ҚОСЖАН РУХЫ ҚАЛҒЫМАЙДЫ
Posted by: Қалмұрат
in Әдебиет, Қоғам, Руханият
25/02/2022
22 Views
Қазақтың көрнекті ақындарының бірі Қосжан Мүсірепов тірі болғанда биыл тоқсан жылдығын тойлап жатар еді. Алайда, қазақ түңіліп айтатындай, «жақсыда жүрім жоқ». Қосжан да небәрі отыз бес жасында мәңгілік мекеніне аттанып кете барды. Бірақ оның артында мол мұрасы- өлмес туындылары қалды. Бүгінде оның жұлдызды ғұмыры жыр болып айтылады, сыр болып төгіледі.
Иә, адам соңында іздеушісі болғанда ғана бақытты. Бұл жағына келгенде Қосжан шын мәнінде бақытты қаламгер. Оның атың өшірмей келе жатқан Қ.Мүсірепов атындағы әдеби бірлестік отыз бес жылдан бері ақынның жағып кеткен шамын маздатып келеді. Таяуда Қ.Мүсіреповтың тоқсан жылдығына орай мемлекет және қоғам қайраткері, бірінші шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, тұңғыш қазақ тілінде жазылған «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының авторы, 1997 жылғы «Жыл адамы», Ордабасы, Сарыағаш және Сайрас аудандарының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Әкім Ысқақтың «Менің Қосжаным» атты кітабы Елордамыздағы «Кәусар» баспасынан жарық көрді. Аталмыш кітаптың тұсаукесері Ордабасы ауданы мен Арыс қаласында өз дәрежесінде өтті. Міне, енді Шымкент қаласындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесі мен «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебі ұжымының ұйымдастыруымен тұсаукесер рәсімі үшінші мегаполисте өтіп отыр.
Бұл күні «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінің концерт залы көрерменге лық толды. Қосжан Мүсіреповтың өмірі мен шығармашылығы жайында баяндама тыңдалғаннан соң мерекелік шара кең тыныс алып, келушілерді жалықтырмай жалғасып кетті.
Түркістан облысының құрметті азаматы, Шымкент қаласындағы Абай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ұлықпан Бәшенов бастаған зиялы қайым өкілдері кітаптың тұсауын кесті. Қалың кітаптың айтар ойы да қалың болады. Жинақ қалың да мазмұнды екен. Сөзге шыққандар міне, осы жағың баса айтып жатты.
Кітаптың тұсаукесер рәсіміне Қосжан Мүсірепов атындағы әдеби бірлестігінің мүшелері-Сәбит Әбдірайымов, Кәрима Оралова, Темірғали Қуандықов, Базаркүл Қалбырова, Ғалымжан Зиябеков, Әсет Әссенди, Үрсұлу Әуелбекқызы, Жүрсінәлі Мырзахмет қатысты. Сондай-ақ Жамбыл облысы Сарысу аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Айтбала Жолмағанбетова, Алматыдан журналист Жанар Тұрмағанбетова, Түркістан қаласынан мәдениеттанушы, қаламгер Әлима Пошанова, Кентаудан композитор Жұпаркүл Бекшораева, Ордабасы ауданындағы Қ. Мүсірепов атындағы жалпы орта мектебі директорының орынбасары Зарина Пердешова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ғалия Әбілдабекова, ақынның туысы Гүлзира Кенжебаева, сондай-ақ журналист Сапарайым Кенжалиева кеш қонақтары болып, игі тілектерін жеткізді.
Тұсаукесер тамаша әнмен шымылдығын түрді. Танымал әнші Ажаркүл Жұмабекова Қосжан Мүсіреповтің сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Бақыттымын құрбылар» әнін нақышына келтіре орындады. Ән демекші, осы кеште композитор Әкім Ысқақтың үш әнінің тұсауы кесілді. «Бір адам бар» әнін Әйгерім Шерхан, «Телефонмен хабарласшы» әнін Тоғжан Үсенова, «Ордабасы» әнін Әйгерім Қиянбекова келістіре орындады. Ал, «Қосжан рухы» әнін Айдос Сұлтанбек бар бояуымен қанық жеткізді.
Жиналғандар тұсаукесер рәсімінен соң да тарқап кетпей, ақын, жазушы Қосжанның шығармашылығы қақында бірқатар әңгіме өрбітті. Иә, Қосжан рухы қалғымайды.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ
2022-02-25