Мақтаарал және Жетісай аудандарының құрметті азаматы, көп жылдар бойы ауданның экономика және қаржы саласына еңбегі сіңген Пердебек Салиевтің «Жүріп өткен жолдарым» атты кітабы жарық көрді.
Аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков, «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Досым Асабаев жазушыны арнайы құттықтап, жаңа кітаптың кейінгі буынға берер тәлім-тәрбиесі жөнінде сыр шертісті.
«Кітапты оқып отырып, бір адамның өмірі, жүріп өткен жолдары арқылы кешегі қоғамның, өткен күндердің тынысын сезінуге болады. Автор ата-баба шежірелерінің ғибратты сырларына тоқталады. Сонымен бірге, қазақи салт-дәстүр, имандылық тақырыбын қозғай отырып, оның мазмұнын ашу мақсатында ұлы тұлғалардың, ақын жазушылардың, мақал-мәтел, ақыл-өсиеттерінің маңызды дегендеріне орын берген. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі жаһандану заманында жастарға өте қажет кітаптардың бірі» – деді Бейсенбай Тасболатұлы.
Ал, Досым Асабаев аталған кітапта автор өткен кезеңдермен қатар бүгінгі заман жайында ой толғайтынын, кәсіби журналист немесе жазушы болмаса да өзінің жүріп өткен жолын әдеби тілмен көркемдеп жеткізгенін айтып, жаңа кітапқа жоғары баға берді. Сондай-ақ, зейнет жасындағы қарияға шығармашылық табыс тілеп, кейінгі буынға арналған өнелегі-өсиетті кітаптар жазуды тоқтатпау керектігін атап өтті.
Айта кетейік, ауданның өсіп-өркендеуіне, экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Пердебек Салиев 2020 жылы екі бірдей Мақтаарал және Жетісай аудандарның «Құрметті азаматы» атанған болатын.
Мақтаарал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.