АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖЕРЛЕРІНІҢ ТҰЗДАНУ МӘСЕЛЕСІ ЖӨНІНДЕ АРНАЙЫ ЖИЫН ӨТТІ
Posted by: Қалмұрат
in Ауыл шаруашылығы, Кәсіпкерлік, Экономика
30/12/2021
40 Views
Мақтаарал ауданында ауылшаруашылығы жерлерінің тұздану мәселесі жөнінде арнайы жиын өтті.
Аудан әкімі Бақыт Асанов төрағалық еткен жиынға «Қазсушар» РМК Мақтаарал өндірістік бөлімшесінің басшысы А.Абдужаппаров, дәл осы мекемеге қарасты Тік дренажды ұңғымаларды пайдалану бөлімшесінің басшысы С.Тойтанов, «Оңтүстік Қазақстан гидрогеологиялық-мелиоративтік экспедициясы» РММ басшысы М.Эсанбеков, «Мақта және бақша тәжірибе станциясы» ЖШС-ның директоры Н.Дауренбек және ИДЖЖ-2 жобасының техникалық кеңесшілері, ауылдық округ әкімдері, канал басшылары, кооператив басшылары, ірі шаруа қожалықтардың басшылары қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес, ауданның кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Баязит Әлімқұл аудан аумағындағы егістік алқаптардың қысқы сор шаю науқанына дайындығы туралы кеңінен баяндама жасады.
«Аудан бойынша 55667 гектар алқап айдалуы тиіс болса, бүгінгі таңда 40624 гектары, яғни 72,9%-ы айдалды. Жалпы айтқанда шаруалар қысқы сор шаю жұмыстарына толық дайын десек те болады. «Оңтүстік Қазақстан гидрогеологиялық-мелиоративтік экспедициясы» РММ-ің аудан бойынша берген картасына сәйкес, ауылдық округі бойынша суармалы жерлердің 1,4 мың га (2,1%) өте күшті, 3,4 мың га (5,3%) күшті, 16,3 мың га (2,6%) орта, 15,8 мың га (2,4%)шамалы тұзданған. Ал 26,6 мың га (41,7%) тұзданбаған жерлер болып саналады. Осыған байланысты біз ауылдық округтердің жер мамандарымен біргелікте бөлінген санат бойынша егістік алқаптарлдың кадастр нөмірін анықтап шықтық. Сондай-ақ, анықталған кадастр бойынша әр шаруаға жеке-жеке түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жерді сорланудан сақтау үшін жасауы керек шаралар туралы айтатын боламыз» – деді Б.Әлімқұл.
Мұнан соң сөзге шыққан «Мақта және бақша тәжірибе станциясы» ЖШС-ның директоры Н.Дауренбек аудан аумағындағы сорланған егістік алқаптарда атқарылуы тиіс шаралар туралы айтып өтті.
«Топырақ тұзынан құтылудың бірден-бір жолы – сор шаю. Бұл ретте сол жердің тұздану дәрежесіне және топырақтын механикалық құрамына байланысты сор шаю уақыты мен мөлшерін дұрыс анықтау өте маңызды. Сонымен қатар, сор шаю кезіңде тұздарды алқаптан шығару мақсатында тік дренажды ұңғымалар іске қосылуы да маңызды екені баршаға мәлім» – деді Н.Дауренбек.
Ғалым ауданда жылда сор шаю жұмыстары жүргізілетінін, алайда ауданның көп жерлерінде сор шаю жұмыстары ақпан-наурыз айларында «пал» алмай жүргізіліп, егін егу маусымына дейін алқаптар көлдеп жататынын тілге тиек етті және фотосуреттер арқылы дәлелдер келтірді.
«Соның салдарынан біріншіден, жерлер тапқа келмей, егін егу жұмыстары 15-20 күнге кешіктіріледі; екіншіден, жылы ауа температурасында сор шаю тиімсіз есептеледі, өйткені сор шаю суы қарқынды булануы кезінде топырақта тұздар қалып кетеді; үшіншіден, жер асты суларының деңгейі шекті деңгейге дейін көтеріледі, бұл да топырақтың су-физикалық және жылу режимінің бұзылуынан ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігіне кері әсер етеді» – деді Н.Дауренбек. Сондай-ақ, ол сор шаю жұмыстарын желтоқсан, қаңтар айларында жүргізу керектігін атап өтті.
Жиын барысында «Қазсушар» РМК Мақтаарал өндірістік бөлімшесінің басшысы А.Абдужаппаров қысқы сор шаю үшін каналдардың дайындығы және ИДЖЖ-2 жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Сонымен қатар, «Қазсушар» РМК ТФ Тік дренажды ұңғымаларды пайдалану бөлімшесінің басшысы С.Тойтанов тік ұңғымалы дренаждардың бүгінгі таңдағы жағдайы туралы мәлімдеді.
Мақтаарал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
2021-12-30