ЕСТЕН КЕТПЕС ҰЛЫ ЕСІМ
Posted by: Қалмұрат
in Қоғам
09/01/2022
38 Views
Д.А.Қонаевтың өмірбаянынан деректеме:
Жұмабайұлы Меңліахмет пен Байырқызы Зәуренің жанұясында 1912 жылы 12 қаңтарда Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев дүниеге келді. 1930 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты өлкелік Комсомол Комитеті Мәскеу қаласындағы «Түсті металдар және алтын институтына» оқуға жіберді. Ол 1936 жылы осы институтты үздік бітіріп шыққан соң, Балқаш мыс қорыту комбинатының «Қоңырат» кенішінде еңбек жолын бастады. Ғылым жұмыстарында қоса алып жүрген ол кеніштің бас инженері, басқарма директоры қызметтерін де атқарды.
Жүзден аса ғылыми еңбектердің авторы Д.А.Қонаев – 1948 жылы техника ғылымдарының кандидаты, 1968 жылы ғылым докторы атанды. Д.А.Қонаев 25 жылдан аса Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, 7 жыл Қазақстан Республикасының Министрлер Кеңесінің орынбасары, төрағасы, 3 жыл Қазақстан Ғылым академиясының президенті қызметтерін атқарды. 15 жыл Кеңес Одағының Компартиясының Орталық Комитетінің Саяси Бюросының мүшесі болды. 1972, 1976, 1982 жылдары Д.А.Қонаевқа «Кеңес Одағының Социалистік Еңбек Ері» құрметті атақтары берілді. Партия және Үкімет делегацияларын басқарып, 17 шет мемлекетке сапарға шықты.
1986 жылы 16 желтоқсанда Құрметті еңбек демалысына шығып, 1993 жылы 22 тамызда 82 жасқа қараған шағында дүниеден озды. 25 тамыз күні Алматы қаласындағы «Кеңсай» зиратына жерленді. «Ақ пейілді, алып жүректі Димекең – алыстаған сайын асқақтай түседі» деп жазды сол күндері Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Егемен Қазақстан» газеті.
(«Естен кетпес ұлы есім» кітабынан. Авторы Б.Әжібеков).
Д.А.Қонаев біздің Мырзашөлді үнемі еске ұстап, мезгілімен келіп тұратын.
Мен, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ағамыздың біздің туып-өскен өлкемізге, атағы дүние жүзіне әйгілі Мырзашөлдің кіндігі болған атақты «миллионер шаруашылық – Мақтааралға» 1962, 1972, 1982 жылдары арнайы келген кезеңдерден үзінді әңгімелер жазып отырмын.
1962 жылдың күзінде «Мақтаарал» кеңшарына Кеңес Одағы Компартиясының бірінші хатшысы Хрущев Никита Сергеевич, Қазақ Кеңес Республикасы Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев, Өзбек Кеңес Республикасы Компартиясының бірінші хатшысы Рашидов Шараф Рашидович басқарған бір топ басшылар келді. Оларды қарсы алуға Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал және Киров аудандарының басшылары бір-екі күн бұрын келіп, көшелерді айнадай қылып тазалап, транспаранттар-жалауларға толтырып, қалашық орталығы үлкен тойға дайындалғандай жасандырылды. Мәскеудің, Алматы мен Ташкенттің МҚҚ қызметкерлері Н.С.Хрущев келетін жолда толық қауіпсіздік тәртіп орнатты.
«Жер шарындағы ең ірі мемлекеттің бірі – КСРО-ның «патшасы» Мырзашөлге келе жатыр» дегеннің өзі адамға қандай әсер қалдырды десеңізші. Сол кездегі жас балалар біздерге де өте үлкен әсер қалдырған еді. Елдегі халықтың бәрі шет қалмады, бәрі де Н.С.Хрущевті, Д.А.Қонаевты, Ш.Р.Рашидовтерді бір көріп қалуға арманда болды. Ташкенттен күймелетіп он шақты ең жоғары дәрежедегі (сол кездегі) алды «Чайка», «ЗИМ» болып автокөліктер «Мақтаарал» кеңшарының әкімшілік кеңсесінің алдына келіп тоқтады. Турасын айту керек, Н.Хрущев И.Сталиннен кейін Кеңес Одағын басқарғанның әсерінен бе, «Мәскеуден шықпай өзінің халықтарға деген геноцид әрекеттерін жасаумен өткен Сталиннен гөрі» адамдармен кездесіп, жүзбе-жүз әңгімелесуден қашпайтын. Сол әдетімен алдыңғы шепте тұрған бір топ кеңшар қызметкерлерімен, озық еңбеккерлермен амандасып, әңгімелесті.
Елдің құрметімен патшаның алдынан нан, тұз, гүл шоқтарын алып Жетісай ауданының бірінші хатшысы Бұқашев, Мақтаарал ауданының бірінші хатшысы Әлжанов Құлман, жұмысшылар комитетінің төрағасы Әбдрайымов Шырын, Н.Есентаев, Ф.Орлов, Н.Куликов, М.Тоқжігітов, Ұ.Ділдәбекова апай т.б. Социалистік еңбек ерлері шығып қарсы алды. Бір топ ақ көйлек киген, қызыл галстукты мектеп пионерлері ақ-қызыл гүлдерді басшыларға ұсынды. Н.С.Хрущев біраз уақыт халықпен әңгімелесіп болған соң, «Мақтааралдың» кеңесінде жиналыс өткізді. Арасында шаруашылықты, мақта плантацияларын аралап, техника жұмыстарымен танысты. «Коминтерн», «Джержинский» деген бөлімшелерде болды. Әңгіме арасында «Механический дождевальный полив»-ті өркендету сөз болды (бірақ кейіннен ол үлкен қолдау таппады, себебі бүкіл мақталықты механикалық жүйеде суару үшін миллиондаған тонна су бүркегіш, орнатқыштар жасау керек еді, ол өте тиімсіз болды).
Сол кездегі «Мақтаарал» кеңшарының директоры – Н.Хрущевтің бір ауылда бірге өскен досы, Социалистік еңбек ері Н.В.Куликов болатын. Ал менің әкем Балтабай, «Мақтаарал» кеңшарына 1931 жылы жұмысшы болып келіп, осы жерден 1939 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, майданнан жеңіспен оралғаннан кейін кеңшарға қайта орлып жұмысын жалғастырған еді. Бертін келе 1955 жылдан мал шаруашылығының бөлімше басқарушысы болып істеді. Ол кісі де көптің бірі болып, өзінің еңбегімен елге елеулі кісі атанды. Мал өсімінің ең жоғарғы көрсеткіштеріне колективпен бірге қолдары жетіп жүрді. Қандай басшы болса да озат еңбек адамын қадірлейді, сенім артады, қолдайды. Балтекең ақсақал да үлкен басшыларды қарсы алып, күту рәсімдерінің қатарында жүрді.
Әкемнің өз аузынан естіген едім. Н.С.Хрущев келетінінен бірнеше күн бұрын директор Н.Куликов өз кабинетіне қарамағындағы парторгін, рабочкомын, үш бөлімшенің басшысын және де бірнеше қызметкерлерін шақырып алып, кеңшарға –Кеңес Одағы Компартиясының бірінші хатшысы Хрущев Никита Сергеевич, Қазақ Кеңес Республикасы Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев, Өзбек Кеңес Республикасы Компартиясының бірінші хатшысы Рашидов Шараф Рашидовичтің келе жатқанын хабарлап, қандай қажетті дайындықтар жасау керектігін қызметкерлерге жүктейді. Балтабай ақсақалға дастарханға ет тағамын қамтамасыз ету тапсырылды. «Зоотехникалық бөлімдегі» ветерианарлармен бірге ол бірнеше мәрте тексерілуден өткізілген 5 айлық бұзауды, қойдың ең семіз жайдарысынан соғымға дайындық жасады. «Общепитке», «агроотдельге» –тағамдарды, көкөністерді столға дайындау тапсырылды. «Қазақ КСР-нің 40 жылдығы» бөлімшесінің басшысы Назарбек Сафаровқа, «Коминтерн» бөлімшесінің басшысы Ф.А.Орловқа, «Дзержинский» бөлімшесінің басшысы Н.Есентаевтарға егістік жерлерін барлық агротехникалық талапқа сай ұстау тапсырылады. Кездесуге күндіз-түні дайындық тынымсыз жүріп жатады.
Н.Хрущев, Д.Қонаев, Ш.Рашидовтар түскі тамақтан дәм татып, кеңшардың мақта плантацияларын аралап кеткен кезеңде, столға қойылған барлық тағамды, сол жерде қалған қызметкерлердің қолы жеткендері «теберік» ретінде таратып алады. Әлі есімде, сол «теберік» ретінде алған тағамнан әкем біздерге де дәм таттырған болатын…
Сол кездесуде Н.Хрущевтің: «Осы Мырзашөлдегі аудандарды Өзбекстанға беру керек» деген ұсыныс айтқанын, оған Д.Қонаевтың үзілді-кесілді қарсы шыққанын, кейіннен Н.Хрущев Д.Қонаевпен салқын сөйлесіп, Ш.Рашидовты алып, Ташкентке тез кетіп қалғанын гу-гу әңгіме етіп халық айтып жүрді.
Көп ұзамай Н.Хрущев өз дегеніне жетіп, біздің үш ауданды Өзбекстанға беріп тынды.
1972 жылы маусым айында Д.А.Қонаев Мырзашөл өңіріне келді. Сол кезде біздің Мақтаарал ауданының партия комитетінің бірінші хатшысы Уәлихан Сүлейменов, аудандық атқару комитетінің төрағасы Төретай Үкібаев болатын. Шымкент қаласынан «Чайка» автокөлігімен Д.А.Қонаев, облыс басшылары А.Ғ.Рамазанов, Ш.Шаймерденовтер біздің ауданға келді. У.Сүлейменов Сырдария өзеніндегі көпірден қарсы алып, Өзбекстанның екі-үш шауашылығын аралап өтіп, біздің «Абай» атындағы колхозды көруден бастады.
У.Сүлейменов сол оқиғалар туралы өз естелігінде былай деп жазады: «Біз Д.Қонаев ақсақалға «Абай» атындағы колхоздың мақта, жүгері егісін, мал фермасын көрсеттік. Сондағы істеліп жатқан жұмыстармен таныстырдық. Димекең колхозшылармен кездесіп, сөйлесті. Ол кісіге атқарылып жатқан істер ұнады. Колхоз төрағасы, Социалистік Еңбек Ері Шүренбай Тұрғанбаев ақсақалымыз Димаш Ахметұлын сусын ішуге шақырды. Димекең екеуміз дәм татып, сусын ішіп шықсақ, далада есіктің алды адамға толып кетіпті. Димекең бәрімен қол алыса амандасып шықты. Дмекең: «Тұрмыстарыңыз қалай? Ел-ауыл, бала-шағаларыңыз аман ба? Көптен бері оңтүстік аудандарды көрген жоқ едім. Арнайы аралап келген едім»-деді. Келгендердің көпшілігі қариялар екен. Олар қолдарын жайып: «Айналайын Димаш! Сізді келеді деп естіген соң қолыңды алып амандасайық, қайтадан елге қосқанына рахмет айтайық деп келдік. Бізде барлығы жақсы. Өркенің өссін! Денсаулығың мықты болсын, көп жаса! Халқыңды ұзақ басқарып, жетістіктерге жете бер! Әумин!»-деп баталарын берді.
1971 жылдың 12 желтоқсанында Қазақстан КП Орталық Комитеті мен Үкіметіміздің №612-ші бірлескен қаулысы шыққан болатын. Қаулы – Одаққа белгілі «Ленин» орденді «Мақтаарал» кеңшарының өндірістік техникалық базасын және де халықтың әлеуметтік-мәдени-тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында шыққан болатын. Соның орындалу барысын, құрылыстардың қалай жүріп жатқанын Димекең өз көзімен көргісі келді. Димаш Ахметұлы «Мақтаарал» кеңшарына келіп, орталықтағы құрылыс жұмыстарымен, егістіктермен танысып, өз ақыл-кеңесін айтты. Содан кейін Димаш ағаны Киров ауданына шығарып салдық. Т.Үкібаев екеуміз Славянка поселкасының орталығына келсек, аудан активтері бізді күтіп тұр екен. «Димаш Ахметұлының бізге келу-келмеуі белгісіз, дайындала берейік. Жетісай қаласына қонады, ертең қайтады»-дедік. Көрген, болған жайларды айтып, кешке үйімізге қайттық. Түнгі сағат 23-ке жақындап қалғанда, Жетісай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы И.К.Мороз телефонмен хабарласып, «Жетісайға келсін, ертең ерте Шымкентке бара жатып, Славянканы көремін» деген Димекеңнің сәлемдемесін жеткізді. Ертеңіне ерте барып, Димаш Ахметұлымен бірге, Славянкаға келдік. Аудан орталығын аралап болған соң, аупарткомда аудан мәселелері, болашақ жұмыстар жөнінде әңгіме болды. Кейін үш аудан басшылары ізгілік тілектермен Димекеңді шығарып салды. Шекарада Д.Қонаевты Өзбекстан Компартиясының бірінші хатшысы Ш.Рашидов күтіп алған соң, Димекеңмен қоштасып артқа қайттық. Аудандық партия активін шақырып Димекеңнің ақыл-кеңестерін жеткізіп, аудан еңбекшілерін еңбекке белсенділігін күшейту бағытында жұмыстар жүргіздік. Соның арқасында аудан 25 мың гектардың әр гектарынан 36,8 центнерден өнім алып, 92 мың тонна мақта тапсырды. «Мақтаарал» кеңшары туралы қабылданған қаулы орындалды. Аудан орталығы да өзгеше рең алды. Д.А.Қонаевтың тапсырмасы ойдағыдай орындалды. Аудан шаруашылықтарына толық табиғи газ жүйесі жүргізілді». (У.Сүлейменовтың «Естен кетпес ұлы есім» кітабында жақған мақаласынан).
Мен, 1974-1996 жылдар аралығында «Мақтаарал» кеңшарында құрылыс бөлімін басқардым. 1987 жылы Д.А.Қонаев ағамыздың басшылығымен қабылданған – Қазақстан КП Орталық Комитеті мен Үкіметіміздің «Мақтаарал» кеңшарының материалдық-техникалық базасын нығайту жөніндегі 1971 жылдың 12 желтоқсанындағы бірлескен №612-ші қаулысы толық орындалып, Мәскеуде өткен Бүкілодақтық Халық Шаруашылық Жетістіктерінің (ВДНХ) көрсеткіштері бойынша кеңшар орталығының – Ильич поселкесіндегі (қазіргі Атакент қалашығы) күрделі құрылыстардың нәтижелі салынуы бойынша І Дипломға ие болып, жеңімпаз атанды. Көпшіліктің арасынан маған да ВДНХ-ның алтын медалі берілді. Үкіметіміздің Д.А.Қонаев ағамыздың тікелей қамқорлығы айқын байқалғанын біздер анық сезген едік.
1982 жылдың ақпанында Ташкентке Кеңес Одағындағы 14 республика басшыларының бас қосқан жиналысы болды. Жиналысты Одақ Компартиясының Бірінші хатшысы Брежнев Леонид Ильич өткізді. Арада бір күн демалыс жарияланғанда Д.А.Қонаев Л.И.Брежневтен рұқсат алып, біздің аудандарға келіп кетуді жөн көрді. Біздің Мақтаарал аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Көшербай Ысқақов, Д.А. Қонаевты жоғары деңгейде қарсы алу үшін ұйымдастыру жұмысын ауданның атқару комитетінің төрағасы Торғанбек Жұмановқа тапсырды. Ол кісі кешке таман біздің «Мақтаарал» кеңшарына келіп, директорымыз Қосай Ибрагимовті, парторг, жұмысшылар комитетінің төрағасын, бас мамандарды шақырып алып, ертең Д.А.Қонаевтың келетінін, ол кісіні жоғары деңгейде, жақсылап қарсы алу керектігін қазықтап айтты. Димаш Ахметұлының жол бағыттарын ойластырдық. Әр қызметкер өзіне тиісті тапсырмасын алды. Айтқандай ертесіне, 23 ақпан күні болу керек, сағат 10-нан аса Д.А.Қонаев ағамыз ауданымызға келді. Нан-тұзбен қуана қарсы алдық. Дастарханнан нан үзіп, жеңіл дәм татты. Жүздесіп, аманшылық сұрастық. Аудан басшылары – Көшербай Ысқақов, Тұрғанбек Жұманов, директор Қосай Ибрагимовтер Димекеңнің қасында біраз болып, әңгімелесіп болған соң кеңшар мұражайын аралап, оның тарихымен танысты. Мұражайдың меңгерушісі, отставкадағы подполковник Василий Иванович Амельченко кеңшардың бұрынғы тарихы мен осы күнгі жайы туралы құнды ақпараттарды баяндап берді. Амельченко бір кезде күтпеген жерден: «Димаш Ахметович, міне, мынау тұрған Сіздің портретіңіз»-деп, ол кісінің 1970 жылдары түскен суретін көрсетті. Димаш Ахметұлы еш саспастан, жайдары жүзбен күліп орысшалап: «Спасибо Вам, здесь я немного моложе выгляжу, как джигит»-деп жауап берді. Айналасындағылар да бір жеңілдеп күлісті. Бірақ кейіннен В.И.Амельченко біразға дейін партия жетекшілерінен ескерту алып жүрді. Мақтаарал кеңшарының мақта плантацияларын, орталық трактор жөндейтін шеберханасын, Ильич поселкасының орталығын аралап көрді. Кейін «Мақтаарал» мақта өңдеу зауытын көруге барды. Зауыттың алды толған жұмысшылар, лозунгтер, гүл шоқтары. Д.А.Қонаев жұмысшылармен біраз уақыт сөйлесті. Әлі есімде, зауыттың жұмысшысы Басман деген неміс ағайынымыз Димекеңнің қолын алып амандасқада, Димекең: «Как живете?»-деп сұрағанда, жұмысшы Басман (өзі толық кісі еді, жасы елуден асқан) «Как видите, Димаш Ахметович, какой я! Живем очень хорошо!»-деп, жауап бермесі бар ма. Димекең рахаттана күліп, ол кісіге риза болып арқасынан қағып, зауыттң ішін аралап кеткен еді.
Кейін де Алматыға, Димаш Ахметовичке сол Басман жұмысшымыз хат жазған екен. Хатында: «Помните, Димаш Ахметович! Когда Вы приезжали к нам на завод в Ильичевку, я Вам говорил, что мы живем очень хорошо»-деп, сол кездегі Димекеңе кездескенін жазып, мақтан етіп айтып жүретін. Өзіміз де Басманның өз аузынан жыр етіп айтып жүргенін естіп жүрдік.
Димаш Ахметұлы Қонаев өз заманының Ұлы перзенті, халқымыздың Ұлы тұлғасы.
Димаш Ахметұлы Қонаев ағамыздың туғанына 2022 жылдың 12 қаңтарында 110 жыл толып отыр. Еліміздің мақтан тұтар перзентінің туған күні құтты болсын ағайын!
Айыпберген БАЛТАБАЙҰЛЫ,
ақын-жазушы. Атакент кенті.
2022-01-09