Дамуымыз жедел, келешегіміз кемел болуы үшін білімді ұрпақ болуы шарт. Ол үшін бар ғұмырын жауапкершілігі мықты салаға арнаған білікті ұстаздарымызға артылар жүк ауыр болмақ. Бұл бағытта ұстаздардың біліктілігін арттырып, білімін жетілдіруі, білім беру жүйесінің озық тәжірибелерін жетік меңгеруі аса маңызды.
Жаңа инновациялық технологияларды қолдана отырып, мұғалімдердің білімі мен дағдыларын жетілдіру мақсатында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Жетісай ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің Т.Рысқұлов атындағы №20 жалпы орта мектебінде «Оқытудың заманауи формалары мен әдістері: ізденістер мен шешімдер» тақырыбында аудандық семинар болып өтті.
Оқытудың белсенді түрлерін көрсету барысында тәжірибе бөлісуге арналған семинарға Жетісай ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімнің әдістемелік кабинет меңгерушісі Разия Исаева мен бірқатар мектеп директорлары, мектеп ұстаздары қатысты.
Ең әуелі қонақтарға мектеп оқушыларының қолөнер бұйымдары көрмесі ұйымдастырылып, үйірмелердің жұмыстары таныстырылды. Сонан соң асық ату, бестас, тоғызқұмалақ сынды ұлттық ойындарымыз бен спорттың футбол, баскетбол, волейбол, стол теннисі және дойбы түрлерінен аудандық, облыстық және республикалық додаларда топ жарып жүрген оқушылардың өнерлері көрсетілді.
Айта кетейік, аталмыш мектепте спорт түрлерінен жұмыс жасайтын 8 үйірмеде 350-ге жуық оқушы шұғылданса, 700-ге тарта оқушы түрлі пәндік қосымшаларға қатысады.
«Біздің мектептегі үйірмелер санының көптеп ашылуы және оған қатысатын оқушылардың санының артуы – балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың, ертежүктіліктің, суицидтің алдын алуға, шәкірттеріміздің бос уақыттарын тиімді ұйымдастыра білулеріне дағдыландыруға үлкен септігін тигізіп келеді» дейді Т.Рысқұлов атындағы №20 жалпы орта мектебінің директоры Жанәділ Құмарбеков.
Семинардың салтанатты ашылуында мектеп оқушылары халқымыздың өз тәуелсіздігі жолында құрбан болып, аяусыз қуғын-сүргінге ұшыраған кешегі «Бес арысын», «Үш бәйтерегі» мен «Алаштық» өрендерінің, желтоқсаншы жастарының өмірлерінен сахналастырылған көріністер көрсетілді. Ата-баба қанымен, ананың көз жасымен келген бостандықтың қадірін жас ұрпаққа терең түсініп, қастерлей алуы қажет екендігі насихатталды.
«Бүгінгі семинар – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың туғанына 127 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Баршаңызды айтулы мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Т.Рысқұлов атындағы №20 жалпы орта мектебі ұжымының ұйымдастырып отырған семинарына белсенді қатысып, кері байланыс жасауларыңызды сұраймын. Өйткені, бір-бірімізбен ой бөлісіп, тәжірибе алмасу – білім сапасын арттыруда үлкен рөл атқарады» деген Жетісай ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімнің әдістемелік кабинет меңгерушісі Разия Исаева ұстаздарға сәттілік тіледі.
Топ-топқа бөлінген ұстаздар коучингтер мен ашық сабақтарға, психологиялық тренингтерге қатысты. Әрбір сабақтарда қолданылған жаңа инновациялық технологиялардың тиімділігі жайында ойларымен бөлісті. Жоғары бағасын берді.
Бауыржан НАЙМАНОВ,
Жетісай ауданы.