ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҚЫМБАТ ҚАЗЫНА
Posted by: Қалмұрат
in Әдебиет, Поэзия, Руханият
04/01/2022
20 Views
Халық композиторларының шығармаларында терең иірім, тылсым күш, таңғажайып тебіреніс пен нәзік қайырымдар молынан кездеседі. Сонымен қатар, мәтіннің әрбір жолы тыңдаушының жан сезімін шертіп тұрады. Содан да мәтін ән мазмұнымен жымдасып, үндесіп жатады.
Ән мен мәтіннің бір-бірімен үндесіп кететін себебі – екеуі де бір адамның қолынан шыққан дүние. Берідегі әнін біреу, мәтінін екінші біреу жазған дүниелерде де шедевр туындылар жетерлік. Алайда, соңғы кездері әуені мен сөзі естір құлаққа түрпідей тиетін әнсымақтарды жиі еститін болдық. Компьютердің күшімен, аранжировканың «тісімен» өңдеп алған әнсымақтарды естігенде халық композиторларының талғам-талабына таң қаласыз!
Тағы бір айтар әңгіме – көркемдік келбеті келіскен, өлеңі кірпіштей қаланған әнді біреулер бұрмалап айтуға әуестеніп барады. Бір кездері Жүсіпбек Елебеков «Қанат қақты» деген әнді түрлендіріп, жандандырып айтқанын бүгінде екінің бірі білмейді.
Гүл бақша көңілді бір әсем әнді,
Тілейтін бұлбұл едім сайрағанды.
Ән шырқап бой жаза алмай, шалқыта алмай,
Қалықтап қайран дүние қанат талды, – деп әуелеткендер де болды.
Бұған «Ауыл кеші көңілді» (1978 ж. 19-бет) атты жыр жинағы да кінәлі еді. Кітапта осылай көрсетілген соң орындаушылар да осы ізбен кетті. Дауыссыз дыбыстардың көптігінен ән ырғағында кібіртік болатынын осы тұстағы әншілер айтып жүрді. Ал, Жүсіпбек Елебеков орындайтын «Қанат қақты»:
Тау қалғып тамылжыған шілде күні,
Ызыңдап шыбын-шіркей шықпайды үні.
Жалғыз-ақ сорғалаған бұлбұл үні,
Даусынан естілгендей өмір жыры, – деп басталатын.
Енді Ақан серінің «Алтыбасар» әніне келейік. Мұны кейінгі әншілер былай айтып жүр:
Ей, қалқа, жан туған жоқ сенен асар,
Бұл күнді күтіп сәулем, болған нашар.
Айрылып сенен сәулем, қайтқан күні,
Әніме бір басайын Алтыбасар.
Мұны Жүсіпбек Елебеков былай орындаған:
Ей, қалқа, жан туған жоқ сенен асар,
Көңілім кетіп, сәулем, болған нашар.
Айрылып ғашық жардан қайтқан күні,
Әніме бір басайын Алтыбасар.
Айырмашылық бар ма? Бар. Жарықтық Жүсіпбек жәкеміздің салған әнінде жүйе де, өлең өлшемі де бар. «Айрылып ғашық жардан қайтқан күні» деген бір ғана жолды алып қараңызшы. Қандай үйлесімді, қандай көркем!
Қазақ сахнасынан Ақан серінің әндері әлі де түскен жоқ. Айталық, «Мақпал», «Құлагер» әндері жиі айтылады. Осы «Құлагер»:
Ор болып қалушы еді шапқан жерің,
Шаттанып тұрушы еді қосқан елің.
Атығай – Қарауылға олжа салған,
Бота тірсек, қыз сағақ, сандал керім, – деп айтылып қалады.
Жылқыны әдетте «қыз сағақ» демейді. Жөні – «қыл сағақ». Мәдидің «Қарқаралы» әні де осындай бұрмалаушылықпен айтылады. «Сайыңнан сайғақ құрлы сая таппай» деген жол құлағымызға әбден сіңісті болып кетті. «Сайғақ» – орыс сөзі. Ақбөкен деген ұғымды білдіреді. Мұны кейінгі әншілер өздерінше долбарлап осылай айтып жүр. Мәди шырқаған заманда жұрт «сайғақ» дегенді біліп пе еді? Мұның дұрысы «саяқ». Жеке-дара жүрген жылқыны қазақ «саяқ жүр» деген.
Естайдың «Қорланын» Шәмші Қалдаяқов ағамыз «музыканың шыңы» деп бағалап өткені белгілі. Қазір де «Қорлан» десе елең ете қаламыз. Осы әнді тыңдап отырсаңыз «Мұратқа іздеген жас бәрі жеткен» деген жолдар бар. Мұның дұрысы – «Мұратқа іздеген жан бәрі жетпес». Арманға ұмтылған жанның бәрінің қолы жете бермейді. Естайдың да Қорланға қолы жетпеген. Сондықтан осы ән туған.
Енді «Ағажан – Ләтипа» әніне келейік. Мұны халық әні деп айтып жүр. Осы әннің:
Ағажан – Ләтипа,
Гүлмайдан – Ләтипа.
Бір қиян, бір зиял,
Беу-беу, Ләтипа, – деген қайырмасы бар.
«Бір қиян», «бір зиял» деген тіпті қисынға келмейді. Қисыны «Бірде ашық, бірде ұяң».
Үкілі Ыбырайдың, Шашубайдың, Жаяу Мұсаның халық арасында кеңінен тараған әндерін бұзып айтатындар да табылады. Бұдан кейінгі әншілердің көбі айтып жүрген әндерінің мәтініне мән бермейтінін байқаймыз. Өлеңнің көркемдік кескін-келбетіне, астарына үңілмеген соң ән қойыртпақ болып шығады. Орындаушылық шеберлік те керек! Бірақ, музыкалық білімі бар, тарихтан, этнографиядан, әдебиеттен хабары бар жан-жақты әнші болғаны жақсыдан да жақсырақ. Әнші мәтінді жаттап отырғанда жоғарыда біз айтқан ұйғарымға мән берсе, тыңдарман да жаңылыспас еді.
Таңертең теледидардан «Жұлдызды әуендер» деген хабарды тыңдап отырсам, бір жігіт «Дүние-ай!» деген әнді әуелете шырқады. Бұл әуен ырғақты, әсем, қан қыздыратын да құдіреті бар. Бірақ әншінің:
Айт дегенде өлеңді,
Аңыраймын-ай!
Көлден ұшқан аққудай,
Мамырлаймын-ай! – дегені құлағыма тосаң естілді.
Қазақ ән айтқанда «аңырамайды». Беті аулақ, қымбат қимасынан айрылып қалғанда ғана аңырайды. Меніңше, осы «аңыраймын» әу баста «жаңылмаймын» деп айтылған сияқты. Өйткені, «мамырлаймын» деген «жаңылмаймын» деген сөзбен біте қайнасып тұр. Айт дегенде өлеңді жаңылмағаны да қисынды. Өйткені, әу баста осы әнді шығарған композитордың тыңдаушыға білдіретін назы да жатыр емес пе?
Мұның барлығы әншілердің сөз құдіретіне үңіле бермейтіндігінде болса керек. Сондай-ақ, әнді үйретуші әншіге әннің бастапқы жолын дұрыс жаттатпағаннан да деген қорытынды шығаруға болатын тәрізді. Әңгіменің дұрысын мамандар айта жатар.
Қазақ елінің сан ғасырлық мұңы мен арманы халық әндерінде тұнып тұр. Оларды шығарушы әрі ақын, әрі әнші болды. Ән мен сөздің үйлесімділігі, мазмұны мен көркемдігінің нағыз шебердің қолынан шыққандай келісті болуының сыры да содан екені сөзсіз. Ал, кейінгілер ән мәтінін өз қалауларынша өзгертіп алып жүр. Мұның өзі әннің қиюын қашырады. Қазақ мұндайда «әжептеуір ән еді, пұшық келіп қор қылды» дейді.
«Пұшықтар» мен «пысықтар» әнді қор қылмас үшін ендігі жерде халық әндерін жүйелеп, өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші жылдарындағыдай, ғылыми негіздеп жинақтар шығару керек-ақ. Музыкалық оқу орындарында ән мәтініне байланысты ғылыми-тәжірибелік конференциялар, семинарлар өткізіп тұру да артықтық етпейді. Бұл бабалар мұрасына адалдық болып табылар еді.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ.
2022-01-04