Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Жетісай ауданында бірқатар нысандардың лентасы салтанатты түрде қиылып, ел игілігіне тапсырылды. Солардың бірі – Жетісай қаласы мен Асықата кентінде іске қосылған «Асыл қазына және тең қоғам» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы.
Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты орталықтардың ашылуына аудан әкімі Мұрат Қадырбек пен аудандық мәслихат хатшысы Әлихан Утанов, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әділхан Әбжанов пен аудан ардагерлері қатысты. Салтанатты лента қию рәсімінен соң мекемені аралап, көрсетілетін қызметтердің барысымен танысты. Келушілермен тілдесті.
Аудан әкімінің бастамасымен, аудандық мәслихат депутаттарының тікелей қолдауымен жергілікті қазынадан қаралған қаржыға ашылған аталмыш орталықта қызмет алушыларға дәрігерлік кеңестер беріліп, тұзбен емдеу, сенсорлық бөлме, емдік физкультура-йога, тренажер залы, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру, психологиялық және құқықтық көмектер, емдеу және жақсарту психологиясы сынды әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Мұнан бөлек, ардагерлердің өмір белсенділігін арттыру, бос уақыттарын тиімді өткізулеріне жағдай жасау мақсатында орталықта ардагерлердің қолөнермен айналысып, кітаптар оқуына, елдегі және әлемдегі соңғы жаңалықтарынан дер кезінде хабардар болуға жағдайлар жасалған. Шахмат, домино, нарды, теннис, биллиярд сынды ойындар ойнауына, бір-бірімен пікір алмасуларына толық мүмкіндіктер қарастырылған.
«Аталмыш орталықтың жұмысы ағымдағы жылдың 1 қарашасында басталған. Бүгінгі күнге дейін 200-ден астам ардагерлер мен 70-ке тарта мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетіп келеміз. Орталықтардағы 37 қызметкерге мамандықтарына сай міндеттер жүктелген.
Қызмет алушыларға қажетті барлық құрал-жабдықтар мен емдік-сауықтыру бұйымдары жеткілікті» дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әділхан Әбжанов.
Айта кетейік, бүгінде аудандағы 17 мыңға тарта зейнеткердің 1-і ҰОС ардагері болса, 514-і тыл ардагері. Ал, 7 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жандардың 531-і І топ, 1851-і ІІ топ, 3161 азамат ІІІ топ мүгедектері болса, 18 жасқа дейінгі балалар саны 1344. Мұнан басқа 230 жалғызбасты мүмкіндігі шектеулі қарттар бар.
Бауыржан НАЙМАНОВ,
Жетісай ауданы.