Deprecated: Function is_staging_site is deprecated since version 3.3.0! Use in_safe_mode instead. in /var/www/vhosts/sayipqiran.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6031
ӘМЕҢГЕРЛІК АЙЫП ПА? - САЙЫПҚЫРАН.KZ Ақпаратты-сараптамалық порталы
Home » Қоғам » ӘМЕҢГЕРЛІК АЙЫП ПА?

ӘМЕҢГЕРЛІК АЙЫП ПА?

Сабырбек ОЛЖАБАЙ.
         Былтыр қасиетті күй өнерінің жарқын тұлғасы, «Ғасыр адамы» атанған күй анасы Дина Нұрпейісованың 160 жылдығы  республика көлемінде аталып өтілді. Осыған орай ұлы күйші туралы деректерді оқып отырып, бір қызықты жәйтке кезіктім. Ол былай.
         Дина 19 жасқа толғанда Нұрпейіс Мақатұлына тұрмысқа шығады. Бірде анамыз құжат алу үшін ауылдық кеңес кеңсесіне барады. Құжат толтырушы: «Фамилияңыз кім?» деп сұрағанда болашақ даңқты күйші күйеуінің атын атаған екен. Қазақ дәстүрімен атасының атын атай алмаған жас келін тегі ретінде күйеуінің атын осылай жаздырады. 1885 жылы Динаның аяғы ауыр кезде Нұрпейіс дүниеден өтеді. Қазақтың әмеңгерлік дәстүрі бойынша ол күйеуінің кіші інісі Нұралыға тұрмысқа шығады.
         Жалпы, әмеңгерлік ғұрпы ұлтымыздың тұлғалары саналатын талай тарланбоздардың тағдырымен де тоқайласып жатады. Мәселен, Құнанбай өзінен кейінгі інісі Құтпамбет (Құлмұханбет) қайтыс болған соң, оның атастырып қойған қалыңдығы Ұлжанмен отасқан. Құтпанбет пен Ұлжан жастай атастырылып қойылған екен. Алайда, Құтпанбет ерте қайтыс болып кетеді де Ұлжан «қыздай жесір» қалады. Егер інісі тірі болғанда Ұлжан келіні болар еді. Бұл кезде Құнанбайдың Күңке деген бәйбішесі бар-ды. Оның үстіне текті жердің қызы Ұлжанды тоқалдыққа әмеңгерлік жолмен алады. Осы некеден Абай туғанын бәріміз білеміз. Абай жақсы көретін інісі Оспан қаза тапқан соң оның әйеліне әмеңгерлік жолмен үйленеді. Мұны Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романынан исі қазақтың барлығы жақсы біледі.
         Бүгінде әрқалай айтылып жүрген «Қыз Жібек» жырында Төлеген өлген соң Жібек:
                   Өлгені Төлегеннің рас болса,
                   Іздеп келіп інісі неге алмайды?,-
деп  Сансызбайға наз айтатыны болмаушы ма еді!
         Әрине, фильм кеңестік идеологияның ықпалымен Төлеген өлген соң Жібектің суға кетуімен аяқталады. Шын мәнінде Жібек Сансызбайға ұзатылып, осы некеден бір қауым ел тарағанын зерттеушілер, ғалымдар жеріне жеткізе жазды.
         …Бұл оқиға осыдан біраз жыл бұрын болып еді. Достай шөп орып жүріп ұйықтап кеткен бе, тракторы аударылып, өзі қаза тапты. Жан жары Жұпаркүл еңірегенде етегі жасқа толып, бір баласымен жесір қалды.
         Арада жыл өткенде үлкендер Достайдың інісі Қостайға қолқа салды.
         -Ағаңнан қалған тұяқ қой. Жат болып кетпесін. Жұпаркүл әлі де уілжіп тұр. Әмеңгерлік жолмен жеңгеңе үйлен,- деді ақсақалдар.
         Бұл кезде Қостай әскерден азаматтық борышын өтеп келіп, екі иығын жұлып жеп, ұрынарға қара таппай жүрген еді.
         -Мені екі жыл күткен сүйгенім бар,-деді шорт кесіп.
         Үлкендер тосылды. Қостай көрші ауылдың сұлуы-Әсемді сол кездің дәстүрімен алып қашып келді. Ой, несін айтасыз, Әсем десе әсем-ақ еді жеңгеміз. «Е, мынадай ару тұрғанда ол Жұпаркүлді не қылсын!» дескендер де болды.
         Әсеміміз аққудай қалқып, қос бұрымы тізесіне түсе әкпішін иығына қойып бұлақ басына бұрала басып кетіп бара жататын. Ауылдың мұрты енді тебіндеп келе жатқан бүкіл бозбаласы аттысы атынан түсіп, жаяуы жатып бұраңбелге сұқтана қараушы еді.
         Қостай да ауылдан ұзамады. Автокөлік жүргізді. Ауыл көшесін шаңдатып, құйғытып өте шығатын оның көлігінің соңынан ұзақ қарап қалушы едік. Кеңшардың қысы-жазы науқандық жұмысы бітіп болған ба, ағамыздың үйге түнемейтін күндері де көп-ті.
         Не керек, бір күні Қостай мен Әсем арасында шу шықты. Ақыры екеуі ажырасып тынды. Абысын-ажындар аққудай Әсемді жүйелеп сөйлемесе де күйелеп жүрді. Оның жүріс-тұрысын сан-саққа жүгіртті. Біз ешнәрсе түсінбедік.
         Сыбай-салтаң Қостай көкеміз жүнжіп кетті. «Осылай жүре бересің бе? Қайтадан үйлен. Төсек жаңғыртып жүрген жалғыз сен емес» деген ақылмандардың сөзіне құлақ асқан жоқ.
         Осылай жүре берер ме еді, бір күні ол аудан орталығына барғанда Жұпаркүлге жолығып қалады. Құлдыраңдап жүріп қалған бауырын көріп, іші уілжиді, көкірегіне ащы өксік тығылып, екі көзі бұлаудай ісіп келеді. Сол күннен бастап Қостайдан маза кетті.
         Сарқыт анамыз соншалықты сұңғыла жан еді. Ұлының күйзеліп жүргенін сезіп, суыртпақтап сыр суырғанда бірталай жәйтке қанығады. Содан сандықтан біркиерін шығарып, Жұпаркүлді іздеп аттанады.
         Көп кешікпей Жұпаркүл жеңеше Сарқыт апамыздың босағасын келін болып қайта аттады. Ұлан-асыр той болды. Құлдыраңдап жүріп қалған Айболды үй іші болып аймалап сүйгенде елжіремеген жүрек қалмады.
         Қостай ағамыз бен Жұпаркүл жеңешеміздің татулығын менің апам жыр қылып айтып отырушы еді жарықтық.
         -Бұл не деген бақытты шаңырақ?-деп иіріп отырған ұршығын қоя салып жаңа бір әңгіме бастайтын.
         Жаратқан жеңгеміздің етегіне бере салған ғой, Қостай көкемізге жыл сайын бір перзент туып беретін. Үйелменді-сүйелменді балалар бірін-бірі жетектеп өсіп келе жатты.
         Бүгінде Айбол әулетінің үлкені. Қостай көкеміз келместің кемесіне мініп кеткен. Жұпаркүл ақ жаулықты әже. «Келін болып ақ босағасын аттаған шаңырақтың ұрпағың жалғастырдым. Ешқандай кемдік көрмедім» деп шүкіршілік етеді.
         … Мәлік қайтыс болғанда Нұрбике екі ұл, екі қызымен қалды. Бір күні ауыл ақсақалдары жиналып, Мәжиттің үйіне келді. Олар бұрыңғының жолымен «аға өлсе ініге мұра» қағидасын ұстанып, Нұрбикені Мәжитке әмеңгерлік жолмен қоспақ екен. Осы кезде Мәжиттің үйіндегі жеңгеміз Рахима қасарысып көнбей отырып алды. Әрі-беріден соң «кетемін» деп қиғылық салды. Оның оңайлықпен келіспейтінін білген ақсақалдар:
         -Мәжит балам! Бұл-бұрыңғы-соңғының жолы. Өлер ағаң өліп кетті. Енді олардың бала-шағасына сен бас-көз болуын керек. Рахима келін көнбесе көнбесін, бірақ жесіріңнің  ендігі басиесі өзіңсің, қарағым! Жесірің қаңғытпаған, жетімін жылатпаған ел едік, бауырларыңа ие бол,-деп кесімдерін айтып кетті.
         Мәжит қайтыс болған ағасының балаларына қолынан келген көмегін аяған жоқ. Бұл бірақ Рахимаға ұнамаған. Қызғаныштан ба, Нұрбикені көргенде кірпідей жиырылатын.
         Уақыт шіркін дөңгелеп өте шығады ғой, Нұрбике де, Рахима да белдері бүкірейген кемпір болды. Мәжит қаусаған шал. Алайда, екі үйдің де түтіні түзу шықты. Балалар жетімдік көрген жоқ. Мәліктің екі ұлын да Мәжит өзі аяқтандырды. Қыздары күйеуге шыққанда бас құда болып төрде отырды.
         -Мәжит құданың екі әйелі бар деп естуші едік. Шүкір, өсіп-өнген әулет екенсіздер,-десты қыз алған жақ.
         -Е, жастық шіркін не істетпейді? Жаман шалымды қызғанамын деп ағайын арасына іріткі сала жаздаппын. Кеш түсіндік қой. Бүгінде екі шаңырақ балалары бір отбасының перзенттеріндей. Бұрыңғылар босқа айтпаған ғой, «ерден кетсе де, елден кетпеу керек»,- дейді бүгінде Рахима әжей.
         -Дұрыс айтасыз, әмеңгерлік дәстүрі сол замандарда дұрыс болған да шығар. Бірақ, қазір заман басқа, заң басқа. Әмеңгерлікті көпшілік қабылдай қояр ма екен? Бұрын жесір әйел қамқоршысыз қалатын. Қазір үкіметтен көмек бар. Білімді жастар жұмыс істеп, балаларын өздері асырай алады. Ал, күйеуі жақтан көмек көрсетемін десе, олардың қолың кім қағыпты?-дейді отыз екі жастағы Зүбәйда (аты-жөні өзгертілді) атты келіншек.
         -«Жетім қозы маңырар, маңырар да отығар» дегенімізбен, әкесіз өскен ұл босбелбеу, жігерсіз болады. Сондықтан мұны келіншектер ескеруі тиіс. Қазір ажырасқан келіншектер уақытша демеушілер тауып алып жүр. Мұны өттері жарылып кетсе де айтайын, «ойнастық» дейді. Көңілдестің де кертілетін жері бар. Бетінің қызылы барда «жігіті» келгіштеп жүреді. Сосын ат құйрығын үзеді. Келіншек не күйеуге, не тіреуге ие бола алмай, жалғыз қалады. Сондықтан, неке мұсылмандық ғұрыппен болуы тиіс. Ислам дінінде төрт әйел алуға рұқсат бар. Неке қиылып, заңды ерлі-зайыпты болғанда ғана шата, қағай балалар дүниеге келмейді.  Біздің қасиетті дініміз некесіз үйленгендерді харам іске жатқызады. Олардың барар жері-тозақ,-дейді «Әл-Ислам» мешітінің имамы Аманкелді Тұрғымбаев.
         Шоқан Уәлиханов Жетісуда, Тезек төренің ауылында қатты сырқаттанып жатады. Ертеңгі күнінің бұлыңғыр екенін білген ол інісіне хат жазады. «Айсары менен кейін жалғыз қалады, оны бұл жерге қалдырмай, елге алып қайтыңдар, бар жүректеріңмен қуаныш беріңдер» делінген екен хатта. Кейін Шоқанның жылы өткен соң оның інісі Жақып Жетісуға жиырма бес кісімен барып, Айсарыны Сырымбетке алып қайтады.
         «Қыз он беске толған соң, шашынан көп жаласы» дегенді айтқан қазақ жесір әйелдің соңынан ерер жаман сөздің де көп екенін айтудай-ақ айтып кеткен. Сондықтан бұрыңғылар  жесір келін соңынан пышы-пышы әңгіме өрбітпей, баласына жетімдік тауқыметін тарытқызбай, тұрмыс салтына әмеңгерлікті енгізген. Қазақ хандығы тұсындағы «Жеті жарғы» да бұл дәстүрді мақұлдаған. Егер жеңге қайнысына шыққысы келмесе, оған қарсылық жасалмайды, бірақ жеңге алған інісі келін төркініне 9 мал беретін болған.  Жесір тұрмысқа шыққысы келмесе, ешкім бөгет жасамаған. Бірақ бөтен біреумен байланысы қатаң қадағаланған. Егер жесір басқа біреуге кетпек болса, бұған да тыйым жасалмапты. Алайда, болашақ күйеу жарының қыз күніндегі қалыңмалын толық төлеген.
         Біз өркениет көшіне ілесіп, қанша жерден дамыдық дегенімізбен, ата-бабалар дәстүрінен артық заң ойлап таба алғанымыз жоқ. Содан да болар, бұл дәстүрдің орны ойсырап тұр. Есесіне жетімдер көбейді. Өгей әке мен өгей шеше қорлығын көргендер азаймай тұр. Бүгінде әмеңгерлікті ескіліктің сарқыты деп ғана білеміз. Жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған ұлт даналығы әдірем қалып барады.
         Ұлт даналығының, даналар шешімінің барлығынан ескіліктің жолы деп қол үзе берсек, ертең мәңгүрт күйге түспейміз бе? Мені осы сауалдар алаңдатады.
         Сіз қалай ойлайсыз, әмеңгерлік айып па?..

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

МАМАНДЫҒЫМ – БОЛАШАҒЫМ

        ...

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕГІ ЖАСТАРҒА БЕРІЛГЕН МҮМКІНДІКТЕР

      Мемлекеттік ...

СЕРТ БЕРУ – ЖАУЫНГЕР ДӘСТҮРІ

        ...

2023 ЖЫЛҒЫ ҮЛГІДЕГІ, НОМИНАЛЫ 5 000 ТЕҢГЕЛІК БАНКНОТАЛАРДЫ АЙНАЛЫМҒА ШЫҒАРДЫ

        ...

ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ 28 МАУСЫМДА 2024 ЖЫЛҒЫ ҮЛГІДЕГІ ЖАҢА ДИЗАЙНМЕН НОМИНАЛЫ 10 000 ТЕҢГЕЛІК БАНКНОТАНЫ АЙНАЛЫМҒА ШЫҒАРДЫ

        ...

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДА ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР БАР

        ...

«JETISAI MARATHON – 2024» МАРАФОНЫНА МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҰРҒЫН ҚАТЫСТЫ

        ...

ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНДЫ

        ...

21 ЛЕТНЫЙ ТАЭКВОНДИСТ УЕХАЛ В США

Автор: НАЗИРА БУРХАНОВА,  журналист. ...

«МАҚТААРАЛ» КЕҢШАРЫНА – 100 ЖЫЛ!

Қазіргі Түркістан облысының Мақтаарал ...