Туған халқының әдебиет әлемінде поэзияның сұлу сарайын салып кеткен Ілияс Жансүгіров – сыршыл да шыншыл, талғампаз лирикалық туындылардың ғана емес, кең тынысты, биік өрісті эпикалық туындылардың да авторы. Әуен мен әуезді үйлестіре отырып қазақ поэзиясын, оның әдеби тілін, көркемсөз мәдениетін ғарышпен үндескен биікке көтерген қазақтың Құлагер ақынының рухын ұлықтаған жетісайлықтар Жетісай ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің І.Жансүгіров атындағы №30 жалпы орта мектебінің ауласына ескерткіш орнатты.
Қазақ әдебиетінің барлық жанрларында қалам тартып, елеулі туындылар берген әмбебап дарын иесі – Ілияс Жансүгіровке арналған ескерткіштің ашылу салтанатына Жетісай ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің бас маманы Шадияр Иманбердиев пен бөлім әдіскері Мэлс Әуелбекұлы, Жылы су ауылдық округінің әкімі Ермек Дауылбаев, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жаппар Ғаппар мен аудандық әжелер кеңесінің төрайымы Айжамал Қоңырбаева, округте орналасқан мектеп директорлары мен ауыл ардагерлері қатысты.
Шара барысында 1894 жылы Алматы облысының Ақсу ауданында дүниеге келіп, Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсты тәмамдаған мұғалім, кейіннен «Тілші» газетінде, Верныйдағы Қазақ ағарту институтында қызмет атқарған Мәскеудегі Коммунистік журналистика институты түлегі болған Жансүгіровтың өмір жолы мен еңбектері жайында айтылып, жас ұрпаққа үлгі етілді. «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет атқарған ақын 1932 – 1934 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыру комиссиясының төрағасы, 1933 – 1936 жылдары Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің мүшесі атанды. 1938 жылы саяси қуғын-сүргін құрбаны болады.
«Мырзашөл жеріне қазақ әдебиетінің ұлы тұлға-өкілдері жиі келген. С.Сейфуллиннен бастап Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіров осы елді мекенде болған. Әкесі осы жерде қаза болған. Мазарының басында келіп, тұңғыш рет ашылған «Мақтарал» газетінің алғашқы беташарын жазып шығарған осы Ілияс Жансүгіров болған. Содан бері де міне 90 жыл өтті.
Ұлтымыздың ұлыларын ұлықтау арқылы біз ұрпағымыздың, перзенттеріміздің елге деген сүйіспеншілігін арттырамыз» дейді аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, «Халық үміті» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Жаппар Ғаппар.
Ақын, драматург, прозашы, әрбір поэзиясы ұлттық әдебиеттің классикалық байлығының қатарына жататын қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі – Ілияс Жансүгіровтың ескерткішінің ашылуынан соң «Кемел білім – Ел болашағы» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.
Төрт бөлімнен тұратын кітапта І.Жансүгіров атындағы №30 жалпы орта мектебінің кешегісі мен бүгіні, қол жеткізген жетістіктері, оқушыларға білім берудің тиімді әдіс-тәсілдері толық жазылған. Кітап авторы аталмыш мектеп директоры Сапаркүл Шаулиева.
«Бұл кітаптың шығуына ауыл тұрғындары, мектеп ұстаздары, көнекөз қариялар үлкен үлес қосты. Қажетті мәліметтерді, суреттерді жан-жақтан жинақтадық. Міне, соның нәтижесінде көпшіліктің көңілінен шыққан құнды дүние өмірге келді» дейді кітаптың авторы, І.Жансүгіров атындағы №30 жалпы орта мектебінің директоры Сапаркүл Шаулиева.
І.Жансүгіровтың шығармашылығы көп қырлы, алуан сырлы. Ол поэзия, проза, драма саласында өнімді еңбектеніп, өзіндік қолтаңбасы айқын, көркем шығармалардың маржан шоғырын дүниеге келтірген құнарлы да тегеурінді қаламгер. Оның шығармаларына арқау болған тақырып өрістері де алуан түрлі. Поэзия, проза, драма салаларындағы шығармаларына өзі ғұмыр кешкен ортадағы нақтылы өмір көріністерінен бастап, тарихи тақырыпқа дейін арқау болып отырады. Қандай тақырыпқа қалам тербесе де ел қамы, халық тағдыры, ұлттың болмыс қасиеті оның шығармаларының алтын арқауы.
Салтанатты шара барысында мектеп оқушылары «Күй», «Дала», «Күйші», «Құлагер» сияқты қазақ поэзиясының інжу-маржаны болып табылатын он беске жуық көлемді поэмаларды дүниеге алып келген ақынның шығармаларынан үзінділер орындап, әннен шашу шашты. Би билеп, қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сонымен қатар, ескерткішті салған азаматтар мен мектептің білікті ұстаздары І.Жансүгіров атындағы қор төрайымы, ақынның қызы Элифа Жансүгірова-Жандосованың, аудан әкімі Мұрат Болатұлы мен аудандық мәслихат хатшысы Әлихан Утановтың алғыс хаттарымен марапатталды.
Айта кетейік, ескерткіштің ашылуы мен кітаптың шығуы демеушілер есебінен жүргізілген.
Бауыржан НАЙМАНОВ
Жетісай ауданы.,