МАҚТААРАЛДА 4 БЛОК БЕКЕТ ЖҰМЫС ІСТЕУДЕ
Posted by: Қалмұрат
in Билік, Саясат
11/01/2022
29 Views
Елдегі Төтенше жағдайға байланысты Мақтаарал ауданында 4 блок бекет жұмыс істеуде.
«Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы» ҚР Президентінің 2022 жылғы 05 қаңтардағы №742 Жарлығына сәйкес, аудан аумағында қоғамдық тәртіпті сақтау және оның алдын алу мақсатында Келес ауданынан Мақтаарал ауданына кіреберістегі Азаттық елдімекеніне және Жетісай ауданынан Мақтаарал ауданына кіреберістеріндегі Ақалтын, А.Қалыбеков және Достық елді мекендеріне блок бекеттер орнатылды.
Аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Қ.Сатыбалдиев барлық блок бекеттерге жауапты ретінде бекітілді. Сондай-ақ, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, әкімдіктердің мамандары, Жетісай және Мақтаарал аудандарының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің қызметкерлері, әскери қызметкерлер бекітілген кестеге сәйкес блок бекеттерде кезекшілік жасауда.
Блок-бекеттен өткен көліктер мен көліктегі әрбір азаматтардың жеке куәліктері тексерілуде. Бұдан бөлек, ауданда төтенше жағдайдың күшінде болуы кезеңіне дейін күн сайын сағат 23:00-7:00 аралығында комендаттық сағат енгізілген. Атап айтқанда, аудан тұрғындары осы уақыт аралығында көшеге себепсіз шығуға болмайды.
Ауданда аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілердің, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілерді де күзету күшейтілген.
Мақтаарал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
2022-01-11