МЕЙІРІМ ЖҮРЕКТІ ҚАРСЫБАЙ АҒА
Posted by: Қалмұрат
in Қоғам, Руханият
11/01/2022
32 Views
Мына өмірде бүкіл тұла бойынан, жүріс-тұрысынан, тіпті сөйлеген сөзінен де жаныңды нұрға бөлер шуақтың лебі сезіліп тұратын, адамгершілік асыл қасиетімен еріксіз өзіне тарта түсетін жаны жайсаң адамдар аз емес. Сондай адами ерекше қасиетке ие жандардың бірі – Мырзашөлді көркейтіп, дамытуға өзінің мол үлесін қосып келе жатқан қазыналы қария, өткен жылы еліміз Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы атағын иеленіп, абырой биігінен көрінген Қарсыбай Ерсариев ағамыз деп білеміз.
Үнемі сүйкімді жүзінен, қоңырқай көзінен мейірім шуағы төгіліп тұратын, қашан көрсең де үнемі қабағы жадырап, күлімсіреп жүретін Қарсыбай ағаның мінезі жұмсақ, жайдары, үлкенге ізетті, кішіге қамқор қалпынан танған емес. Қарсыбай ағаны көрген сайын менің есіме екінші Аристотель атанған әйгілі жерлесіміз Әл-Фарабидің «Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты» деген қанатты сөзі түседі. Сексеннің сеңгіріне шықса да, қоғамдық жұмыстан қол үзбей Мақтаарал аудандық мүгедектер қоғамын басқарып, қайырымдылық іс-шараларын тиянақты атқарып келе жатқан ағамыздың шымыр да ширақ қалпын, ойға алған ісін орындағанша тынбайтын қайсарлығына, өмірге деген ерекше құштарлығына тәнтіміз.
Қарсыбай аға Ұлы Отан соғысы қайнап тұрған қиын шақта 1942 жылы Мақтаарал ауданы, Абай колхозында дүниеге келді. Аяулы әкесі Ерсары сұрапыл соғыс басталғанда әскерге алынып, қан майданның алғы шебінде жаумен аянбай шайқасып жүрді. Алғашқыда майданнан сағынышты хаттары келіп тұрды. Кейін 1943 жылы тым-тырыс, хабар-ошар болмай кетті. Сөйтіп, ана құрсағында қалған Қарсыбай аға әкесінен мәңгілікке көз жазды.
Өз өмірін өлеңмен жазып кеткен ақын Тоқтарбек Әбдірахманұлының тұтас бір ұрпақтың ғұмыр баянына айналған:
Біз қырқыншы жылдарданбыз,
Тар кезде туғандармыз.
Кештетіп бүр жарғанбыз,
Көп тойдан құр қалғанбыз.
Шыңырауда шыңдалғанбыз,
Жығылып тұрғандармыз.
Мұңды ән жырларданбыз,
Ертеңгі думандармыз.
Біз қырқыншы жылдарданбыз!-деген өлең жолдары туп-тура Қарсыбай ағамызға да арналып жазылған дер едік. Қазақтың атақты ақыны Сырбай Мәуленов те «Соғыстан қайтқа солдаттар» атты өлеңінде жесір қалған жар, әке көрмей өскен өрімдей жас сәби тағдырын айна-қатесіз жырлады емес пе?
«… Кетерде солдат жарының,
Ішінде қалған ана жыл.
Көкемді айтпай танырмын,
Деп бір сәби бала жүр.
Қайырылмай қалай кетесің,
Хабарсыз қалай ол тоқтар,
Көрдің бе оның көкесін,
Соғыстан қайтқан солдаттар?…»
Анасы тылдағы қайнаған еңбектің ортасында жүріп мақта теріп, егін екті, шөп шауып, бау байлады. Қазақ қай заманда да жесірі мен жетімін жылатпаған қасиетті халық ғой. Сондай алмағайып қиын сәттерде Мақтаарал ауданының «Алғабас» колхозында партия ұйымының хатшысы болып істеген нағашысы Құлбаба көкесінің жасаған жақсылығын әсте ұмыта алмас.
Талай күн, талай таңдарда жан әкесін күтіп, дидарын бір көруді армандаған Қарсыбай ағаны анасы Анар апа тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай тістелеп жүріп өсірді. Өзінен алты жас үлкен Ілес ағасын да арқа тұтып, бірге өсіп жетілді.
1959 жылы Ильич (қазіргі Атакент) поселкасындағы №1 қазақ орта мектебін бітірген соң колхозда қарапайым жұмысшы болып еңбек жолын бастайды. 1961 жылы арман қуған албырт жас Алмматы қаласына келіп, кинотехникаумға оқуға түседі. Жатақханада тұрып жүгері талқынды қара суға шалып жеп, азын-аулақ стипендиямен күн көре жүріп, 1964 жылы кинотехник мамандығын алып шығады. Бұдан соң Шымкент қаласында ГПТУ-38 училищесінде шебер болып жұмыс істейді. 1968 жылы 26 жасында өзі туып-өскен Мақтааралға келіп, аудандық киноландыру жүйесінің партия комитетінің бірінші хатшысы Жолдас Әлихаов деген кісі болатын. Ұлы Отан соғысына қатысөқан, өмірден көргені мен түйгені көп, сауатты, іскер өте сабырлы, парасатты, мейірімді жан еді. «Қарсыбай, сен осы киноландыру саласыың нағыз маманы екенсің. Сондықтан жас болсаң да саған үлкен сенім артып, осы мекемені басқаруды жүктеп отырмыз. Іске сәт, балам!»-деп арқамнан қағып, жылы сөзін айтқан асыл азаматтың жақсылығын қалай ұмытармын,»-деді бізбен әңгімесінде Қарсыбай аға.
Содан бір жыл бұрын жоғары білім алуды мақсат етіп Қарсыбай аға Шымкент педагогика институтының математика факультетін сырттай оқуға түскен еді. Ол оқуын жалғастыра жүріп, ауданда киноландыру жұмысын жақсы жолға қоя білді. Аудан орталығы Славянкадағы «Дружба» кинотеатрында және әрбір шаруашылық, бөлімшелердегі ауылдық клубтарда көркем және деректі фильмдер көрермендерге тұрақты түрде көрсетіліп тұрды. Кейде түнде электр жарығы сөніп қалған кезде движоктарды қосып жұмыстарын тоқтатпай жүргізді. Қарсыбай ағаның тиянақты ісіне аудан басшылары да риза болып, бірнеше рет Алғыс хаттармен марапатталды.
Бұдан кейін Қ.Ерсариев ағамыз 1974 жылы тік дренаж ұңғымаларын жұмыс істететін СПМК-69 мекемесіне учаске басшысы қызметіне жұмысқа шақырады. Өмірге деген құлшынысы, жалындаған жастық жігері бойында алаулап тұрған Қарсыбай аға бұл жауапты жұмысты да ұршықша дөңгелетіп үйіріп әкетті. Ол кезде Мақтаарал ауданының өзінде 294 дренаж күні-түні үзіліссіз жұмыс істейтін. Штатта 15 адам бар. Энергияға жұмсалған шығынды шаруашылықтар төлейді. Тік дренаж ұңғымалары тұрақты жұмыс істегендіктен топырақ тұзы аз, жердің соры жоқ болатын. Соның арқасында, мақта, бау-бақша, мал азықтық дақылдардың өнімділігі жоғары болып, шаруашылықтардың табысы жоғаы, пайдасы көп болды. Қарсыбай аға осы мекемеге басшылық жасап, үлкен абыройға бөленді. 1992 жылы елімізде жүргізілген жекешелендіру кезінде аталмыш мекеме де жекешеленіп, өз атына аударылды. Содан бері жергілікті бес-алты азаматқа жұмыс тауып беріп, нарық талабына сай еңбек етуде.
2003 жылы Қарсыбай аға зейнет демалысына шықты. Еңбектің зейнетін көретін жасқа келдім деп үйде қол қусырып отырса да болар еді. Бірақ, бейғам болып, тыныш жата алмады. 2005 жылдан бастап, іріленген Мақтаарал аудандық мүгедектер қоғамы төрағасының орынбасары болып, қайырымдылық іске білек сыбана кірісті. Төрағасы Әнуар Әлімбеков ағамыз екеуі тізе қоса жұмыс істеп, мүгедектер қоғамының жұмысын жандандырып, оны дұрыс жолға қоя білді. Аудандағы жаны жомарт, қолы ашық азаматтарды демеушілікке тартып, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тізімін жасап, оларға қолдан келгенше ақшалай, заттай жәрдем беруді ұйымдастырды. Қарсыбай аға 2019 жылы Мақтаарал ауданы бұрынғы тарихи қалпына келген соң жаңа ауданда мүгедектер қоғамын құрды. Тиісті құжаттарын реттеп, Әділет басқармасында тіркеуден өткен соң іске кірісті. Бүгінгі таңда аудандық мүгедектер қоғамының 3562 мүшесі бар. Жылда мүгедек азаматтардың денсаулықтарын жақсарту үшін жолдама алуыа ықпал жасап келеді. Тиісті мекем басшыларына хат жазып, көмек сұрайды, демеушілік жасауын өтінеді. Жақында ғана 60 шақты мүмкіндігі шектеулі жандарға ақшалай жәрдем берді. Сол кісілердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары жақсы болса екен деп алаңдап жүреді. Жабырқағанды маңдайынансипап, көмек беруден аянбайды.
Қарсыбай аға өмірсерігі Ұлмекен апай екеуі 6 перзентті жарық дүниеге әкеліп, оларды азамат етіп жтілдірді. Ұлмекен апай көп жыл Мырзакент ауруханасында балалар дәрігері болып істеді. Қанша сәбидің денсаулығын жақсартуға аянбай атсалысты. Әттең, көп жыл отасып, тату-тәтті тұрып жатқан асыл жары Ұлмекен апайдан 1999 жылы мәңгілікке айырылып қалды. Бұл ауыр қайғы Қарсыбай ағаға оңай соққан жоқ. Содан бері көгеннің бұршағындай тізіліп, күндер, жылдар сыбдырсыз зымырап сырғып өтіп жатыр. Аяулы, асыл жарын жоғалтқан 23 жылдан бері тек балаларының амандығын, жақсылығын тілеп, отбасының құт-берекесін сақтап, қиындыққа мойымай, алға ұмтылып келеді.
«Шын бақ – ата-ананың махаббаты мен балалардың таза жүрегінде» деп Шәкәрім бабамыз айтпақшы, ұл-қыздары тәрбиелі, бәрі жоғары білімді маман, үйлі-жайлы. Үлкен ұлы Базарбай ауыл шаруашылығы институтын бітірген, агроном еді. Өкінішке орай, 2020 жылы жұқпалы дерттен қайтыс болды. Жүзбай атты ұлы көлік-жол инженері. Алматы қаласында тұрады. Аманкелдісі кәсіпкер. Қыздарының үлкені Күләш есепші, Гүлнара педагог, кенжесі Айгүл Жетісайда тұрады. Қарсыбай аға перзенттерінен 15 немере, 6 шөбере сүйіп отыр. Үлкен ұлы Базарбайдың үйіндегі немересі Ақжол Түркістан облысында ҰҚК қызметкері. Аманкелдінің үйіндегі немресі Нұржан Алматы қаласында оқиды, студент. Немерелерінің алды үйліп, отау құрып отыр.
– Әдемі қартая білу де бақыт. Жас ұлғайғанда өзіңнен кішілерге қадіріңді кетірмей, беделіңді түсірмей сәнді қартайғанға не жетсін? Бұрынғы қариялар жастарға сөз бастағанда «айналайындар», «қарақтарым», «шырақтарым» деп, ал сөздерін аяқтағанда «Өркендерің өссін», «Жастарың ұзақ болсын», «Бақытты, иманды болыңдар» деп ақ батасын беріп, мейірім-шапағатын төгіп отырған. Ауыл-аймақ ішінде болып жататын ұсақ-түйек қылмыс, ұрлық, төбелес, ажырасу секілді келеңсіздіктерге сөзі өтімді қариялар араласып, елдің ынтымақ-бірлігін сақтауға күш салған. Осы бір қарияларға тән ізгі қасиеттерімізді жоғалтпай, жастарға текті тәрбиемізді бере білсек,-деймін дейді Қарсыбай аға.
Бүгінгі күні сексен жастың асуына шығып отырған қадірлі ағамызға Алла қуат беріп, дін аман жүре берсін, жүз жастың да төрін нәсіп етсін дейміз.
Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ,
Мырзакент кенті.
2022-01-11