Спорт – денсаулық кепілі. Мемлекетімізде ел тұрғындарының арасында дене шынықтыру мен спорт саласын кеңінен насихаттап, бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлуінің нәтижесінде спортты жанына серік еткендердің саны күн санап артып келеді.
Өйткені, спорт – біріншіден, мемлекеттің мәртебесін, ұлттың намысын айқындайтын көрсеткіш болса, екіншіден, азаматтардың өмір сүру ұзақтығын қалыптастыратын, саламатты ұрпақ тәрбиелеудің негізгі тетігі есептеледі.
Ел ертеңі саналатын жастарды спортқа баулу мақсатында бүгінде Жетісай ауданында үш балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері мен аудан әкімінің бастамасымен құрылған «Жетісай спорт клубы» КММ тұрақты түрде жұмыс жүргізіп келеді. Аталмыш спорт мекемелерінде 2 мыңнан астам жастар мен ересектер спорттың 24 түрімен шұғылданады. Нәтиже де ауыз толтырып айтарлықтай – биылғы жылы да жылдағы дәстүр бойынша облыстық, республикалық, халықаралық дәрежеде өткен дүбірлі додаларда жүлдесіз қайтқан жетісайлық спортшы болмады.
Аудан мерейін үстем етіп, спорттық жарыстардан жүлдемен оралған саңлақ спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын, спорт нұсқаушыларын ұлықтау, жетістіктерін кейінгілерге үлгі ету мақсатында Жетісай ауданы әкімдігінің мәжіліс залында салтанатты шара болып өтті. Үздіктерді марапаттауға аудандық мәслихат депутаттары Рүстем Наматуллаев пен Айбек Сұлтанмұрат, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев пен жеңімпаздардың ата-аналары қатысты.
«Спорт – тәрбие құралы. Жас ұрпақтың жүрегіне Отансүйгіштік сезімін қалыптастыру үшін спорт таптырмас көмекші. Себебі, спортты жақсы көрмейтін бала кемде-кем. Спортты сүю, оны серік етуге баулу арқылы балаға тек салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймаймыз, сонымен қатар, бойларында еңбекқорлық, төзімділік, әділдік сияқты жоғары қасиеттерді де қалыптастырамыз. Спортпен айналысатын жастар көшенің теріс ықпалынан алшақтап, зиянды әдеттерден аулақ болады» дейді аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев.
Салтанатты шарада саналы ғұмырын спорт саласына сарп етіп, жас жеткіншектерді тәрбиелеумен айналысып келген бапкерлер мен ардагер спортшылар да, ертеңінен үміт күттірер жас өрендер де, ауданда ұйымдастырылған әуесқой лига ойындарының жеңімпаздары да мерекелік марапаттаудан құр қалмады.
Әрбір істің қайтымы болғанындай спортшылардың қайтарымы – байрақты бәсекелерде ел абыройын асқақтатып, Әнұранымызды көкте шырқатар саңлақтардың сапында болу. Аталмыш мерекелік марапат әрбір спортшының алдына осындай мақсат қойғандай.
Бауыржан НАЙМАНОВ,
Жетісай ауданы.