мұқтаж болуы мүмкін. Бұл жерде мүлдем қолданылмаған киімдер де көп» дейді аудандық мәслихаттың хатшысы Әлихан Айдарханұлы.
Қара басының қамынан аса алмайтын, қарны тойса өзгенің мұң-мұқтажына селт етпейтін, сөйте тұра бедел жинағыштардың емес, керісінше, сын сағаты туғанда ұлағатты ұлан міндетін ұға білген, қараша халықтың қиналғанына енжарлық танытпай, ықыласты түрде ризығын бөлісе білген нағыз жомарт жандардың ауызбіршілігін, ынтымағын айқындайтын іске атсалысқан осындай қайырымдылық шарасының қолға алынуы көңілге қуаныш, жанға демеу болмақ.
Бауыржан НАЙМАНОВ,
Жетісай ауданы