ЖАНЫ ТЕРЕҢ АСЫЛ АҒА
Posted by: Қалмұрат
in Кәсіпкерлік, Қоғам, Руханият
11/01/2022
29 Views
Біздің қоғамда көкірегі – көмбе, өмір жолы – ұрпаққа өнеге, болмыс бітімі – кейінгі ұрпаққа үлгі асыл жандар аз емес. Туған еліне, жеріне, халқына адал қызмет етіп, көпке қадірлі болып ел ағасы атанған сондай ардақты жандардың бірі – Немат Сүлейменов ағамыз еді. Өткен жылы бүкіл дүниені дүр сілкіндірген жұқпалы індет өршіген кезде жаны жайсаң аяулы ағамыздан қапыда көз жазып қалдық. Сонау жастық шағымыздан араласып, туған ағамыздай болып кеткен, үлкен-кішіге қамқор, жанашыр ағамыздың бақилық болып, о дүниеге мәңгілік аттануы біз үшін көрген түстей болып қалды. Бүкіл Мырзашөл аймағы, оның ішінде өзі азамат болып жетілген Асықата өңірінде Немат ағаны жақсы білетін, танитын азаматтардың бәрі «Нәкең де өтті ме өмірден? Қандай көпшіл, біртуар, жақсы жан еді ғой» деп өкінгенін естіп, білгенде көңіліміз босап, шын мәнінде ер тұлғалы азаматтан шын айырылғанымызды жүрегімізбен сезіндік, ішіміз қимастықтан қан жылады. Бірақ, өлім біреуге ерте, біреуге кеш келеді дегені рас екен ғой. Немат ағамыздың әлі елге берері көп еді, небір асыл армандары жүзеге аспай қалды-ау деген өкініш өзегімізді өртегені рас…
Сексенінші жылдары бұрынғы Киров (кейінгі аты Асықата) аудандық «Коммунистік еңбек» газетінде мәдениет және тұрмыс бөлімінде меңгеруші болып істеп жүрген кезімде аудандық ДОСААФ мекемесінде басшы болып істейтін Немат Сүлейменов ағамызбен алғаш рет таныстым. Мінезі ашық-жарқын, адамды өзіне тартып баурап алатын жүзі жылы, мінезі ашық азаматты іштей ұнатып, сол сәттен бастап аға тұттым. Кейін араласа келе байқағаным, Немат ағаны бүкіл аудан, тіпті көршілес Мақтаарал, Жетісайдың тұрғындары да жақсы біледі екен. Елге сыйлы, төрі бар азаматты ел құрметтейтіне көзім жете түсті. Сол кезде бір қарияның «Немат Алла-Тағала басына бақ қондырған жігіт. Әйтпесе, лотереядан «Волга» ұтып алар ма еді!? Бұл екінің біріне бұйырмайтын бақ-береке ғой» дегенін өз құлағыммен естідім. Рсында, сол бір Кеңес дәуірінде жұрттың қолы «Москвич», «Жугилиге» әрең жететін кезде Нәкең ақ арғымақтай ақ «Волганы» тізгіндеп, жүйткітіп жүрді.
Бір күні Немат ағаны аудандық тұтынушылар қоғамы жанындағы кеңсесіне іздеп барып, сұхбат алдым. Мекеменің жұмысы туралы сұрастырып көп мәлімет жинақтадым. Енді қоштасып қайтуға ыңғайлана бергенімде,
– Сәбит, жеке жүргізушілік куәлігің бар ма?-деді.
– Көлігім жоқ ғой, көке. Куәлік қазір қажет емес-ау,-деп едім,
– Жоқ, сен олай деме. Көлік те бітер бір күні. Оған дейін куәлік алып ал. Үш айда оқып аласың,-деді. Бұл Немат ағаның қамқор пейілі ғой. Содан жүргізушілер даярлайтын кешкі курсқа барып жүріп, Нәкеңнің жеңілдік жасап, қолдауымен 1984 жылы көктемде жүргізушілік куәлікке ие болдым.
Немат ағаны жұрт «Көпшіл азамат» деп бекер айтпайды екен. Аудан көлемінде қандай іс-шара болса, соның басы-қасында ағамыз шауып жүреді. Барлық тірлікті ұйымдастырып, тап-тұйнақтай етіп атқарады. Сондықта аудан басшылары Немат ағаны сыйлы қонақтарды күтіп алып, шығарып салу, оларға сыйлық дайындау сияқты жауапты жұмыстарды сеніп тапсыратынына талай мәрте көзіміз жетті. Күзгі мақта терімі науқаны ол кезде үш айға дейін созылады. Аудандағы барлық мекеме, кәсіпорын, оқу орындарын жауып, елді мақта теріміне жұмылдыру ісі өте маңызды жұмыс болатын. Арнайы штаб құрылып, жұмысшылар мен қызметкерлерді совхоздарға мақта жинауға автобуспен апарады. Күні бойы ол жұмысты ұйымдастырып, кешке түн жарымына дейін зауытта өтетін штаб жиынында есеп беріп, үйге таң ата қайтатын азаматтардың алғы шебінде үнемі Немат аға белсеніп жүретін. Күні-түні ұйықтамай,мақта терімі науқаны біткенше бір дамыл таппайтын еді. Еңбексүйгіштік, шыдамдылық, қайсарлық секілді мінездер бір бойынан табылатын ағамыздың ерен іскерлігіне, ұйымдастырушылық қабілетіне осы күні қайран қаламын! Мұның бәрі жастайынан ата-анасынан алған тәлімді тәрбиенің арқасы-ау деп ойлаймын. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің»-демекші, әрбір адам өмірге келген соң өз ұясынан қанаттанып, сосын үлкен өмір жолына самғайды емес пе? Өмір атты үлкен жол үстінде қиындықққа мойымаудың қыр-сырын Немат аға өз отбапсынан үйреніп, түсінген-ау деймін. Ағамыз жастайынан спортқа құмар болды. Бағара селосында ол кезде өзге ұлт өкілдері – орыс, неміс, кәріс, грек, тәжік ұлттары көп болатын. Мектептен бастап түрлі ұлттардың балаларымен етене жақын, дос болды. Түрлі спорт үйірмелеріне белсене қатысып, талай жарыстарда жүлде алды. Мәскеуде өткен жастардың бүкілодақтық спорт жарысына жерлестерін бастап барып, жеңіс тұғырынан көрінуі үлкен жетістік, мақтаныш болатын. Немат аға ДОСААФ комитетін басқарған кезде бұл мекемеде темірдей тәртіпке бағынған іскер, білімді де білікті мамандар жұмыс істеді. Асықата өңірінде қаншама азаматтар түрлі категориялар бойынша жүргізушілік куәлік алды.
Еліміз Тәуелсіздікке ие болған соң Нәкең де жаңа талапқа сай, нарық заңдарын жетік игеріп шынығып, шыңдала түсті. Киров ауданында да. 1992 жылы ақпанда әкімшілік институт құрылып, ауданға әкім болып Кенжетай Сәрсенов келді. Жаңа басшы тұрмысы төмен, әлжуаз отбасыларды қолдау мақсатында «Демеу» қоғамдық қорын ашты. Оған басшылық жасауға Неман ағамызды шақырды. Тыңнан түрен салғандай жаңа жұмысты Нәкең ұршықша үйіріп әкетті. Аудан орталығындағы тұрғындарды бес саусақтай жақсы танитын ағамыз тұрмыс деңгейі нашар отбасылардың тізімін өзі жасап, әрбір отбасына тегін азық-түлікті жүйелі түрде таратып тұрды. Қайырымдылық қорында істеген жылдары Немат аға қаншама адамдардан алғыс алды, сауапқа бөленді. Үйінен шыға алмайтын қарияларға, ауру-сырқау жандарға ұн, ақ май, ет, шай, картоп, тұзын өзі арқалап апарып, жеткізіп бергенін талай мәрте көзіміз көрді.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 50 жылдық мерекесінде майдангерлерге Елбасының атынан алтын сағат берілді. Осы сыйлықты да Немат аға әрбір ардагердің үйіне апарып, өз қолымен тапсырды.. «Ағаттық кетіп қалмасын, ел үшін, осы бейбіт өмір үшін күрескен ардагерлерді қалайша құрметтемейміз,-деп ағынан жарылып, ардагерлерді құшақтап мейірімін төккенін көргенде ағамыздың адал, қамқор пейіліне риза болған едік.
1997 жылы көктемде Елбасы Жарлығымен Мақтаарал, Жетісай және Киров аудандары оңтайландыру саясатымен бірігіп, іріленген Мақтаарал ауданы құрылды. Аудан орталығы Жетісайға көшті. Асықатада көптеген азаматтар жұмыссыз, саудырап бос қалды. Бұл қиындық Немат ағаның отбасына да оңай тиген жоқ. Бірақ өмір бойы сауда саласында істеп келген Дина жеңгеміз бұл тығырықтан оңай шыға білді. Алматы, Бішкек, Жәркенттен тай-тай маталарды вагонға тиеп, Солтүстік Қазақстанға апарып, базарда сауда жасады. Немат аға екеуі ақылдаса келіп, Астанаға жақын Торғайдың Атбасар қаласына табан тіреді. Сауда-саттықты дамытып, кейін келе супермаркет дүкендерін, тігін цехтарын ашты. Нарықты экономиканы игеріп, жұмыстары қарыштап алға басты. Елордадан келін алып, құда-жекжат, жаңадан достар, туыстар тапты. Арқаға біртіндеп бауыр басты.
Бірақ Немат аға туып-өскен Оңтүстік Қазақстанды, Шымқаланы, өзінің балалық ізі қалған Бағараны ұмыта алмады, қимастықпен, сағына іздеуден жалықпайтын. Елдегі жан достары Аманкелді Әміров пен Нысанбекті ертіп алып, апталап, айлап жатып, мауқын басып қайтушы еді. Менің жұбайым Жанатты жиен қарындасым деп өзіне ерекше жақын тартатын.. «Бірақ Сәбитжан сен маған күйеу бала емессің, тек інім болып қаласың»-деп менің көңілімді де аулап қоятын. Енеміз Балкүл апа саңғыл руының қызы ғой. «Немат менің жақын інім,»-деп үнемі мақтан етіп отыратын. Үлкен қайынбикем Феруза әпшені, жездеміз Оңғарды жақсы көріп, сыйлап өтті. Жаңа құдаларын шаңырағына шақырып, құдалықтарына Дина жеңгей екеуі бірге барып жүрді. 2018 жылы күзде біздің үйге қонақ болып келген күні, қолыма Астанадан аудандық «Мақтаарал» газетін ашу туралы куәлік келіп тиді. Ағам мені жаңадан қайта қалпына келген ауданның газетіне бас редактор болуыммен құттықтап, иығыма зерлі шапан жапты, ізгі тілегін білдіріп қуанышымды бөлісті. Ертесіне екеуміз Жетісай ауданының жаңа әкімі Жамантай Бейсенбаевты құттықтап шықтық. Онда әкімнің қабылдауында Немат аға жастық шағында Мырзашөл өңірінде спортты дамытуға елеулі үлес қосқанын айттым. Атакенттегі «Алпамыс батыр» атындағы орталық саябақта осы өңірдің өнер, спорт қайраткерлерінің есімдері жазылған мемориал тақтайшаға Н.Сүлейменов ағамыздың да атын жазуды өтіндім. Өкінішке орай, кейін әкім ауысып кетті де, бұл өтінішіміз аяқсыз қалды. Осы жылы күзде «Жаңа жетісай» газетіне Немат ағамыз туралы мақала-эссе жаздым. Ағам оны оқып, риза болып көшірмесін туыс-достарына жіберіп жүрді. Осы келген сапарында Немат аға бір топ туыстарын «Мырзашөл ардагерлері» кітабына жазып, енгізді. Бұл мақалаларын маған өңдетіп, қарап беруімді өтінді. Бұдан соң өзі оқыған қазіргі №112 (бұрынғы аты «Победа») орта мектебінің 80 жылдық мерейтойын атап өту туралы ұсыныс, ой-пікірлерін сол кездегі мектеп директоры Майра Әлмаханқызына айтып, естелік-кітап шығару мәселесін көтеріп, оған демеушілер іздестіру қажеттігін айтты. Осы мәселе бойынша маған да ұялы телефонмен жиі хабарласып тұрды. 2020 жылы короновирус індеті күшейген кезде мен сырқаттанып ауруханаға түстім. Сол кезде көңілімді аулап, «Тез жазылып шық, қымыз-қымыран іш, жылқының етін же, өзіңді күт!»-деп сонау Атбасардан тілектес болып, жаашырлығын көрсетті. Ауыл иісі аңқыған туған жерге жиі келіп тұратын асыл ағамызды былтыр ауыр дерт төсекке таңды. Көп ұзамай «Немат аға өмірден өтті» деген суық хабар келіп жетті. Амал қанша, Алланың жазуы солай екен. Немат аға ауылға келген сайын жастық шағын жиі еске алып, үлкен сөмкесінен тастамай алып жүретін көне суреттерді көрсетіп, әңгіме тиегін ағытатын еді. «Біздер соғыстан соң өмірге келген ұрпақпыз ғой» деп, ақын Тоқтарбек Әбдірахманұлының «Біз қырқыншы жылдарданбыз, Тар кезде туғандармыз, Кештетіп бүр жарғанбыз, Көп тойдан құр қалғанбыз, Шыңырауда шыңдалғанбыз, Жығылып тұрғандармыз, Мұңды ән-жырларданбыз, Ертеңгі думандармыз, Біз қырқыншы жылдарданбыз» деген өлеңін оқып беріп, «Иә, біздер соғыстан соң туылған балалар тағдыр тауқыметін қайыспай көтерген әке-шешемізді, аға-жеңгелерімізді көріп өстік. Күн-түн демей жұмыс істеп, мақта теріп, шөп шапқан, қырман басып, егін салған, бірақ тек арды ойлаған қайран әке-шешелеріміздің тәрбисі-ай» деп терең ойға шомып кететін.
Немат ағамыз – мамандық пен жар таңдауда жолы болған, қиындыққа мойымай, алға ұмтылу секілді асыл мұратына жеткен жан еді. Жеңгеміз Дина екеуі ұлағатты ұрпақ өсіріп, немере сүйіп, әулеттің ұйытқысы, қамқоршысы бола білді. Өскелең перзенттеріне үнемі: «Өмірде екі нәрсені ұмытпаңдар. Бірі – Алла әрдайым жүрегіңде болсын. Себебі, құдай бізді жаратты. Екіншісі – қазақ деген өз халқыңды құрметтеп, сыйлап, бағалай біл, ана тіліңді қадірле»,-деп жиі өсиет айтатын еді.
Жаны терең асыл ағамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын, рухы пейіште шалқысын. Артында қалған ұрпағын өсіп-өніп, жайқалып көбейе берсін дейміз.
Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ,
аудандық «Мақтаарал» газетінің бас редакторы, Түркістан облысы.
2022-01-11